• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Наурыз, 2021

Ауыз сумен қамтудың ауқымы кеңейді

735 рет
көрсетілді

Тұрғындарды ауыз сумен қамту Сыр бойындағы шешімін тапқан басты мәселелердің қатарында тұр. Орталықтармен қатар шалғайдағы елді мекен тұрғындары да судан зәрулік көріп отырған жоқ. Өткен айда ел алдында берген есебінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақ тұрғындарының 97 пайызы орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылғанын айтып өткен еді.

Облыс орталығы тұрғындарына «Қызылорда су жүйесі» МКК қызмет көрсетіп келеді. Қазір коммуналдық мекеме теңгерімінде ұзындығы 915 шақырымнан асатын ауыз су желісі бар. Қала ауқымы жыл санап ұлғайып келе жатқандықтан 2006-2018 жылдар аралығында түрлі бағдарламалар аясында 596,8 шақырым ауыз су жүйесі жаңадан салынып, 219 шақырымы қайта жаңғыртылған. Енді кварталішілік 219 шақырым желіні жаңартуды көздеп отыр.

– Облыс орталығындағы көп қабатты үйлерге жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары біздің ісіміздің де алға басуына сеп болып отыр, – дейді «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Марат Жәмиев.– Бұрын жоғары қабатқа су көтерілуі қиын еді, атмосфералық қысымды 2,2-ге жеткізу арқылы бұл мәселені шештік. Биыл оны тағы да көтеру жоспарланып отыр.

Көп жылдар бойы облыс орталығындағы басты проблеманың бірі ауыз су сапасы болып келді. Сырдария өзенінен алынған кермек судың санитарлық нормаларға сәйкес келмейтіні де аз айтылған мәселе емес еді. Осыдан 6 жыл бұрын «Қызылорда қаласындағы ауыз су және кәріз жүйелерін, ғимараттарын қайта жаңғырту және кеңейту» жобасы негізінде «Дала» су тоғанының құрылысы жүргізілді. 20 су бұрғылау ұңғымасы салынды. Облыс орталығына дейін су жүйесі тартылып, бірінші және екінші сорғы стансалары, 2 мың текше метрлік 4 су қоймасы пайдалануға берілді. Осы арқылы 2015 жылдан бері қалалықтар 420 метр тереңдіктегі «Қызылжарма» жерасты қорының таза ауыз суын пайдаланып отыр. Мамандар болжамынша, оның қоры 25 жылға жетеді. Мекеме зертханасында су сапасы ұдайы тексеріліп отырады. Қаладан 10 шақырым жердегі Тораңғыл сай учаскесінде де жерасты су қоры бар. Бірақ ол әлі жеткілікті зерттеле қойған жоқ.

Қала тұрғындарының 50 пайызына Тасбөгет кентіндегі бас тоған арқылы су жеткізіліп отыр. Жаңадан бой көтерген аудандарда да тоғандар мен ұңғымалар салынған. Осыдан 3 жыл бұрын ауыз судың 1 текше метрі 69,2 теңге еді, қазір 44, 9 теңгеге түсті.

Былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында мекеменің салынғанына жарты ғасырдан асқан ғимаратын жөндеудің реті келді. Су жүйесінің өндірістік-техникалық базасы жаңғыртылды. Мекеме ауласы асфальтталып, цех пен гаражы қалыпқа келтірілді. Тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты сауалдарын қабылдауға арналған диспетчерлік бөлім құрылды. Енді мекеме мамандары бұрынғыдай үй-үйді аралап, қарыз жинаумен айналыспайды. Берешегіңіз болса қоңырау шалады не болмаса хабарлама жазу арқылы ескертеді.

– Жақында мекемеден жөндеу орталықтарын аштық. Бұрын қыруар ақшаға сырттан адам жалдап келсек, енді қолда бар техниканы, электр құрылғы жабдықтарын өзіміздің мамандар жөндейді. Бұл қаржы үнемдеуге, керекті салаға қаражатты жеткілікті бөлуге мүмкіндік туғызып отыр, – дейді Марат Шахматұлы.

Қарыз демекші, мекеме үшін қазір басты мәселе төлемақының жиналуы болып отыр. Қазір тұрғындардан ай сайын орта есеппен 100 млн теңгедей түседі. Жұмсалып жатқан су мен жиналған қаржыға қарасаңыз, едәуір айырмашылықты байқайсыз. Олай болатыны қала бойынша мыңдаған абоненттің үйінде су есептегіш құралы әлі орнатылмаған. Көп тұтынушының үйіндегі осындай құрылғының пайдалану мерзімі өткен. Ал олардың үйіне кіріп, есептегішін тексеру мекеме мамандары үшін оңайға соқпай отыр. Тексерушілерді табалдырықтан әрі аттатпайтын тұрғын көп. Осыдан келіп мекеме өз қызметкерлеріне жалақыны кешіктіріп төлеуге мәжбүр.

Қазір қалаға күн сайын 40 мың текше метрге дейін су беріліп отыр, жаздың күндері бұл екі есеге дейін артады. Қаладағы ирригациялық жүйелер бұзылғандықтан күн жылына есік алдындағы бау-бақшасын ауыз сумен суаратындар көп. Олардың көпшілігі қосымша желі тартып алатындар, арасында есептегішке магнит қойып, көрсеткішті кері айналдырып алатындар да жоқ емес. Мекеме арнайы құрылғылар арқылы осындай тұтынушыларды анықтап та жатыр. Бұл да қала халқын сумен қамтуға кесірін тигізіп отырған құбылыстың бірі.

Осыдан 4 жыл бұрын облыстағы оқшау ауыз сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етілген 87 елді мекеннің ауыз сумен жабдықтау жүйелерін «Қазсушар» РМК «Арал» салынып жатқан кәсіпорындар біріккен дирекциясы филиалы теңгеріміне беріп, елді мекендерде ауыз сумен жабдықтау және сарқынды суларды бұру бойынша бірыңғай оператор құру қолға алынған болатын. Осы өзгеріске сәйкес қазір қалаға кіретін 14 елді мекенді осы мекеме ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Қараусыз қалған оқшау су көздерін қалыпқа келтіру, тарифін бекітуден басталған жұмыс нәтижесі көп ұзамай көріне бастады. Қала әкімдігі кейбір су тоспаларын қалыпқа келтірді. Бірқатар ауылдарда жаңадан салынды. Аяқталған құрылыс филиал теңгеріміне беріліп, шаһар маңындағы жұртты сумен қамту жүйеге түсті. Қазір ол ауылдардың барлығына тәулік бойына үзіліссіз су жеткізіліп тұр.

Қала маңындағы ауылдардағы 108 шақырым су желісі осы мекемеге қарасты. Бұл елді мекендерде 21 ұңғыма, 7 су тоғаны бар. Ауылдағылар үшін ауыз судың 1 текше метрі 30 теңгенің төңірегінде, қалғаны мемлекеттік субсидия есебінен өтеліп отыр. «Арал» СЖҚБД филиалы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті арасында жасалған келісімге сәйкес су сапасы айына 2 мәрте тексеріледі. Оның барысында ұңғымадан, желіден және үйден су алынып, сараптамадан өтеді.

– Біз үшін басты мәселе – жаз айларында тұтыну деңгейінің күрт өсуі болып отыр. Әрине, тариф арзан болғандықтан тұрғындар су бағасын есептегіш бойынша төлейді. Бірақ солай екен деп бей-берекет пайдалануға болмайтынын айтудай-ақ айтып келеміз. Қала ғана емес, аудандардың көпшілігінде осы көрініс алдыңыздан шығады. Үй иелерімен де сөйлескен кезіміз көп. Бірақ әзірше нәтиже аздау болып тұр, – дейді «Арал» салынып жатқан кәсіпорындар бірлескен дирекциясы филиалының директоры Алтынбек Есенов.

Ауыз су – көпке ортақ игілік. Ал оны ысырап ету ырыстың жұты екенін ұқсақ керек-ті.