• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2021

Қызылордалық полицейлер «делдалдықпен» айналыса ма?

651 рет
көрсетілді

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде қоғам белсендісі, заңгер Айгүл Орынбектің Қызылордадағы заңсыздықтар туралы жазбасы жиілеп кетті. Жақында фейсбуктегі парақшасы арқылы облыстық Полиция департаментіне үндеу жариялаған заңгерге жергілікті құқық қорғаушылардың да айтар уәждері бар екен.

Өткен жылдың 24 желтоқ­санында облыс орталығында жол-көлік оқиғасы болғаны рас. Қызылорда қалалық полиция басқармасының  кезекші инс­пекторы тиісті іс-құжаттарды жинақтап, жол-көлік оқиғасы бойынша сызба жасалып, кө­лік руліндегі әйелге қатысты  Әкім­шілік құқық бұзушылық тура­лы кодекстің 610-бабының 2-бө­лігімен әкімшілік іс ресімделген.

Бұл дерек бойынша Қы­зыл­орда ОПД Әкімшілік поли­ция басқармасы әкімшілік іс жүр­гізіп, сотқа жолдапты. 10 нау­рыз­да Қызылорда қалалық ма­ман­дандырылған әкімшілік сотының шешіміне сәйкес көлік басқарған адам  кінәлі деп танылып, оған 116 680 теңге айыппұл салынған.

Осы жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен қыз баланың да бей­нежазбасын көрдік. Үш айға созылған істің шешілуіне ықпал еткен заңгерге алғыс айтыпты. Полицейлерге деген өкпесін де жасырып қалмапты. Облыс­тық ПД баспасөз қызметі өз қыз­меткерлерінің былтыр 24 желтоқсанда болған бұл оқи­ғадан кейін сот-медициналық сарап­тама қорытындысын күт­кенін айтады. Әуелгі шешімге жә­­бір­ленуші келіспеген соң қай­­та сараптама тағайындалып, со­ның нәтижесіне қарайлаған көрінеді.      

Ал осы жылдың 3 қаңтарында Шиелі ауданында болған жол-кө­лік оқиғасына байланыс­ты Қазақстан Республикасы Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 2-бө­лігімен әкімшілік хаттама ре­сімделіп, жол-көлік оқиға­сынан дене жарақаттарын алған азаматтарға қатысты сот-ме­дициналық сараптама таға­й­ындалған. Оның қорытын­дысы «Опель Вектра» маркалы автокөлігіндегі екі жолау­шы­ның «ауыр» дәрежелі дене жара­қаттарын алғандығын көрсеткен.

«УАЗ» автокөлігі жүргізушісінің іс-әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болуына байланысты оған қатысты сот­қа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Полиция департаменті заңгер­дің «Алматыда пробациялық есепте тұратын адамның Шиелідегі қылмысқа қатысы болмаса да жауапқа тартылып отыр», дегенімен келіспейді. «Бұл дерек бойынша Шиелі аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп, күдіктінің іс-әрекеті толық әшкереленген», дейді олар. Қылмыстық іс айыптау актісімен аудандық прокуратураға жолданып, 21 қаңтарда келісім алынып, сотқа жолданды. Қазір іс сотта қаралуда.

Әлеуметтік желіде жөндеуге берген көлігіне шебер қасақана зақым келтірген тұрғынның жанайқайы да жүр. Қоғам белсендісі айтқан осы мәселеге орай полицейлер тиіс­ті шара жүргізіліп жатқанын жет­кізген еді. «Арызым мерзімінде тіркел­меді» деген азамат құқық қорғау­шылардың бейжайлығына өкпе айтады. Тергеушінің іс жүргізуден бұрын екі жақты ың-шыңсыз келісе салуға шақырғанына да наразы. Заңгер қызылордалық құқық қорғаушыларға арнаған бейнежазбасында «Облыстағы полицейлер арасында екі жақты ымыраластырып, істі ың-шыңсыз бітіруге тырысатындар бар» дегенді айтқан еді. Әрине, бітім шарты қос тараптың да көңілінен шығып жатса, әңгіме басқа. Бірақ әлеуметтік желіде погон таққандардың осы әдісті жиі қолда­натынын айтқандардың шырылы басымдау естіліп тұрған сияқты.

Айтпақшы, әлеуметтік желідегі бейнежазбада айтылған мәселелерге байланыс­ты облыстық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру жұмыстарын бастап кетіпті. Бұл іс мұқият тексеріл­месе, біздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» айналуға талпынған талабымызға тұсау болмақ.

Қазір қоғам белсендісінің үндеуіне пікір білдіріп жатқандар көп. Желідегі жұрттың айтқандары Өзіндік қауіп­сіздік басқармасы қызмет­керлерінің атқарар жұмысы аз болмайтынын байқатып тұрғандай.

 

ҚЫЗЫЛОРДА