• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Наурыз, 2021

Ақтөбеде шенеуніктер көпбалалы анаға 2 млн теңгенің жарамсыз сертификатын берген

451 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласының шенеуніктері көпбалалы анаға 2 млн теңгенің сертификатын табыс еткен, деп хабарлайды Egemen.kz

Көпбалалы ана Айсұлу Құздыбаева бес баласын аядай үйде ғана тәрбиелеп отыр. Қалаға әйел таяуда келген. Ол ірі сомадағы қағазды алған кезде қуанышында шек болмаған. Алайда сертификаттың ешқандай құны болмай, жай ғана қағаз болып шыққан. Амалы қалмаған Айсұлу 5 баласымен бірге жатақхананың 14 шаршы метр жерін паналауда.

Көпбалалы ана бұған дейін жағдайының нашарлығын айтып, әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған. Оған еріктілер үн қатып, үйіне жөндеу жүргізіп, теледидардан бастап төбеге ілетін шамына дейінгі керек-жарақтарын алып берген. Енді соның бәріне 2 млн теңгедей қаражат жұмсалыпты-мыс.

Белгілі болғандай Айсұлу Құздыбаева 1 наурызда әйел Алғыс күніне арналған шараға шақырылған. Ақтөбе облысының әкімі көпбалалы анаға салтанатты шарада сертификат табыстаған. Бірақ отбасы ақшаны қайдан аларын білмеген.

«Облыс әкімі тапсырды. Екі миллионым бар деп, енді оған сәл ақша қосып, басқа баспана сатып алғым келген. Көршілерім келіп құттықтаған. Сөйтсе, бұл жай ғана қағаз болып шықты», дейді көңілі қалған ана.

Шенеуніктер болса әйелге бұл сертификаттың құны жоғын ескерткенбіз деп отыр. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы атынан көпбалалы анаған көрсетілген көмекті көрсету үшін тапсырылған болып шықты.

«Жастардан жөндеу жұмысына қанша ақша шығардыңыздар деп сұрадық. Олардың айтуынша, жөндеу жүргізіп, жиһаз сатып алған, жалпы екі миллиондай шығарған. Көрсетілген көмектің сомасын көрсету үшін Айсұлуға осы сертификатты тапсырдық. Бұған ақша бере ме деп те сұраған. Берілмейтінін түсіндірдік, бұл сомаға жөндеу жұмыстарын жүргізілгенін айтып, осыны көрсеткіміз келді», дейді Қазақстан халқы ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалы хатшылығының жетекшісі Маржан Қорғанбаева.