• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Наурыз, 2021

Демократия мен дүбәра ұрпақ

646 рет
көрсетілді

Әкем мектепте тарих пен қоғамтану пән­дерінен сабақ берді. Содан да болар, үйде дастарқан басында саясат, демократияға қатысты әңгімелер жиі айтылатын. Бірде батыстық демократияға қатысты сөз өрбі­ген­де әпкем: «Демократия деген бетімен кету ме?» деп сауал қойғаны бар.

Үлкен-кіші демей, байыппен жауап беретін әкем: «Жоқ, қалқам, демократия деген – өте жақсы дүние. Бірақ не нәр­сені де асыра пайдаланудың зияны болады. Мәселен, мәдениеті мен тәрбиесі бар топы­раққа егілген демократияның жемісі жақсы жетіліп, тұтас қоғамдық игілікке айналады. Ал тамырынан тайып, жүлгесіне жүгенсіздік жіберуді сонымен жабуласа демократия бетімен кетуге де алып келеді», деп түсіндірген еді.

Осыдан 15 жылдай бұрын Бельгияға барған сапарымда бір жыныстылардың некелесуін көргенім бар. Соқталдай екі жігіт некесін қиып, оны туған-туыстары мен дос-жарандары құттықтап жатты. Бельгия парламентінде болғанымызда елде бір жыныстылардың некелесуі заңдас­тарыл­ғанын, енді сондай отбасылардың бала асырап алуы қарастырылып жатқанын білдік. Әр елдің заңы басқа деген – осы. Демократияның бетімен кеткені сондай, қайсысын әке, қайсысын шеше дейтінін білмейтін отбасыға бала асырап алуды заңдастырады екен, себебі олардың құқықтары шектелмеуі тиіс. Ал сонда баланың құқығы қайда қа­лады? Отбасының осындай моделін көрген баланың ертеңі не болады? Осыны заңдастырумен бала құқығына зиян тиер, оның дәстүрден тыс тәлім-тәрбие алуынан келешегіне нұқсан келмей ме деген ойға қалғанбыз. Дегенмен жат елдің мұнысы бізден аулақ болатындай көрінген. «Құлақ естігенді көз көреді» дегендей, Еуропа мен Америкада бір жыныстылардың махаббатын, құқығын қорғаймыз деп шеруге шығады, қыз бен қыз, жігіт пен жігіт ашықтан ашық мен сондаймын деп жарияға жар салады, сол жолда кәдімгідей күреске бел буады деген әңгімелер тек соларға тән тәрізді еді. Жоқ, жүлгесіне жүгенсіздік түскен, табиғатынан тыс дүниеге еліткен адасудың біздің елімізде де өркен жайғысы келетінін көрдік. Жағдайсыз, жайсыз ұрандарын оқығанда жаның түршігіп, иманың қасым болады екен. Демократия, толеранттылық дегеннің соңы жүгенсіздікті дәріптеуге әкелсе, ертеңіміз не болар?

Үлгі еткен Еуропаның қартайып бара жатқаны жер-жаһанға аян. Отбасылық құн­дылықтар өрден етекке түскелі бала туу азайып, Батыс Еуропада адам саны миг­рант­тардың есебінен ұлғайып жатқаны да бесенеден белгілі жайт. Еуропаның қай қаласынан да мультимәдениетті орта, яғни қытайлық, палестиналық, сириялық, н­игериялық, тағы басқалардың тұтастай аудан­дарын көру таңсық емес. Арзан еңбек күші үшін, әрі қартайып бара жатқан халықты жасарту жолындағы амалсыз болса да жасалған қадам. Құдай бетін аулақ қылсын, егер еліміздегі сорақы көрініс бас­тал­май жатып өшпесе, соңы не болатынын ойлау­дың өзі қорқынышты. Жеріңнің кең­дігіне қызыққандар үшін керегі де сол емес пе?

Қазақ әйелі осыған дейін қаншама рет ұлт алдындағы ұлы міндетін адал орындап, 10-15-тен бала тауып, жойылып кетердің аз-ақ алдында тұрған халықты талай аман сақтап, жығылайын деген туын тіктеп қалды. Бергі заманда да ала қабын арқалап отбасымен бірге ел экономикасының нығаюына үлесін қосты. Әлі де қосып келеді. Бірақ әйелдің отбасына тиын-тебен әкелемін деп ерімен қатар тынбай еңбектенуі, бала тәрбиесіне деген уақыттың аздығына алып келген жоқ па? Анасының титықтағанын көру, жасы жетпей қартайғанын көру әлі санасы қатаймаған балаға оңай ма? Өткенде жасөспірім қыз ата-анасы жұмысқа кеткенде өртке жанып кеткен балалар жайында әңгіме болғанда: «Неге бес бала туады? Олар өздерінің аз табыс табатынын, бастарында бас­панасы жоқтығын да біле тұра туды. Анасы түнде жұмыста, ертеңіне келген соң шаршадым деп жата ма, үйін жинайды, тамақ істейді, кір жуады және от жағатын үйде тұрады. Ол әйел, әрине, тым ерте қартаяды. Оның үстіне ақшалары жетіспейді. Ал соның бәрін біле тұра туу – жауапкершіліктің жоқ­тығы. Бір бала туып асырай ала ма, соны ғана тусын, ал ештеңесі жоқ болса тіпті тумасын. Сон­да не, туып-туып жағып жіберіп отыра ма?» дейді.

Жасқа тән максималистік көзқарас бол­ғанымен, жасөспірім ойындағысын айтты. Қоғамның бұрыс жолдан дұрыс жаққа бет алуында әйелдің отбасына оралуы маңызды дер едім. Әйелге бала тәрбиесіне дұрыс қарай алатындай жағдай туғызу, көп балалы отбасыны барлық жағынан демеу мемлекеттік маңызы бар мәселе дер едім. «Бір қозы артық туса, бір түп жусанның басы екіге айрылады» деген сөздің мағынасы қазір өзгергендей. Мемлекет отбасының әлеуетін арттырып, әйелді бала тәрбиесіне қайтарып, отағасының беделін қалыбына келтірмесе, сахараны сақтайтын ұрпақтан айырылу қаупі бар.