• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Наурыз, 2021

Астана да ауыз судан қиналуы мүмкін

762 рет
көрсетілді

Көзімізге көл-көсір көрінетін судың мәселесі де шаш-етектен. Келешекте ел билігінің көз алдындағы елорданың өзі ауыз су тапшылығын тартуы мүмкін. Кезінде бас қала суды Нұра мен Есілден алатын. Ал қазір қаланың негізі су көзі − Вячеслав су қоймасы. Оның өзі сарқылуға таяу.

Былтыр жылдың аяғында Парла­ме­нт депутаттары Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы ауыз су тапшылығы жөнінде мә­селе көтерген еді. Сонда қаланың су желілері мен кәріздік жүйелерінің сызбасы халық санының өсу қар­қы­нын есепке алмай жасалғаны сынға алынған. Ел астанасының бас жоспарын жасаған жапондық сәулетші Кисе Курокава 2030 жылға қарай елордалықтар саны 800 мыңнан аспайды деп болжағанын жақсы білеміз. Ал қазір тұрғындардың саны 1 млн-нан асты. Демек шағын қалаға шақталған желілердің әл-дәрмені қарқынды дамыған үлкен шаһарға жетпей жат­қаны түсінікті. Экс-депутат Шәкір Хахазов алдағы он жылда аста­на­лықтардың ауыз суды тұтыну көрсеткіші жылына 153 млн текше метрге дейін өсетінін айтты. Қазірдің өзінде қалалықтар тұтынатын су мөлшері 102 млн текше метрге жетеді. Ал су желілерінің қауқары 67 млн текше метрді ғана қамти алады. Осыдан келіп, болашақта Нұр-Сұлтан қаласы ауыз су тапшылығын көруі мүмкін.

Суды молайтудың бірден-бір жолы – тағы бір су көзін ашу. Са­рап­шы-мамандар Ертіс-Қарағанды арнасынан елорда қоймасына су тартқан жөн деп есептейді. Бірақ бұл жоба экономикалық жағынан аса тиімді емес. Дегенмен де қол қусырып оты­ру­ға болмайды. Депутаттар бола­шақ­та бас шаһар ауыз судан қиналмас үшін қазірден екінші су қоймасын ашу мәселесін шешіп, құрылысты бастау қажеттігін айтады.

Ал «Астана Су арнасы» МКК мамандары болашақта елордада ауыз су тапшылығы болмас үшін екі үлкен жоба қолға алынғалы отыр­ғанын жеткізді. Мекеменің өн­ді­­рістік бөлімінің инженері Индира Мұқажанованың айтуынша, бірін­ші жоба бойынша Вячеслав су қойма­сы­нан Теміржолшылар тұрғын алабына дейін жаңа су құбыры тартылады. Қазір құбыр салу бойынша құрылыс жұмыстары басталып та кеткен.

Екінші ауқымды жұмыс – Интер­национальный тұрғын алабында тағы бір сорғылы-сүзгі стансасы салынады. Мұндай ірі өндіріс орнының пайдасы үлкен. Ауыз судың сапасын жақсартатын да, оны қайта-қайта залалсыздандырып, әбден сүзгіден өткізетін де, суға микробиологиялық, химиялық, паразитологиялық зерттеу жүргізетін де осы станса. Қазір бұл жобаның нобайы жасалып қойған, енді сараптама қорытындысын ғана күту қалды. Міне, осы екі жоба елордадағы ауыз су тапшылығының алдын алмақ.

И.Мұқажанова суды ысырапсыз, тиімді пайдалану да су қо­ры­ның ұзаққа жетуіне кепіл болатынын айтады. «Маман ретінде су құбырларын тексеріп, қаланы аралайтынымыз бар. Сонда судың бей-берекетсіз төгіліп жатқанын көреміз. Әсіресе жер үйдің тұрғындары су алатын колонкаларда су ағыл-те­гіл ағып жатады. Жерге текке тө­­гі­ліп жатқан судың сұрауы да жоқ. Сондықтан түбінде осы құ­дық­тардан құтылуымыз керек. Бұ­лар су құбыры өтпейтін жерлерде ор­наласқан. Келешекте қаладағы барлық 204 колонканы жою­ды қарастырып отырмыз», дейді инженер. Оның айтуынша, алдағы уақытта 5 шақырым су құбырын салған кезде 27 колонка алынып тас­та­лады. Содан кейін 6,8 шақырым құбыр тартылады. Осы кезде тағы да 21 су алатын құдық жойылады. Осылайша, барлық құдық алынып, одан су ішіп жүрген тұрғындар түгел орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылатын болады.