Әлемде адамға қауіпті жұқпалы аурулардың барлығына қарсы әзірленген вакцина жоқ. Ал вакцина тиімділігі 50 пайыз болса да, адам өз өмірін сақтап қалудан бас тартпауы керек. Екпенің көмегімен ауыр асқынулардың, мүгедектікке ұшыраудың, тіпті өлімнің алдын алуға болады. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева айтты.
Жұқпалы ауруларға қарсы вакциналау нәтижелі
«Халықты толық вакциналау нәтижесінде «ұжымдық иммунитет» қалыптасады, ауруды тасымалдау деңгейі төмендейді. Шешек қоздырғышымен қалай күрескенімізді еске алайық. Бүгінде планетаның 99,9% полиомиелиттен, ал Қазақстан безгектен арылды. Қызылша мен қызамық, паротит вирустарынан да түбегейлі құтылатын күн жақын», деді А.Қуатбаева.
Мамандар сондықтан да коронавирус инфекциясын жеңу үшін вакциналаудың қажет екенін айтады.
«Егер ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін жаппай вакцина салдырсақ, әрқайсымыздың Covid-19 пандемиясын тоқтатуға үлкен үлес қосқанымыз болар еді», деді аталған орталық директорының орынбасары.
Сонымен қатар алдын алу шараларын да ұмытпаған дұрыс: маска кию, арақашықтықты сақтау, адам көп жиналатын орындарға бармау немесе мүмкіндігінше шектеу, жеке гигиена шараларын, жөтел этикетін сақтау өте өзекті.
Жағдайы ауыр пациент көп
Бүгінде науқас саны азайғанымен, ауруханалардағы жағдайы ауыр пациенттер қатары өсуде. Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиеваның айтуынша, коронавирус инфекциясы созылмалы ауруларды асқындырады және оның ағзаға салдары ауыр. «Біз COVID-19 туралы көп нәрсе білгенімізбен болашақта SARS-CoV-2 коронавирусының жаңа әсері де байқалуы мүмкін», дейді ол.
SARS-CoV-2 коронавирусы суық және жылы мезгілге де төзімді. Сондықтан ауру тіркелгенде инфекциялық қауіпсіздік шараларын сақтауды жалғастыру қажет.
«SARS-CoV-2 коронавирусы тұмау вирусы сияқты мутацияға ұшырайды. Егер тұмауға қарсы вакцинаны мысал ретінде алсақ, онда өндірушілер әр 6 ай сайын вакциналардың құрамын уақытқа және аймаққа қарай тұмау штаммына байланысты өзгертеді. Егер SARS-CoV-2 вирусы маусымдық вирустар санатына ауысса, онда өндірушілер эпидемиялық белсенді штаммға байланысты Оңтүстік жарты шарда немесе Солтүстік жарты шарда вакцина құрамын өзгертеді», деді Л.Ералиева.
Яғни мутацияның жылдамдығы үнемі өзгеріп отырады және оған қарсы тұру жаңа дәрі-дәрмек пен вакциналардың қаншалықты тез пайда болуына тәуелді. Сондықтан мүмкіндігінше адамдар тезірек екпе салдырғаны абзал.
Онкологияға шалдыққандар қалай емделеді?
2020 жылдың қорытындысы бойынша республикада 100 мың тұрғынға шаққанда қатерлі ісікпен сырқаттану 173,5-ті құрады. Абсолютті түрде 32 526 жаңа жағдай анықталды. Сырқаттанғандар саны 11,4% төмендеді. «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы, еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова онкологиялық науқастарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау бойынша халықаралық сарапшылардың ұсыныстарын айтты.
«Онкологиялық аурумен ауыратын пациенттерді жағдайына қарай вакциналау қажет. Иммунсупрессивті науқастарда иммунитет қалыптасуы қиын болуы мүмкін екенін ескерген жөн», дейді NCCN, МСК, ASCO ұсыныстарын айтқан Д.Қайдарова. Сонымен қатар қазір вакцина екі рет салынатынын ескере отырып, онколог емдеуді бастау немесе жалғастыру мерзіміне қарай шешім қабылдауы керек. Әсіресе, бұл енді ем бастаған науқастарға қатысты. Мұндайда вакциналауды тек мРНҚ вакциналармен жүргізу керек. «Қалай болғанда да, мРНҚ-ны вакциналармен егу туралы шешімді онколог және мультидисциплинарлық топ қабылдайды», деп түсіндірді академик.
Шешім қабылдау кезінде пациент үшін қауіптер, жасы, жалпы жағдайы, қандағы лейкоциттер мен нейтрофилдердің деңгейі, пациенттің болжамы бағаланады. Мысалы, тек гормондық терапиямен ауыратын науқастар COVID-19 вакциналауына жатпайды. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер хирургиялық араласуға дейін немесе одан кейін вакциналанады. Қатты ісігі бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын (мүмкіндігінше) вакциналанады. Цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакциналанады. Хирургиялық емдеуге жіберілетін пациенттер хирургиялық араласуға дейін немесе одан кейін вакциналанады. Қатты ісіктері бар пациенттер мамандандырылған ем басталғанға дейін 2 апта бұрын (мүмкіндігінше) вакциналанады. Цитостатикалық ем қабылдайтын пациенттер қажет болған жағдайда ем аяқталғаннан кейін вакциналанады.
«Айта кету керек, қазіргі уақытта онкологиялық науқастарда COVID-19 туралы мәліметтер аз. Тірі вакциналармен вакциналау бойынша зерттеулер жүргізілген жоқ. Ресейде онкологиялық науқастарға Спутник V вакцинасы бойынша клиникалық зерттеулер енді ғана басталды. Қазақстандық вакцина бойынша деректер жоқ. Ең бастысы, әр пациентке жеке көзқараспен қарау қажет. Бұл ретте антиденелердің деңгейін тексерудің қажеті жоқ», деді Д.Қайдарова.