• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Наурыз, 2021

Береке басы – Наурыз, қазына құты – Тайқазан

1648 рет
көрсетілді

Халқымызға қайта оралған әз-Наурыз мерекесінің жалпыұлттық деңгейдегі мейрам ретіндегі ресми мәртебе алғанына да міне, 30 жылдың жүзі болды. Осыдан тура 30 жыл бұрын, 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шығып, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.

Наурыз қалай оралды?

Жарлықта «Халық депутаттарының жергілікті советтеріне климаттық жағдайларды ескере отырып халықтық мереке – Наурыз мейрамын өткізу күнін өз бетімен белгілеу ұсынылсын; республика жұртшылығының 1991 жылы наурыздың 16-сы мен сәуірдің 16-сы аралығында «Табиғат жарасымы» айлығын өткізу жөніндегі инициативасы қолдау тапсын» деп көрсетілген болатын. Бұл Жарлық «Социалистік Қазақстан» газетінің 15 наурыз күнгі санында жарияланғаны белгілі.

Осы арада сәл шегініс жасап, Наурыздың қалай оралғанына аз-кем тоқталып өтсек. Қазақ халқының өмір салтында зор маңызы бар Наурыз мейрамын жүйелі атап өтуге деген алғашқы ресми қадам 1920 жылы жасалған екен. Айталық, Түркістан Республикасы атқару комитетінің төрағасы Тұрар Рысқұлов 1920 жылы «Наурыз» мерекесін тойлау туралы бұйрық шығарса, жазушы Бейімбет Майлин 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің 22 март (наурыз) күнгі санына: «Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде, Құтты болсын наурызың, Жаңа тілек, жаңа жыр, Самарқан тасы еріген, Наурыздың тойы бұл» деп жырмен шашу жолдаған екен.

Сол сияқты, Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 22 наурыз күнгі санына «Наурыз туралы» деген тақырыпта шағын мақала жариялап, онда: «22 март – Наурыз мейрамы. Мұны Күншығыс халқы тегіс мейрам қылып өткізу салты болған. Коммунист жолдастар «дін мейрамы» деп сопысынып жақтырмайды. Олай емес. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам» деп жазады.

Бұл жазбалардан біз қазақ оқығандары наурыз мейрамын жалпыхалықтық мереке етуге ұмтылғанын аңғарамыз. Бірақ 1926 жылы бұл мейрамға комму­нистік көзқарас тарапынан «ескінің сар­қыншағы» деген үкім айтылып, тойлау тыйылған болатын.

Бірақ халықтың санасында сақталған ғұрыптық мейрам тоқыраудың тоңы еріген жылдары қайтадан жаңғырды. Аталған мерекенің ұлы дала төсіне қайта оралуына еңбек сіңірген тұлғаның бірі – қайраткер-ақын Мұхтар Шаханов өзінің естелігінде: «1988 жылы Ұлыс мейрамын мемлекеттік дәрежеде тойлау мәселесімен сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Генадий Колбинге кірдім. Ол мені мұқият тыңдады. Бұл мәселені бюрода қарамай шеше алмайтынын жеткізді. Содан талқылау барысында бюро мүшелерінің екеуі ғана мені қолдапты. Олардың бірі – сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – ОК-ның идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екен. Ұсынысым өтпей қалған соң бірінші хатшының қабылдауына қайта бардым. Әрі-бері ырғасып, ақыры оны көндірдім. Осы арада Колбин ақшаның жоқтығын алға тартып тағы қисайды. Міне, осы сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен азаматтық танытып, үкімет бюджетінен қағыстырып, қаржы тауып берді. Соның арқасында Алматыдағы Горький атындағы саябақта толағай той болды. Артынша бүкіл еліміз төл мерекесімен табысты» дейді.

Сөйтіп 1988 жылы республика көле­мінде қадау-қадау жерлерде Наурыз мейрамы атап өтілсе, 1989 жылы жаппай халықтық мерекеге айналып, Қазақ­станның барлық облысында тойланды. Осылай жалпыхалықтық мейрамға айналған құтты мерекеге қатысты 1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығы шығып, «Наурыздың 22-сі – халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.

 

Тайқазан тұғырына қонған күн

Шығыс күнтізбесі бойынша 12 жыл­дың бірі – жылан жайлылығымен ерекше. Мысалы, тоқыраудың тоңы еріп, жылымығы жайылған 1989 – Жылан жы­лында, әуелі берекенің басы – Наурыз оралса, осы жылдың күзінде, яғни 18-ші қыркүйек күні – қазынамыздың құты Тайқазан өзінің ежелгі тұғыры Түр­кістан шаһарындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жайғасты.

Бұл шара аса үлкен рухани-тарихи құбылыс ретінде елдің еңсесін көтеріп, жұрттың жүрегін жадыратты. Осы оқиғаның басы-қасында болып, қасиетті қазынаның тұғырына қонған сәтін көзімен көрген «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің Шымкент облысындағы меншікті тілшісі А.Жолдасбеков газеттің 1989 жылғы 30 қыркүйек күнгі санына «Қайта оралған қастерлі дүние» атты мақала жариялапты. Онда: «Қасиетті Тайқазан араға 54 жыл салып қара жұртына қайта оралды. Қазанды көру үшін Қоқан, Ән­дижан, Самарқант сияқты қиырдағы қа­ла­лардан ат арылтып келген ағайындар мен Түркістан қаласының тұрғындарын бұл іс шаттыққа бөледі. Халық қазанды Ленинградтан алып келе жатқан 67-89 нөмірлі «КамАЗ» машинасын атшаптырым жерден тосып алды. Сол сәтте бұдан алты ғасыр бұрын, яғни 1399 жылы Абдель Азиз шебердің басшылығымен құйылған қазанның ернеуінен тағылымы шексіз тарихтың терең сырлары лықсып төгілгендей болды. Жеті түрлі металл қоспасынан құйылған, биіктігі 170 сантиметрге жуық, ернеу диаметрі 2,60 метр, салмағы 2 тонна, қазанның сырты қиял жетпес айшықтармен өрнектеліп, оған «Адамды сыйла, адамгершілікті әз тұт» деген ғибрат жазылған. Тайқазан қуатты кран, жүздеген қолдың қаумалауымен жерге түскенде, қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер оған тағзым етіп, ақ жаулықты әжелер тұс-тұстан ша­шу шашты. Ұзақ жолды небәрі төрт күнде жүріп өтіп, қазанды келер мерзімінен екі күн бұрын жеткізген шопырлар Ш.Ер­кінбаев пен М.Жолымбетов және милиция сержанты Б.Сандыбаевқа ел ықыласы ерекше» деп тарихи көріністі шынайы суреттепті.

Осы орайда бұл жәдігер қалайша Ленинград асып кетті, оны қайтарып алу үшін қандай жұмыстар жүргізілді деген сұрақ туары анық. Бұған дейін атал­ған тақырыпты қаузаған мақала, сұхбат, т.б. көп жазылды. Соның ішінде 2017 жылы 24 ақпан күні «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған, журналист Қорғанбек Аманжолдың Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан Назаровпен жүргізген сұхбатында жо­ға­рыдағы сұраққа нақты жауап бар.

Газетте жазылған дерекке үңілсек, 1935 жылы 11-16 қыркүйек аралығында Эрмитажда «Иран өнері мен археологиясы» атты ІІІ халықаралық Конгресс өтіп, оған Аустрия, Англия, Ауғанстан, Германия, Голландия, Дания, Иран, Испания, Палестина, Польша, Сирия, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Чехословакия және Швеция барлығы 18 елден 188 делегат қатысқан екен. Осы басқосу кезінде үлкен көрме ұйым­дастырылады. Оған Эрмитажда тұр­ған керемет жәдігерлермен қатар, Әзер­­­байжан, Армения, Грузия, Қазақ­стан, Түрікменстан және Украина му­зей­лерінен экспонаттар қойылды. Осы шараға Ленинград мұражайы Түркістанда тұрған тайқазанды алып кетеді. Құжат бойынша қазанды көрмеге уақытша қою үшін алғаны жайлы құжат сақталса да, құнды дүниеге бауыр басқан ресейлік ағайындар қазанды қайтарғысы келмей ұстап қалған. Сөйтіп еліміз тәуелсіздікке ұмтылған жылдары ынталы тұлғалардың атсалысуымен «Тайқазанды қайтару» мәселесі көтеріледі. Бұл іске мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібеков пен сол тұста «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей директоры Нұрмахан Назаров бас­тамашы болғаны анық.

Аға буынның есінде болар, КОКП Орталық Комитеті 1985 жылы сәуір айын­дағы пленумында одақтас респуб­ликалар халықтарының төл тарихына, ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне жол ашқаны бар. Осы шешімді алға ұстаған ынталы топ Одақ басшылары­на Эрмитаждағы қазанды қайтару жө­нінде қоғам, әдебиет және өнер қайрат­керлерінің қолдары қойылған хаттар жөнелте бастайды. Ол хаттар КОКП бас­шылығына, КСРО Жоғарғы Кеңесіне елімізден сайланған делегаттар мен депутаттар арқылы тапсырылып жатты.

Соның бірі – 1989 жылдың 6 шілдесі күні Қожа Ахмет Ясауи мавзо­­лейі ұжымының атынан, КСРО халық де­путат­тарының съезіне жедел­хатта: «Мәскеу. Кремль. Халық депутаттарының съезі. КСРО Жоғарғы Кеңесі төр­ағасының бірінші орынбасары А.Лукьян­ов жол­дасқа. Екі мың жылдық тарихы бар ежелгі Түркістан қаласының ең­бек­ші­лері Эрмитаждағы Тайқазанды өзі­нің нағыз иесіне, Қожа Ахмет Ясауи музейіне қайтаруды өтінеді» делінсе, Қазақ КСР депутаттары Н.Назарбаев, О.Сү­лейменов, М.Шахановтың атына да аталған мәселеге ықпал ету жайлы жеделхат жолданды. Осыдан дәл жиырма сегіз күн өткенде КСРО Мәдениет министрі В.Захаровтың Тайқазанды Түркістанға қайтару туралы бұйрығы шықты.

Қазан қайтару мәселесінің басы-қасында жүрген Нұрмахан Сейсенұлы өзінің естелігінде: «Сол кездерде көп жылдардан бері орындалмай қапалы еткен халқымыздың аманат-арманын іске асыруға болашақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса зор жәрдем-шарапаты тигенін айрықша атап айтуға тиіспін» («Egemen Qazaqstan». Тайқазан елге тәуелсіздік қарлығашы болып оралып еді. 24 ақпан, 2017 ж.) деп жазғанынан құнды мұраның қайтарылуына Нұрсұлтан Әбіш­ұлының зор ықпалы болғанын аңғарамыз.

Осылайша ұлт тарихында үлкен орны бар Тайқазанның оралуымен, марқұм академик Өмірзақ Айтбаевтың сөзімен айтқанда, еліміздің ырысы, дәулеті болып қайта келді. Сонымен бірге қазақтың бүкіл қасиеті оралды деуге болады. Қасиетті Тайқазан тұрған Түркістан қала­сы қазір түркі әлемінің мәдени астана­сына айналып келеді. Ендеше, ежелгі ошағына қонған құтты қазынамыздың іргесі бүтін, түтіні түзу болғай!