Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылғы есеп бойынша елімізде жалпы саны 253 мұражай тіркелген. Оның көп бөлігі тарихи, өлкетану, мемориалдық немесе өнертану салаларына тиесілі. Ал әдеби музей-үйлердің үлесі, салыстырмалы түрде алғанда, тым аз. Республика бойынша 20-30-дың айналасында ғана.
Абай қорық-музейі көш бастап тұр
Уақыт өткен сайын қатары кеміп бара жатқан өнердің һәм әдебиеттің осы бір рухани ордалардың жай-күйі бүгінгідей цифрлы даму кезеңінде қай деңгейде? Ұлт әдебиеті классиктерінің шығармашылық лабораториясын жаңа заманға бейімдей алып отырмыз ба? Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі санаулы музей-үйлердің тыныс-тіршілігіне үңіліп, бірқатарына шолу жасап көрдік. Өзекті мәселелері де жоқ емес.
Мұражай қазақтың ұлы жазушысы, академик М.Әуезовтің ұсынысы бойынша Абайдың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, 1940 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесiнің 1 сәуiрдегі қаулысы негізінде құрылып, сол жылы 16 қазан күні мереке қарсаңында ашылған. 1940-1944 жылдары Бекбай Байысовтың үйінде болған музей 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың үйіне қоныс аударады. Бұл екі үйдің Абайға тікелей қатысы бар: ақын 1875-1904 жылдары Семейге келгенде осы үйлерге түсіп жүрген. 1967 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында мұражай қаладағы сәулет ескерткіштерінің бірі саналатын, ұлы ақын өмір сүрген дәуір үлгісімен салынған көпес Роман Ершовтың үйіне көшіріліпті.
1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылады. Айта кетейік, қорық-мұражай – еліміздегі республикалық статусы бар жалғыз әдеби музей болып саналады.
Әдеби-мемориалдық музейден республикадағы ірі қорық-музейдің біріне айналған мұражайдың жалпы аумағы 6400 га құрайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл, әрине Лев Толстойдың әлемге мәшһүр Ясная Полянасынан (412 га) бірнеше есеге көп. Қорық-музей құрамында Семей қаласы және Шығыс Қазақстан облысының Абай және Үржар аудандарында орналасқан 8 музей бар. Атап айтсақ, «Ахмет-Риза мешіт-медресесі», «Алаш арыстары – М.Әуезов музей-үйі» (Семей қаласында), «М.Әуезов музей үйі» (Бөріліде), «Абай музей-үйі» және «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені, «Шәкәрімнің саят қора экспозициясы» (Жидебайда), «Көкбай Жанатайұлының музейі» (Тақырда), «Шәкір Әбенұлының музей-үйі» (Құндыздыда), «Әсет Найманбайұлының әдеби музейі» (Мақаншыда).
Еске сала кетейік, былтыр 15 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай музейінің жаңа экспозициясын ашқан еді. Сонда ел Президенті: «Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы», деді.
Мұражай-қорықтың директоры Тұрдықұл Шаңбай атқарылып жатқан ғылыми жұмыстарды атап өтті. «Музей бес тараптан тұрады: хакім Абай, данышпан Шәкәрім, кемеңгер Мұхтар, Абайдың ақындық мектебі және Алаштың алыптары. Осының бәрі жинақталып келгенде үлкен мәдени кеңістікті құрайды. Былтыр Мемлекет басшысының қолдауымен мол қаражат бөлініп, сол қаржыға құрылыс, реставрациялау, музейлендіру және ғылыми-танымдық жұмыстар жүргізілді. Ел Президенті «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абайдың музейі ғылыми-танымдық орталыққа айналу керек», деді. Осы мақсатта біз ғылыми концепция дайындап, 100 томдық «Абайтану мәселелері» сериялық ғылыми жинағын құрастыруды қолға алдық. Оның алғашқы 5 томы былтыр жарық көрді. Сондай-ақ Қазақстанда ешқашан музейге арналған энциклопедия болмаған. Біз «Абай музейі энциклопедиясын» дайындап, аяқтауға таяп қалдық.
Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «М.Әуезов және Алаш алыптары» музей филиалына қосымша қаржы бөлініп, құрылыс жөндеу, реставрациялық жұмыстар жасалынбақ екен. Ал мұражай-қорықтың артықшылығы – Музейлердің Халықаралық кеңесінің (ИКОМ) талабына сай халықаралық деңгейде музейфикация жасалуында. Яғни қонақтар аудиогид арқылы үш тілде экспонаттармен таныса алады.
Әуезов музей-үйіне күрделі жөндеу жүргізіле ме?
Еліміздегі әдеби музей-үйлердің ішіндегі ең іргелісі саналатын һәм 1963 жылы құрылған мұражай М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының құрамында ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде жұмыс істейді. Штатта шаруашылық қызметкерлерінен бөлек, 5 ғылыми қызметкер бар. Ғылыми кадрларға тоқталсақ, филология ғылымдарының докторлары Айгүл Ісмақова, Гүлзия Пірәлиева, филология ғылымдарының кандидаттары Ермек Қайныкей, Кеңес Рахымжанов және музей жетекшісі Дияр Қонаев.
Қазіргі уақытта музейдің ғылыми әлеуеті тәуір болғанымен, материалдық жағдайы қиындап тұр. Ширек ғасыр бойы мұражайға күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған. Соңғы рет Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы кезінде, яғни 1995-1996 жылдары толық күрделі жөндеуден өтіпті. Ал қазір музей-үйдің шатырынан су кетеді, жылу жүйесі мен электр жүйесі ескірген, тағысын тағылар. Сондай-ақ музейдің экспозициялық кешені реконструкция жасауды қажет етеді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес цифрлы технологияға көшірілуі екібастан. Музей-үйге жауапты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов жазушының қолжазба қорлары да цифрлы форматқа көшірілсе дейді.
«2022 жылы – Әуезовтің 125 жылдығына дейін музейге күрделі жөндеу өткізіп, ірі экспозициясын қайта жабдықтап үлгеруіміз керек. 2019 жылдың аяғында «Казреставрация» мемлекеттік мекемесі музейді арнайы сараптамадан өткізіп, күрделі жөндеу қажеттігін растады және 110 миллион теңгеге смета жасады. Осы мәселе бойынша былтыр жоспарланған жұмыстардың негізгі сметалық қаражатын Білім және ғылым министрлігіне 4-5 рет хат жазып, ұсындық. Аталған министрліктің Ғылым комитеті бұл мәселеден хабардар. Сұралған қаржы биылғы жобаға енгізіледі деп уәде беріп отыр. Жоспар бойынша 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында жөндеу жасалып бітуі керек еді. Ал Алматы қалалық әкімдігі: «Білім және ғылым министрлігіне қарайтын мекемеге біз күрделі жөндеу жүргізіп бере алмаймыз», деді. Егер музей қалалық әкімдікке қарайтын болса, бір-ақ жылда жасап береміз деп отыр», деді институт директоры.
Айта кетейік, Әуезов музей-үйі мемлекеттік жобалармен күн көріп отыр. Мәселен, 2018-2020 жылдар аралығында музейде гранттық қаржыландыру аясында Мұхтар Әуезовтің «Қазақстандағы әдебиеттану және әдеби сынның дамуы мен қалыптасуындағы рөлі» атты іргелі ғылыми-зерттеу жұмысы орындалды. Ал 2021 жылға ұсынған жобалары қолдау таппаған. Мемлекеттік қаржыландырудың бірнеше түрі бар: гранттық қаржыландыру, нысаналы қаржыландыру, базалық қаржыландыру. Базалық қаржыландыру музейдің шаруашылығына, суы мен жылуына, т.б. тараптарын қамтамасыз етеді. Алайда оған бөлініп отырған қаражат та мардымсыз көрінеді. Ал гранттық қаржыландыруға ұсынылған бірнеше жоба да өтпей қалыпты. Сондықтан қазір музей қызметкерлерінің ғылыми жұмыстары тоқтап тұр. Институт директорының сөзінше, енді нысаналы қаржыландырудан, яғни институт арқылы ұсынылған бір бағдарламаның аясындағы бірнеше жобадан жауап күтіп отыр.
Жазушының ұлы Мұрат Әуезов алдағы мерейтойға орай Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы хат жазған еді. Онда 2014 жылы жарық көрген 50 томдық шығармалар жинағына енбей қалған қолжазбалары толықтырылып, академиялық 55 томдығын қайта шығару ұсынылды (жаңа технологияға сай аудио нұсқасы мен QR код арқылы сайтқа кіріп, онлайн оқу мүмкіндігі қарастырылған). Әуезовтің таңдамалы шығармаларының 10 томдығы жарияланып, әлем тілдеріне аудару мәселесі көтерілді. Сондай-ақ «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына «Ұлттық» мәртебесін беру сұралды. Ал министрлік ЮНЕСКО көлемінде тек 100, 150 жылдық мерейтойлар ғана аталып өтіледі деп жауап берді. Таңдамалы 10 томдыққа байланысты көзделген қаржыны 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қарастырмақ.
Музей басшылығының айтуынша, егер Әуезов музей-үйі тек жеке музей ретінде қызмет атқаратын болса, онда ғылыми орталық бола алмайды. Яғни музейдегі ғылыми қызметкерлер институттың лицензиясы негізінде гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысып отыр. Музей ғылыми жұмыспен айналысатын лицензиясы болмағандықтан, өз атынан гранттық конкурстарға қатыса алмайды. Онда музей тек қана келуші қонақтардың есебінен қаражат тауып, музей форматында қалады. Ал қазіргі мәртебесі ғылыми-мәдени орталық болғандықтан, музейге «Ұлттық» мәртебесі заң жүзінде берілмейді.
Реставрация мәселесінің мәнісін білмекке Әдебиет және өнер институты қарасты Білім және ғылым министрлігіне сұрау салып көрдік. Ғылым комитетінің хабарлауынша, Әуезов музей-үйінің реставрациялық жұмыстарына белгіленген қаржыны енді Мәдениет және спорт министрлігі бөлуі мүмкін. «Бұл мұражай ең алдымен мәдениет ескерткіші болып саналатындықтан, реставрациялық жұмыстарға сұралған қаржыны Мәдениет және спорт министрлігі қарастыруы қажет. Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірігіп, Қаржы министрлігіне өтінім жіберді. Яғни нақты шешім Қаржы министрлігінің еншісінде», деді Ғылым комитетінің басшылығы.
Шешімін таппаған «шешім»
150 жылдық атаулы мерейтойы жақындаған қазақ халқының әмбебап ғалымы, ұлт ұстазы, реформатор Ахмет Байтұрсынұлының тұрған музей-үйі әлі күнге дейін мемлекет қарауына өтпей отыр. Тұрақты қаржыландыру көзі жоқ нысанның күтім-бабы да сайлаулы емес.
Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталған 1988 жылдан кейін, тұлға тұрған үш үй анықталып, оның екеуі жаңа құрылыс түсуіне байланысты сүрілгені, ал сақталған үйге қатысты «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес, 1992 жылы 18 қыркүйекте қала әкімінің шешімі негізінде 1993 жылы 18 ақпанда Космонавтар көшесіне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Осы жылы 9 қыркүйекте жергілікті билік шешімімен А.Байтұрсынұлы көшесіндегі 60-үйді, яғни ғалым үйін қайта қалпына келтірді.
Ғалымның өзі тұтынған деген мүліктерден мұражайда сандық, жезтабақ, жезқұман және қолчемодан бар. Жәдігерлерді жинау, негізінен, 1998 жылдан басталыпты. Музей директоры Райхан Имаханбет қоғамдық қорға қарайтын тағылым үйін – «Ахметтану» ғылыми-зерттеу орталығы деген атаумен дербес мекеме ретінде заңды тіркеу керек дейді.
«1992 жылдан мемлекеттік маңызы бар тарихи ескерткіштер санатына енгізілген Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне Республикалық мәртебесі берілетін уақыт жетті. Сондай-ақ 1993 жылдың 9 қыркүйегіндегі Алматы қаласы әкімінің №360 шешімінде нақты ресми атауы көрсетілген: «Қазақтың халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйін ұйымдастыру туралы» заңды күші бар мемлекеттік құжат негізінде ұлт ұстазының тарихи үйін «халық қазынасы, ел игілігі» деп танып, ұлттық нысанға айналдыру да өзекті мәселе болып отыр», деді музей директоры.
Қалың қазақтың әліпбиі мен әліппесін түрлеп, әдебиетінің теориясын түзген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында музей-үйі мемлекет қамқорлығына алынса, игі істің басы сол болмақ.
Бар бағаланбай, жоқ түгенделмей...
Сұлу сөздің сүлейі Қалихан Ысқақ көзінің тірісінде өзі туған Топқайың ауылына кітаптары мен қолжазбаларын арнайы апарыпты деседі. Қарағайдан үй салып, кейін музей болады деп үміттеніпті. Алайда жазушы өмірден өткелі біршама жыл өтті, аманаттаған музей-үйі әлі ашылған жоқ.
Ал оның туған інісі Сайлаухан Қабатаев үйдің құжаттары балаларының қолында дейді. «Қазір ол үйге бас-көз болатындай менде шама жоқ. Әкімдіктен бірнеше рет келіп, өз қарамағымызға алайық деген. Мектепте аздаған дүниелері, кітаптары бар еді, бірақ онда музей ұстауға болмайды деген талап бар көрінеді. Ал үйі мұражайға әбден лайық. Ішінде өзінің қаламсаптары, кітаптары бәз-баяғы қалпында тұр. Қалихан негізі бұл үй музей болады деп салған. Тарлық етсе, қасындағы бір үйді қосып салу керек деп жүретін», деді ақсақал. Әлқисса.
Алтайдың кербұғысы Оралхан Бөкейдің 60 жылдығында (2003 ж.) Шыңғыстайдағы қарашаңырағы музей-үйіне айналып, ашылған еді. Он жылдай жұмыс істеген музей-үйге жергілікті әкімдік қаржы бөліп, қарайласып тұрды. Алайда белгілі бір себептермен осыдан шамамен он жыл бұрын Оралханның үйіне қара құлып салынды. Мұның себебін жазушының туған қарындасы Ғалия Бөкей әкімдік қарқынды жұмыс жүргізе алмай отырғандығымен түсіндіреді. Ал әкімдік жекеменшіктегі үйді сатып алайын десе қаржы керек һәм тегін бере қоятын үй иесі де болмай тұр. Ғалия Бөкейдің сөзінше, жоба жасалып, сметасы облыс әкіміне ұсынылыпты. Жоба қолдау тапса, музей-үй қайта ашылуы мүмкін.
Аталған мәселелерге жауапты облыстық Мәдениет басқармасының айтуынша, Қалиханның музей-үйін жасақтау туралы ешкім ешқашан ұсыныс айтпапты. Ал Оралханның музей-үйін сатып алатын қаржы керек. Түптеп келгенде, жаңа музей-үйлерін ашудан бөлек, облыстағы басқа да реставрациялық жұмыстарды қажет ететін музейлер толып-ақ тұр екен, бар мұражайлардың жағдайын жасай алмай отырмыз, дейді басқарма басшылығы.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Шыңғыстай ауылында музей бар. Онда осы өңірде туған ақын-жазушылардың кітаптары мен жеке заттарының бір бөлігі жинақталған.
Әдебиет музейі болған...
Орал қаласында Атамандар үйі деген тарихи ғимарат бар. 1833 жылы Пугачев бастаған көтерілістің тарихымен танысу мақсатында орыстың ұлы ақыны Пушкин келіп, осы үйге тоқтаған екен. 1977 жылы бұрын Пионерлер үйі болған, кейін оны басқа мекемеге көшірген кезде екі бөлмесін сол кездегі облыстық музейдің директоры Ұрқия Ершуриева Әдебиет музейін ашу үшін сұрап алыпты.
Жаңа құрылған Әдебиет музейіне экспонаттар жинау үшін Оралда туған ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлерінің, суретшілердің тізімін алған Сара Танабаева Алматыға арнайы іссапармен барыпты. «Сонда он жеті күн бойы барлық материалдарды жинап қайттым. Жұбан Молдағалиев, Хамза Есенжанов, Тайыр Жароков, Қадыр Мырзалиев, Қайрат Жұмағалиевтер алғашқы кітаптарын осы музейге сыйлады. Сөйтіп екі залдан тұратын Әдебиет музейі 1977 жылы ашылды. Яғни облыстық музейдің Әдебиет бөлімі ретінде филиал болып жұмыс істейді. 1991 жылы сол ғимаратты толығымен музейге босатып берді. Сонда Мәскеуден Толстойдың Ясная Полянасын жасаған мамандар келіп, бұрынғы қалпына келтірді», деді музей саласының ардагері.
Алайда сол жылы белгілі бір себептерге байланысты жергілікті билік ол мекемені музей меншігінен алып, Ішкі істер бөлімінің госпиталіне береді. Осылайша, он бес жылға жуық жұмыс істеген Әдебиет музейі 1991 жылы жабылады. Бірнеше жыл бойы зиялы қауым өкілдері Әдебиет музейін қайта ашу жөнінде бас көтергенімен, нәтиже шықпапты. Ал 2006 жылы қалаға Ресей президенті Путин келіп, екі ел басшысының кездесуі барысында Атамандар үйінен бір бөлме беріліп, Пушкиннің музейі ашылған. Қазіргі уақытта өңірдегі негізгі әдеби орда сән салтанаты келіскен Қадыр орталығы болып отыр.
Оралдағы рухани орда
2015 жылы ақынның 80 жылдығына орай Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы пайдалануға берілген еді. Қазақстанда баламасы жоқ орталық кешенді ғимаратының қапталында сахнасынан талай жұлдыздар өнер көрсеткен 1125 орындық амфитеатр жұмыс жасайды. Ал ғимараттың ішінде Жайықтың ақын-жазушыларының құрметіне әдебиет мұражайы және Қадыр Мырза Әлінің мемориалдық кабинеті жабдықталған. Ақынның бай кітапханасынан 6 767 кітаппен бірге оның тұтынған заттары да қойылды. Айта кетейік, бұл ақынның аңызға айналған 15 мыңға жуық кітаптарының бір бөлігі ғана. Қалған кітаптары Алматыдағы өз шаңырағында.
Сонымен қатар орталықта М.Горький атындағы қалалық кітапхана бөлімшесі және Қадыр ақынның замандас досы, Бөкей құмында дүниеге келген ақын Жанғали Набиуллин атындағы оқырман бөлмесі жұмыс жасап тұр. Бұл бөлмеде Жанғали ақынның отбасының ұйғаруымен жеке кітапханасынан 1200 кітап ұсынылған. Қазақстанның Жазушылар, Композиторлар, Суретшілер, Күйшілер одағының облыстық бөлімшелері де осы жерде орналасқан.
Бұдан бөлек облыста жалпы саны жиырма екі музей бар. Оның ішінде әдеби музейлер сирек: А.Пушкин музейі, М.Шолохов мемориалдық музейінен басқалары тек облыстық музейлердің құрамындағы жеке залдармен шектеледі.
Қасым музей-үйі ашылады
Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың саналы ғұмыры – жалынды жастық шағы, азаматтық есею жылдары Оралда өткені мәлім. Облыстық газетте қызмет етіп, облыстық қазақ театрын құруға атсалысқан ақын бес жыл бойы (1931-1936) Карева көшесіндегі 69-үйде тұрған. Оралдық зиялы қауымның бастамасымен сол үйді Қасымның музей-үйіне айналдыру жоспарланып отыр.
Қадыр орталығының директоры Бауыржан Қалиолла қалаға келген қонақтар, әсіресе Қасымды пір тұтатын азаматтар ең әуелі ақынның үйін көргісі келетінін айтты.
«Биыл ақынның 110 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкіміне ақын тұрған үйді Қасым мен Абдолла Жұмағалиев атындағы Әдебиет үйіне айналдырсақ деп ұсыныс білдірдік. Абдолла Жұмағалиев Қасымның майдандас досы, соғысқа дейін де екеуі өте жақын араласқан. Алайда ол кісінің сүйегі соғыстан қайтпады. Екі достың аты бірге аталсын деген мақсатпен осы Әдебиет үйін ашуға ниеттеніп отырмыз. Әрі Жазушылар одағының филиалы Қадыр орталығында орналасқан, Әдебиет үйі құрылса, одақ филиалын да сонда көшірсек деген ой бар. Облыс әкімі сөзге келген жоқ, ұсынысымызды қолдады», дейді орталық директоры.
Игі істің қай деңгейде жүріп жатқанын білмекке облыстық Мәдениет басқармасына хабарласып көрдік. «Қазір ол үйде екі отбасы тұрады. Ең алдымен сол тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету керек. Бұл Қасым тұрған үйді босатып, сатып алған соң ғана шешілетін мәселе. Әрине мұның барлығы қаржыға байланысты. Негізінен, Қасым музей-үйін ашу жобасы жоспарда тұр. Жергілікті билік аталған мәселеден хабардар. Ал музейдің нақты қай жылы ашылатыны әзірге белігісіз», деді облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Гүлмира Қауланова.