• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Наурыз, 2021

Қауіпсіздік бәрінен қымбат

388 рет
көрсетілді

Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстардың 70 пайызы өз отбасында жасалады. Ең сорақысы – буыны бекімеген балаға зорлық жасап, қорлық көрсететіндердің дені жасөспірімнің жақындары, айналасында жүрген адамдар. Яғни жеткіншекке жұдырық ала жүгіретіндер – әкесі мен өгей әкесі, тәрбиені таяқпен беруді жөн деп санайтындар – шешесімен бірге тұратын азаматтық некедегі танысы, туыс-туғандары мен көршілері. Өкінішке қарай, жақында бұл тізімге немереге мейірімін аямайды дейтін ата-әже де қосылды.

Меңзеп отырғанымыз, әлеуметтік желіге жарияланғаннан кейін қоғам­да қызу талқыға түскен Алматы қала­сын­дағы нағашы атасының 10 жастағы немересін соққының астына алған видеосы. Видеода шырқыраған бала жақындарынан көмек сұрап, атасының ауыр соққысынан арашалап алуды өтініп сұрайды. Шарасыз баланың шырқыраған үнін естіген көпшілік, әсіресе волонтерлер, қоғамдық қор өкіл­дері мен құзырлы орган қызмет­керлері бей-жай қалмады. Бұл оқиға Алматының Түрксіб ауданында 15 ақпанда болғанымен, баланың анасы полицияға тек 6 наурызда арыз жазған. Ажырасып, үш баласымен далада қалған 32 жастағы келіншек барар жер, басар тауы қалмаған соң амалсыз ата-анасының үйін паналауға мәжбүр екенін айтқан. Балаларын мазақ етіп, ұрып-соғуды әдетке айналдырған туған әке-шешесінің қаһарынан үш ұлын ғана емес, өзін де қорғауды сұра­ған анаға қазір тек дағдарыс орта­лығы ғана көмек қолын созған. Ал Алматы қаласының Полиция депар­та­менті тасжүрек қарттың сол кездері наркологиялық диспансерде мәжбүрлі түрде ем қабылдап жүргенін анықтаған. Ақылымен немерелерінің жүрегіне ізгілік емес, қатыгездігімен зұлымдық ұялатқан қарияның арқалаған жазасы – 10 күндік қамақ қана.

«Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін сақтау бағы­тында қолға алынған іс-шаралар» тақыры­бында өткен брифингте ІІМ Әкім­шілік полиция комитеті төраға­сы­ның орынбасары Алексей Милюк осы­­ған ұқсас оқиғалардың көбі әлеу­мет­­тік жағдайы нашар, тұрмысы төмен от­басыларда жиі тіркелетінін айтып өтті.

«Көптеген жағдайда зорлық-зомбы­лық отбасындағы әлеуметтік пробле­ма­лар­дан, тәртіптің жоқтығы мен мо­раль­дық қасиеттердің төмендігінен туын­дайды. Әсіресе, ішкілікке салынып кет­кен шаңырақта бұл мәселе өте өткір», дейді ол. ІІМ ұсынған дерек­тер­­ге қарағанда, қазіргі таңда 7 мың­нан астам отбасы полиция есебінде қо­лай­сыз отбасы ретінде тұрса, онда 11 мың­нан астам бала тәрбиеленіп келеді екен. Ал жыл сайын бала тәрбиесі мен мін­дет­теріне немқұрайды қараған 40 мың­нан астам ата-ана мен заңды өкіл әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, мыңға жуығы өз құқықтарынан айырылады.

«Полиция қызметкерлері тек кей жағдайларда, мәселен, отбасындағы түйінді басқа жолдармен шешу мүмкін болмаған кезде ғана ата-ананы құқығынан айыру туралы өтініш жасайды. Түптеп келгенде, қолайсыз отбасы – өзекті әлеуметтік-тұрмыстық мәселе болып табылады. Ал бұл тұйықтан жол табу мен мәселенің салдарын жоюға ішкі істер органдарының құзыреті жете бермейді. Осыған орай, ІІМ-нің мұрындық болуымен 2019 жылдың сәуір айынан бастап жаңа институт – полиция есебінде тұрған кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алу заң жүзінде енгізілген болатын», деді комитет өкілі.

Брифинг барысында көтерілген тағы бір мәселе – кәмелетке толмағандарды жыныстық қолсұғушылықтан қорғауға қатысты. Себебі А.Милюк осыған ұқсас әрбір екінші қылмыс тұрғын үйлерде жасалатындықтан мұндай жерлерге полицияның қолжетімдігі шектеулі екенін ескертіп өтті. «Жет­кін­шектерге қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың 30 пайызын денсаулық сақтау органдары ерте жүктілік фактілерін салыстыру кезінде ғана анықтап жатады», дейді ІІМ өкілі.

Соңғы 7 жылда елімізде жасөспірім­дер қылмысының төмендегенін атап өткен спикер ұдайы жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде халықтың полицияға осыған ұқсас факті­лер бойынша көбірек хабарласа бастағанын да айтты. Оның мә­лім­­деуінше, қарапайым жұрттан келіп түс­кен арыз-өтініштер бойынша өткен жылы балалардың жыныстық қол­сұғу­шы­лығына қарсы жасалған қылмыс­тар­дың үштен бірінен астамы тіркелген.

Кәмелетке толмағандардың құқық­тарын қорғау мақсатында заңнаманы жетіл­дірудің арқасында зорлау және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қол­дану әрекеттері ауыр қылмыстар санаты­на ауыстырылды. Енді мұндай факті­лер бойынша татуласу мүмкін емес. Сондай-ақ, жеткіншектердің жы­­ныс­­тық тиіспеушілігіне қарсы қыл­­мыс­­тарды жасырып қалғандар 6 жыл­­ға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Естеріңізде болса, 2020 жыл­дың желтоқсан айында осын­дай қыл­мыстарға жататын қылмыс­тар ауқымы кеңейтіліп, кәмелет­ке толмағандарға қатысты зорлық-зом­былық жасағаны үшін сотталғандарға педагогика саласында қызмет атқаруға және балалармен жұмыс істеуге өмір бойына тыйым са­лын­ған болатын. Жазасын өтегеннен ке­йін де педофил кем дегенде 8 жыл по­ли­цияның қатаң бақылауында болады.

Балалар қауіпсіздігіне төнген қауіп­­тің көбіне ата-аналардың бейқам­дығы түрткі болса, кәмелетке толмаған жеткіншектердің қылмыс жасауына жеткіншектердің бақылаусыз қалуы, үлкендер тарапынан бақылаудың жоқтығы ықпал ететіні сөзсіз. Рас, балаларды қорғау, олардың құқықтарын сақтау – бүкіл қоғам мен мемлекеттің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Дегенмен, тәрбиеге ата-ананың тікелей жауапты екенін, отбасындағы ұйыған береке-бірліктің баланың бо­лашағына әсері мол боларын ұмыт­паған жөн.