• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Наурыз, 2021

Адамдықты, ерлікті айтқан ерен ақын

738 рет
көрсетілді

Ақын Жамбыл тағдырының алғашқы кезеңі, дәлірек айтсақ, Кеңестік дәуірге дейінгі өмір жолы «қар қауып, мұзға түскен», қоқандық отарлаудың ойранынан пайда болған аса ауыр жағдайда өтті.

Жамбыл дүние есігін ашқанда қа­зақ­­тың күнгейі Қоқан хандығының қоластында болатын. Қазақ даласының Ресей империясы тарапынан отарлануы бүгінгі таңда әдеби, тарихи еңбектерде кең қамтылып, ғылыми зерттеулердің талдау өзегіне айналып та үлгерді. Ал қазақтың оңтүстік өлкесі (Ташкенттен Ұзынағашқа дейінгі аралық) мен теріскей батысын (Сыр бойы мен Арал аймағы) қатыгездікпен аяусыз езгіге ұшыратып, құлдыққа салған Қоқан хандығы тарапынан жүргізілген отарлау саясаты әдебиет тарихында да, тарих ғылымында да енді ғана зерделене бас­тады.

Бар саналы ғұмыры ХІХ ғасырда жарқырай көрінген Сүйінбай мен Жам­был­дың шығармашылық мұрасын танытуда да, «таптық» тұрғыдан аса алмай, кеңес­тік кезеңде айтылған тар методология шеңберін шиырлап жүрміз. Мұны Жам­был мұрасының да тапсырыспен, кеңес берумен, кеңесшілдерді шарықтау шегіне жеткізе мақтаған өлеңдерінің қай­та-қайта басылуынан да көреміз. Сүйін­байдың барлық дерлік, Жамбылдың кеңес дәуіріне дейінгі мұралары Қоқан езгісіне қарсы, сол кезеңдегі тарихи-әлеу­меттік мәселелерге тікелей байланысты туған. Жамбылдың қуаты күшті шығар­малары кеңестік заманға дейін туған­дығы, идеялық лейтмотиві азаттық идеясы болғандығы байқалады. Оның да тарихи негізі, болмыс шындығы ақынның балалық шағынан басталғандай. Ақынның дүниеге келуінде тосын сыр бар екендігін М.Жолдасбеков өз еңбегінде көрсетіп те кетті. Он жасында өлеңге әуестеніп, он бесінде ақындыққа шындап бет бұрып, домбырамен ән салып, өлең өресінің шыңы – айтыс сапарына бет алады. Аруақты Сүйінбайдан бата алатыны да осы тұс. Он алты жасынан өмірдегі өрісін анықтап, ауыл маңайындағы ермекшіл ақындардың сөзін тұсап, жұлдыздай ағып көзге түседі, іштей бекінген, ұстазы Сүйінбай бекіткен «әділеттің бұлтартпайтын даңғыл жолына» түседі, алмас өнердегі адамшылық бағытын жігіт болған он сегіз жас шегелеп «еріксіз он сегіз жас мінгізді атқа, бір Жамбыл бөлінгендей екі жаққа» деп «ақындық атқа» қондырады. Ол кездегі ақындық шабытты тек өнер тұрғысынан қарап, көркемдікпен шектелмей, адамдық игілікке қасқайып қарсы бұру және сол бағытынан өмір бойы айнымау – кез келген ақынның қолынан келе бермеген қасиет. Жеме-жемге келгенде, тобырмен бірге шалшыққа шатылмай, көлде қалу да біле білгенге маңызы терең түсінік. «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» сертін ақтағандығы. Бүкіл шығармашылық қарымы қоқандық дәуірдегі әлеуметтік теңсіздікті батыл жырлаған Сүйінбай десек, Жамбылдың ақындық позициясы да Сүйінбай дәс­түрін дамыта жалғастыруынан көрінеді. Бұл – Жамбылдың Жамбыл болғанына тән ең бірінші ерекшелік.

«Көңілі кейбіреулердің бұлтта жүр, ұстауға күн мен айды жуықтап жүр. Біреу­лер қара сөзді қамшы қылып, қуды мініп, құланды құрықтап жүр. Қайсысын маған соның еп көресіз, әкетсем өзім таңдап өкпелерсіз…Сүйекемнің сүй­ге­нін ойласаңыз, өлең болсын серігің деп берерсіз» – деп, «Сарыбайға» ат­ты өлеңінде, жастықтың жалындаған екпі­­німен айтылды дегенімізбен жас Жамбылдың ақындық қайнарынан да хабар беретін дерек ретінде қабылдаймыз. Ақынның тағдыр талайы қиын һәм қуанышты. Екі ғасыр куәсі болу, екі түрлі таным аясындағы шығармашылық сапары да екі түрлі талдау өзегіне айналды. Ақындықтың алғашқы сапары қауіп-қатерімен келсе, кеңестік кезеңде Жамбылдан артық бағаланған ақындар некен-саяқ. Екі ғасыр куәсі болуды нәсіп еткен Алла тағала ақынға азапты тұрмыс пен ажарлы өмірді де қатар ұсыныпты.

Профессор С.Садырбаев дерегінде 1875 жылдары Шапыраштының баскөте­рері, Қоқанға қарсы Сұраншымен бірге жауға шапқан Сарыбайдың өлгеніне жыл толып, ас берілгенде қырғыз, қазақ елінен белгілі кісілер шақырылады. Асқа белгілі қарт Майкөт ақын да келеді. Сарыбайдың жақын туысы Сүйінбай ақынға ас берген елдің ақсақалы болып отыруға тура келеді де, асқа келгендерді Саржанмен бірге жүріп, ақын болып қарсы алу кезегі Жам­былға тиеді. Жам­был Майкөт тобына келіп:

Сіз бе еді, ақын аға Майкөт деген,

Бір сөзі бір сөзіне қайшы өтпеген.

Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса,

Именіп өзге ақындар бәйпектеген, – деп аса зор ізетпен шұбырта жөнеледі. Жамбылға риза болған Майкөт:

Бәрекелді Жамбылым,

Сөз жүйесін келтірдің.

Аңғарыңды таныдым,

Көтеріліп желпіндім.

Аталы сөз – мәні мол.

Жылағымды келтірдің,

Тал бойыңда бар екен

Алыс шабар серпінің, – деп, алғыс батасын береді. Аста Жамбыл Сарыбайды дәріптеп жырлап, сонымен қатар Қоқанға қарсы күрескен талай батырларды және олардың ерліктерін Сүйінбайша үдете түсіп, сонарлы тарихи жырға айналдырады. Жамбыл осы аста замана жай-күйін жырлай алатын, көреген, салиқалы ақын екенін көрсетеді. Сан рудан келген көп жұрт, олардың ішінде Сүйінбай мен Майкөт сияқты өрелі жүйріктер де жас ақынға ден қойысады. Бұл Жамбылдың ірі жиында, алқалы ақындар тобына бірінші қосылуы болады. Келешекте Жамбылдың ақындық атын шығарған да осы ас болады. Ардақты адамдарының асында атақты ақындардың ұзақ жырмен азалы жоқтау айтуы Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз халқының әріден келе жатқан дәстүрі болған. Сол дәстүрді ұстаған Жамбыл осы аста:

Қас жүйрікті айтамын,

Шапқан сайын өрлеген.

Қас сұңқарды айтамын

Алыстан тоят тілеген... – деп, Сары­байды жоқтап жыр айтады. Өлген кісінің адамгершілік қасиетін, оның ерлігін айтып жырлау үстінде Жамбыл өзінің ақындық қабілетімен шәкірт қана емес, өзіндік үні, батыл ойы, семсер тілі бар, әлеумет жүгін арқалай алар үлкен ақын екенін танытады. Әрі көптеген аты әй­гілі ақындар жиналған осындай өрелі топ­тың қатаң сынынан мүдірмей өткен Жамбыл ұлы ұстаздары алдында есеп бергендей де болады. Жамбылдың бұл өнеріне асқа жиналған басқа елдермен бірге, әсіресе ақындар тобы қатты риза болады. Сүйінбайдың баулыған шәкірті ұстазы­нан кем түспейтінін түсінген ақын­дар Жам­былды Сүйінбаймен қатар қадір тұтады. Бұрын:

Болмаса аты шыққан Сүйінбайың,

Басқасын қою керек жылы жауып, – дейтін Құлмамбет сияқты асқақ ақындар енді Жамбылға бас иеді, Сүйінбай ақын­ның тәрбиелеген шәкірті ұстазынан кем түс­пеген ақын болғанын көреді, оның ақын­дық өнеріне риза болып, ірі ақын­дар қатарында қабылдайды. Жам­был­дың тағы бір қасиеті – айтыс­та жең­ген ақын­дарымен соңыра үнемі сый­ласып, достасып кеткен. Олардың өткір де қымбатты, асыл сөздерін, желі­лі жырларын бойына жинай, үйрене жүр­ген. Толып жатқан ертегі, шежіре, «Қобы­ланды», «Қамбар», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш» сияқты ондаған дастанды сол айтысқан замандастарынан алып қала­ды. Қырғыз ақындарымен айтысып жүріп, олардан «Манас» жырын айтуды үйренеді. Оңтүстікке келген сапарында «Мың бір түнді» әңгіме етіп, «Тоты-нама», «Көрұғлы», «Ер Шора» хикаяларын да жырлайтын болған. Жамбыл Бақты­бай ақынмен кездесіп, айтқан бір өлеңін­де:

Қаздай қалқып ерінбей,

Өлең тердім жасымнан.

Майкөт ақын, Құлмамбет,

Орын берді қасынан.

Майлықожа, Құлыншақ,

Пірім еді бас ұрған, – дейді. Жам­былдың қанша ізденіп, қанша үйреніп, қандай жүйріктерден үлгі алғанын, оларды сүйе де, сыйлай да білгеніне осы сөз­дерінің өзі дәлел. Жамбыл өзінен бұрын өткен сындарлы ақындардың сыншылдық үлгілерін дамытып, Абаймен үндесе, өзіне ғана тән ұлы, өткір сатира да тудыра білгенін көреміз. Жамбыл айтыс ақыны болып жүріп те мысқылшыл, уытты өлеңдерді табанда жарқ еткізіп айтып тастауға жастай бейімделген ақын. Онсыз айтыс ақыны болу да қиын. Әйт­се де қысқа-қысқа атылған оқтай дәл ай­тыл­ған оның сатиралық өлеңдері мен бір­қақпайларынан ақынның келешекте әділет семсерін сілтей алатындығын көре аламыз әрі бұл суырыпсалмалық өнерінің айрықша бір шоқтығы екені де даусыз. Ақын жазбай табанда айтатын болғандықтан, оның мұндай өлеңдерінің де, дастандарының көпшілігі жоғалып кеткен сыңайлы. Соған қарамастан, есте сақталып, бізге жеткен шығармаларына үңілсек, ақынның еңбекші халық өмірімен біте қайнасып, бірге өскенін, жуандар мен обырларды, шенеунік мырзаларды, сатымсақ саудагерлерді аямай мінегенін, болашақ ақиық ақынның әділдік үшін тынбай күрес жолына бағыт алғанын көреміз. Бұған ел аралаған саудагерлерге айтқан қысқа өлеңі, «Құдайберген болысқа берген жауабы», «Шағым», «Әкеме», «Жылқышы», «Сыртың бір сұлу жан екен», «Қуғын», «Кедей күйі», «Сәт сай­ланарда», «Мөңке туралы», «Қалиға», «Көкім­ге», «Мәмбетке» деген өлең­дері дәлел.

 Жамбылды Жамбыл еткен оның айтыстары. Шенеу өлеңдеріндегі сияқты айтыста да Жамбыл кейіпкерлерінің образын дәл тауып, оны замана шындығымен байланыстыра айқын мінездейді. Жам­был айтыстарының ерекшелігі де, халық­т­ығы да осында. Сонымен қатар ол айтыс­та қарсылас ақынына қарадүрсін сөзбен жауап қайтарып қана қоймай, қар­сыласына берген әрбір жауабы ұзақ сюжетті өлең болып келетіндігі. Өзінің Құлмамбетпен немесе Сарыбаспен, Дос­мағамбетпен айтыстарында да Жам­был өзі ұстанған бағыттан таймаған. Ол қандай ақындармен айтыспасын, өз руы­ның байлығын, оның атақты байларын, биі мен молдасын, болысы мен шон­жарларын мақтаған ақын­дарға әлеумет­тік ортасын қарама-қарсы қойып, өз көз­қарасын ашық білдіре жырлайды. Айтысының берік арқауы етіп халық­тық ойды, ел қорғаған ерлерді, олар­дың жорықтарын, есте қалар ерлік істерін ұзақ етіп, келешек ұрпақ санасына сіңісті болсын дегендей, әрқай­сысын кішігірім дастанға лайық сюжет­пен, елдік идеясын көтере жырлайды. Жамбыл айтысының құдіретті күші де, айтыстағы басты ерек­ше­­лігі де осы қасиетінде.

 Алғашқыда Жамбылдың айтыстары салт жырларына еліктеу ретінде жарыққа шыққан болса, ХІХ ғасырдың 80-90 жылдары бүкіл қазақ айтыстарына жаңалық түрінде, сүре айтыс болып, эпикалы жыр дәре­жесіне көтеріледі. Сұраншы, Саурық батырларды, Ұлы жүз тарихының аңыз- әңгімелерін дастандық көлемде түйіндеп жырлайды.

Құлмамбетпен айтысқанда оның:

Адамдықты айт, ерлікті айт,

батыр­лық­ты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт, – деп, Құлмамбеттен қадала талап етуінің Жамбыл айтыстарында, оның басқа да жырларындағы сияқты, халықтық көз­қарасты білдіретін, ұлттық рух, халық­тық мүд­де айқындығының белгісі.

Жамбылдың шығармашылығын тұтас­­тай қарастырып, зерделей түскен сайын ақын шығармашылығының тақырып­­тық-идеялық жүйесі – ұста­зы Сүйінбай жыр­лаған жүйеден ауытқы­майтыны, сол ізді дамытқандығы аңға­ры­лады. Бұл – ақын­ның тарихи тақы­рып пен айтыстағы тақы­рыптық желісінен анық аңғарылады. Сүйін­бай да кейінгі кезде зерделене бас­таған Кенесарының Жетісуға келуін құп­таған, мұны Сүйінбайдың Қатағанмен айтысынан көреміз.

Кенесары-Наурызбай,

Қаһары қара дауылдай.

Наурызбай тірі жүргенде,

Дұшпанның кеткен мазасы, – деген толғанысы Сүйінбайдың Кенесары-Наурызбай бастаған ұлт-азаттық күресін түсінгені, дін тарихы мен елдік шежірені терең білетіндігін аңғартады.

Елінің, жерінің тарихын білген жанның сол тарихты да жырламағы шарт қой. Бұл тақырыпта да Жамбыл Сүйінбай ұстанған бағыттан айнымайды. Сүйінбайдың Қоқан билігіне қарсы жырлаған «Зар жылатып момынды», «Датқаларға», «Үмбетәліге», «Батырларды жоқтау» т.б. толғау­ларының заңды жалғасы ретінде Жамбыл да «Садырмекке ат шапты», «Сарыбайға», «Ол заманды мақтаман», «Тағы бітті жаңа күй», «Шәбденге» өлең­­дері мен «Отанымның батырлары», «Менің өмірім» толғауларын шығар­ды. Ұзақ өмір тәжірибесінен туған толғау­лар мен өлеңдер легі қордалана келе ақын айтыстарының өлшеусіз тамы­­зығына айналғандығын сезінеміз. Осы ой орамдарын жинақтай келгенде Жам­был­дың қуатты туындыларының маз­мұн желісі патшалық Ресей жаулағанға дейін­гі аралықта, анығы Қоқан хандығы дәуі­ріндегі кезеңдегі оқиғаларды сурет­тегені аңғарылады. Ал Сүйінбайдың бүкіл мұрасы Қоқан хандығы дәуірінде туған дейміз. Жамбыл шығармашылығы Сүйін­бай поэзиясының заңды жалғасы десек, онда ақын мұрасы тікелей Қоқан хан­дығы дәуіріндегі әдебиетке қосылмақ. Мұның өзі ақын мұрасын кейінгі табыл­ған тарихи деректер негізінде жаңаша пайым­дауға жетелері хақ. 

Саттар ӨМІРЗАҚОВ,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент,

М.О.Әуезов атындағы ОҚУ, «Абайтану» ғылыми орталығының басшысы

Шымкент