Бүгінгі қоғамымызда мемлекеттік тіл мәртебесі бар ана тіліміздің болашағына елеулі алаңдаушылық бар. Бұл тақырыптың бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатқандығы – соның айғағы.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы: «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.
Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі», деген сөздері ойға оралады.
Өйткені елімізде Тәуелсіздік жылдарында мыңдаған қазақ мектебі мен балабақшалары ашылғанына, қазақ тіліндегі газет-журналдар, теледидар мен радио хабарлары көбейгеніне қарамастан, бүгінгі жаһандану заманында ана тіліміздің аспаны бұлтсыз, шайдай ашық деу қиын. Мәселен, еліміздің, әсіресе, солтүстік және орталық өңірлеріндегі қалаларда ашылған аралас мектептерді айтпағанда, таза қазақ мектептері оқушыларының өздері де үзілісте бір-бірімен орыс тілінде сөйлесетіндігі жасырын сыр емес. Балабақшалардағы ахуал да осыған ұқсас. Мұның себебі неде? Біздіңше, біріншіден, қалалық жерлерде қазақ тілінің тілдік ортасы әлі қалыптаспағандығында. Екіншіден, ақпарат кеңістігіндегі бәсекеде қазақ тіліндегі өнімдердің саны аз, сапасы мәз еместігінде. Бұған бірер қарапайым мысал келтірейік: Көршілеріміз – жас адамдар. Бәрі де қазақша сөйлейді. Бір күні олар жалғыз ұлдарының тілі орысшаға ауыса бастағанын аңғарыпты. Сөйтсе, ол бала күні бойы компьютерден көзін алмай, сондағы орыс тіліндегі мультфильмдерді тамашалайды екен.
Дәл осындай жағдайға тап болған өзге ата-аналардың кейбіреулері балаларының тек «Балапан» телеарнасын көруіне рұқсат беріп, басқа тілдегі дүниеліктерді тамашалауына тыйым салып, тірелген тұйықтан шығудың бір жолын тапқан сияқты. Ұл-қыздарынан үй ішіндегі қарым-қатынаста тек қазақша сөйлеуді қатаң талап етіп, ал олар байқамай орыс тіліндегі сөздерді қосып жіберген жағдайда әртүрлі «айып» салып жатқан ағайындар да бар екен.
Әрине, мұндай іс-әрекеттер ұлтының келешегін ойлайтын намысты да парасатты ата-аналардың ғана қолынан келеді. Күнкөрістің күйбеңімен баласының тәрбиесіне уақыт таппайтын, немесе оған онша мән бермейтін әке-шешелер де аз еместігі анық. Олардың отбасыларындағы бейкүнә балдырғандардың бетін ана тілімізге бұру жолы біреу-ақ – ең алдымен, қазақ тіліндегі мультфильмдердің саны мен сапасын арттыру және балалар әдебиетін дамыту.
Бұл ретте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жақында «Ұлт» тәуелсіз интернет басылымына берген сұқбатында: «Жас ұрпақтың тілін қазақ тілінде қалыптастыру – бүгінгі күнде ең өзекті мәселе. Бүгінгі балалардың тілін қалыптастыратын құрал – әрине бірінші кезекте – телеарналардағы мультипликациялық фильмдер мен балалар әдебиеті. Бұл ретте, «Balapan» арнасының мазмұндық контентін, бағдарламалар сапасын күшейтуді үнемі қадағалап отырмыз. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балаларға арналған қазақ тілді телеөнімдердің ауқымын кеңейту мақсатында шетелдік балалар телеарналарын (Nickelodeon, TiJi, Карусель) қазақ тіліне аударып, тарату қолға алынды. Сондай-ақ, биылғы жылы балалар әдебиетінің әлемдік бестселлерлерін, атап айтқанда, Е.Х.Гомбрихтің «Әлемнің қысқаша тарихы», Льюис Кэрроллдің «Алиса ғажайыптар елінде», Джордж Оруэллдің «Хайуанаттар бағы», Ева Ибботсонның «Теңіз өзеніне саяхаты» сынды барлығы 20 кітапты қазақ тіліне аударып, балалар аудиториясына ұсынуды көздеп отырмыз», деп мәлімдегені көңілге үлкен үміт ұялатады. Бұған біздің қосарымыз: Үкімет Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің осындай игі бастамаларына қажетті қаржыны аямаса, құба-құп. Парламент депутаттарының құлағына да «алтын сырға» демекпіз.