Worldboxingnews.net порталы бүгінгі таңдағы әлемнің ең мықты кәсіпқой боксшыларының рейтингін жария етті. Өкінішке қарай, үздіктер тізімінен Геннадий Головкинді кезіктіре алмадық.
Жаңартылған рейтингте Сауль Альварес көш бастап тұр. «Канело» деген бүркеншік есіммен танылған 30 жастағы Мексиканың мықтысы осы күнге дейін 58 жекпе-жек өткізіп, 55 рет жеңіске жетті. 37 қарсыласын сұлатып салды. Бір мәрте ұтылып, тағы екі кездесуде тең түсті. Екінші орта салмақта күш сынасып жүрген Альварес үстіміздегі жылдың 27 ақпанында АҚШ-тың Майами қаласында өткен жарыста түркиялық Авни Йылдырымның тас-талқанын шығарып, өзінің мықтылығып тағы бір мәрте паш етті.
«Канелоны» америкалық Эррол Спенс пен ұлыбританиялық Тайсон Фьюри өкшелеп келеді. Қазіргі кезде екеуінің де қарқыны қатты. Америкалық өрен жартылай орта салмақа сайысқа түсіп жүрсе, Тұманды Альбион елінің өкілі алыптармен айқасуда.
Сондай-ақ, «ТОП-10» боксшының қатарында Теофимо Лопес (АҚШ), Наоя Иноуэ (Жапония), Теренс Кроуфорд (АҚШ), Хуан Франсиско Эстрада (Мексика), Мэнни Пакьяо (Филиппин), Александр Усик (Украина) және Кадзуто Иока (Жапония) сынды саңлақтар бар.
Кешегі күнге дейін үздік ондықтың қатарында жүрген 38 жастағы Геннадий Головкин бұл жолы 11-орынға сырғып түсті. Оған себеп, GGG-нің біраз уақыттан бері мықты боксшылармен жұдырықтаспағаны. Соңғы рет отандасымыз былтырғы жылдың 18-желтоқсанында польшалық Камил Шерметамен шеберлік байқасып, жетінші раундта жеңіске жетті.