«Мемлекеттік органдар елдегі кәсіпкерлерді орынсыз тексеруін азайтпай отыр. Статистикаға үңілсек, кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту саны көбейген. 2015 жылмен (235 мың) салыстырғанда 2019 жылы (500 мыңнан аса) екі есе дерлік артқан. Бұл әрбір үшінші бизнесмен әкімшілік жауапқа тартылғанын білдіреді», дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Өстеміров.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «бизнес-климаттағы» мәселелерге ерекше көңіл бөлгені белгілі. Президент реттеушілік саясаттың негізгі қағидаттарын өзгерту керегін де айтқан. Осыған байланысты кәсіпкерлік саласын дамытуға байланысты атқарылған шаруалар аз емес. Е.Өстеміровтің айтуынша, соңғы жылдары тексеру азайып, бизнес шығындары едәуір төмендеген. «Нақтырақ айтсақ, Кәсіпкерлік кодексі, бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған түзетулердің 8 пакеті және рұқсаттар мен хабарламалар туралы заң әзірленіп, қабылданды. Соның нәтижесінде «гильотина» қағидатына сәйкес мемлекеттік органдардың рұқсаттары мен лицензиялары және бақылау функциялары қысқартылды. Елдегі кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге байланысты қолға алынған шараларды халықаралық даму институттары мен сарапшылар да оң бағалап отыр. Дүниежүзілік банктің «Doing Business-2020» рейтингінде Қазақстан 25-орынға ие болуы – соның дәлелі», дейді Е.Өстеміров.
Дегенмен де кәсіпкерлер бизнесті реттеу саясатының сапасына аса көңіл бөлінбегенін айтады. Соның салдарынан бірқатар күрмеулі мәселе туындаған. Айталық, кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту көбейген. 2015 жылмен салыстырғанда оның саны 2019 жылы екі есе дерлік артқан. Бұл − әрбір үшінші бизнесмен әкімшілік жауапқа тартылады деген сөз. Бұған қоса, бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдар мен басшыларына деген арыз-шағымы 4 есе артқан. Айталық, 2015 жылы 17,5 мыңға жуық шағым болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 73 мыңнан асқан. «Мемлекеттік органдар жыл сайын кәсіпкерлерге талап қояды. Бірақ оның қандай талап екені нақтыланбайды. Бизнеске 13 мыңнан аса талап қойылса, кәсіпкерлер бұл туралы толық хабардар болмаған да. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет − бизнеске, бизнес мемлекетке сенбейді. Сондықтан Жолдауда айтылғандай, бизнесті «таза парақтан» реттеуді енгізудің маңызы зор», дейді кеңесші.
Президенттің тапсырмасы аясында «Атамекен» ҰКП Үкіметпен бірлесе отырып, отандық және шетелдік сарапшылардың, соның ішінде Дүниежүзілік банк пен USAID өкілдерінің қатысуымен жаңа реттеу саясатының негізгі қағидаттары мен алғышарттарын әзірлепті. Е.Өстеміровтің айтуынша, бұл ұсыныстар жалпы тұжырымдамалық тұрғыдан қолдау тауып, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 31 желтоқсандағы Жарлығында «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында бекітілген.
«Таза парақтан» реттеу дегеніміз не? Бұл – реттеу саясатындағы негізгі тәсілдерді өзгерту және кешенді әрі тиімді реттеуді құру арқылы мемлекеттік реттеудің барлық тәсілін түбегейлі қарау. «Бұл жұмыс барысында бизнесті мемлекеттік реттеудің базалық қағидаттарын, бизнеске қойылатын талаптарды қалыптастырудың базалық шарттарын анықтау, міндетті талаптар тізілімін, «1-in 2-out» қағидатын, эксперименталды құқықтық режім енгізу жоспарланған. Ал 2024 жылдан бастап «реттеушілік гильотина» іске қосылады. Ұсынылып отырған шаралар ескі, шамадан тыс қайталанатын реттеушілік талаптарды азайтуға, бизнесті жүргізу шарттарын жақсартуға және бизнесті «ақылды реттеудің» жаңа жүйесін құруға мүмкіндік береді», деді Е.Өстеміров.