• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Наурыз, 2021

Ағартушылықты Алтынсаринмен бірге бастаған бесеу кім?

2919 рет
көрсетілді

1860 жылы Орынбор облыстық басқармасының (бұрынғы Шекаралық комиссия) төрағасы В.В. Григорьев далалық Торғай, Ырғыз, №1 форт (Арал теңізі маңындағы Райым бекінісі), Перовск (қазіргі Қызылорда) бекіністерінде және  шекара бойындағы Троицк қаласында мектеп ашу үшін Орынбор мекте­бінің 5 түлегін мұғалімдік қызметке аттандырады. Біз осы Орынбор мектебі туралы мерзімдік басылымдарда  алғашқы жазыл­ған мақалалардың бірі туралы сөз қозғамақпыз. Себебі ондағы деректер көпшілікке және алтынсаринтанушыларға аса таныс емес.

Орынбор басқармасы Торғайға – Ыбырай Алтынсаринді, Ырғызға – Шахмұрат Құлы­бековті, Троицкіге – Нұрым Мұңсызбаевты, №1 фортқа, яғни Арал теңізі маңындағы Райым бекінісіне – Жолмұхаммед Байжановты, Перовскіге  Халилула Құнановты жібереді. Ал М.Бахтияров Орын­бордағы мектепте қалады.

1861 жылдың 1 қыркүйегінде Троицкі қаласында тұңғыш орыс-қазақ мектебі ашылады. Оның ашылу рәсіміне В.Григорьевтің өзі арнайы барып қатысады және мектеп туралы мақала да жазады. Далалық өлкедегі орыс-қазақ мектеп­терінің тарихы осылайша басталды.

Көрнекті қайраткер-ағартушы Ы.Алтын­сарин 1850 жылы ашылған оқу мерзімі 7 жыл, құры­лымы 4 кластан тұратын Орынбор мектебінде оқығаны белгілі. Ол – аталған мектептің 20 оқушыдан тұратын алғашқы түлектерінің бірі. Олар мектептен кейін Ресей әкімшілігінің далалық өлкені бас­қару жүйе­сіндегі қызметтерге тартылды.

Орынбор қаласында қазақ балаларына арнайы ашылған орыс мектебінің жалпы тәртібі 1844 жылы қабылданған «Орынбор қазақтарын басқару ережесінде» бекітіледі. Ашылу тарихы ұзақ жылдарға созылған Орынбор мек­тебі Ресей империясының құра­мындағы бөгде жұрттардың әлеу­меттік мәселелерін шешу жо­лын­дағы үлкен жетістік ретінде бағаланды. ХІХ ғасырдағы басылымдар мек­тептің маңызын осылай бағалады.

1852 жылы Орынбордың тумасы, суретші А.Ф.Чернышев мек­тепте болып, оның жұмы­сымен танысып, 1853 жылы орталық газет­тердің бірінде «Школа для кир­гизских детей в Оренбурге» деген атпен мақала жариялайды. Автор Орынбор мектебінің ор­наласқан мекенжайын, оның ал­ғашқы ашылу тарихын, күн тәртібін, оқушылардың хал-жағ­дайын баяндайды, оқу ор­ны­ның атқарып отырған жұмы­сы­на таңданыс білдіріп, оны риза көңілмен сипаттайды және мек­тептің ішкі көрінісі мен оқу­шы­ларын қылқалам бояуына арқау етеді.

Сонымен қатар суретші Орын­­бордағы мектепте оқып жүрген оқу­шылардың мерекелік, жаздық, жаздық-көшпелі, қыстық, қыстық-сыныптық киімдерін көрсету мақ­сатында бес баланы суретке салады. Автор олар туралы былай дейді: «Өздері бір ғажап балалар: ұқыпты, сүйкімді, байсалды, олар өзге азиаттықтар сияқты сал­мақты қозғалады, құдды бүкіл адам­затқа тән данышпандықты бой­ларына сіңіріп алған сияқты; кейін бұлардан қандай жеміс күтуге болады? Сіздер менің бала­ларға қарап отырып өз қолыммен салынған суретте бес данышпанды көріп отырсыздар».

А.Чернышев «Бес данышпан» деген 5 шәкірт мектепке алғаш қабыл­данған 30 бала арасынан таңдалып алынғаны анық. Бізді мазалайтын сауалдың бірі – суреттегі бес ұлдың біреуі Ы.Алтынсарин болуы әбден мүмкін екендігі. Өйткені ол мектепке қабылданған күннен-ақ пысықтығымен, елгезектігімен көзге түседі, оқуды үздіктер қата­рында тәмамдайды. Өзін ауыл­дан қалаға оқуға алып келген Жетібай Өтемісовті Орын­борда қалдыруға Шекаралық комиссия төра­ғасына өтініш айтып, оны мектеп жанында қалдырады. Ж.Өтемісов 7 жыл мектепте бала­лардың тәрбиесін қадағалауға көмектеседі. Суретте кескінделген балалардың ішінде қай­сысы Ы.Алтынсаринге ұқсай­тынын немесе оның жоқтығын кәсіби суретшілер анықтай алады деп сенеміз. Себебі Ы.Алтын­сариннің кескіні біздерге фотосурет арқылы сақталып жетті.

А.Чернышевтің «Бес даныш­паны» қата­рында, бәлкім, Ы.Ал­тын­саринмен бірге мектепте оқыған, кейін түрлі қызмет атқар­ған Ш.Құлыбеков, Н.Мұң­сызбаев, М.Бахтияров, Ш.Көшер­баевтар бар шығар? Кім білген?

1857 жылы Шекаралық комиссия әкімшілікте аудармашылық жұ­мысқа машықтануды игеруге және мектепке қабыл­дану­шылардың оқуына көмектесуі үшін мектептің үш түлегін – Ш.Құлы­беков, Ш.Көшербаев, М.Бах­­тияровты Орынборда қал­дырады. 1858-1860 жылдары олар әкімшілік тапсырмасымен Шекаралық комиссияға аудармашы болып қызмет жасаған Н.Ильминскийге орыс тіліндегі іс қағаздарын қазақ тіліне аударуға, мектептің жұмысымен танысуға, қазақ фольклоры үлгілері мен қазақ тілінің лексикалық сөздік қорын  жазып алуға көмектеседі.

Н. Ильминский әкімшілік жанында көмек­шілікке қалған түлек­тердің бірі – Мерғали Бах­тияров туралы былай  деп жазады: «Мен бұл бозбалалардың көмегімен қазақ мектебімен таныстым. Мек­тепке өзінің кезекшілігінде Бақ­тияров алып келді. Ол өте сымбатты, пысық, шашы қап-қара, қазақы пішінді жап-жас жігіт еді. Гимнастиканы жақсы жасайды әрі шебер биші,  скрипкада да керемет ойнайды – осының бәрін ол өз бетінше үйренген».

Н.Ильминский 1859 жылдың қыс айларында Марабай ақынды Орынборға алдыртып, Шахмұрат Құлыбековтің көмегімен «Ер Тар­ғын» жырын жазып алады. Кейін ол жыр баспа бетінде жарияланып, қазақ даласының бір түпкірінде ашылған мектептердің оқу үрдісіне қосымша кітап ретінде пайдаланылады. Сонымен қатар Н.Ильминский Орынбор кезеңіндегі жинаған материалдарын негізге ала отырып, қазақ тілі бойынша зерттеу жұмысын жа­зады.

Түйіндей келгенде, далалық өлкеге ұстаз­дық етуге суреттегі «бес данышпан» аттанды ма, әл­де жоқ па, ол маңызды емес. Маңыз­дысы – оның бүгінгі тарихи танымдағы рә­міздік сипатқа ие болған мазмұнында деп ой­­лаймыз.

 

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы