12, 13, 14 наурыз күндері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Н.Мошинаның «Дүние-Ғапыл» метафизикалық драмасының премьерасы өтеді.
Бұл қойылым орыс драматургі Наталья Мошинаның «Свет» атты шығармасының желісінен алынған. Театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров аталған туындыны қазақ тіліне аударып, сахналамақ. Музыкамен көркемдеген және режиссердің ассистенті – Мекан Джумабаев. Ал бас хормейстер – Әлихан Ыдырысов.
Қойылымның жанры – метафизикалық драма. Метафизика – барлық нәрсенің арғы жағында көрінетін және көрінбейтін шындық. Аристотельдің пайымдауынша, ол – барлық ғылымдар үшін міндетті нәрселердің өзгермейтін және сезім мүшелерімен емес, оймен ғана жеткізуге болатын ең жоғарғы бастамаларын зерттейді.
«Дүние-Ғапыл» спектаклі – барша адамзатқа ортақ тақырыпты сөз ететін, адам өмірінің құндылығын алға тартатын туынды. Өмірдің түрлі-түсті, қызылды-жасылды қызығы да, әбігерге түсіп сенделіп, сандалып өткен күйбең тіршілік те бұл тақырыптың қасында маңызды еместей. Метафизикалық драма уақыттың қадірі, адамдық пен адалдықтың жолы, әр әрекеттің жауабы, әр амалдың сауабы сынды адамның ішкі дүниесіндегі маңызды мәдени, рухани құндылықтарға ден қоюға, оларды жүгендеп, игеруге итермелейді.
Онда Ғайыптың рөлін «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Аян Өтепберген, Абзал Арапов, Асқар Жұмабеков сомдайды. Маздақтың рөлін Оразалы Игілік, Ерназар Жаңатілек сахналамақ. Римманың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің жеңімпазы Самал Еслямова мен Ләйла Темірхан сомдайды. Жасынның рөлін «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов пен Дінислам Нұрмағанбетов ойнайды. Ал Сүйрік атты кейіпкердің рөлін Диана Асқар, Жансая Өмірбекова, Нұрай Рысбекова сахналайды.