Қазақстандық экспорттаушылар контейнерлік тасымалдарға қызығушылық танытуда. Тасымалдаудың бұл нұсқасы жүктерді ҚХР-мен шекаралық өткелдер арқылы өткізуді тездетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде көрші ел жабық вагондар мен жартылай вагондардағы жүктерді баяу қабылдайды. Бұл ретте контейнерлердегі жүктерді әдеттегі режімде қабылдап жатыр. Контейнерлерді пайдалану жүкті жылжымалы құрамды тар табанды темір жолға ауыстырып тиеуді қажет етпейді.
– Қытаймен шекарада қалыптасқан жабық вагондар мен астық тасығыштардың кептелісіне байланысты астықты (арпа, зығыр тұқымы) контейнерлерге тиеуге көштік, – дейді жүкті Қазақстанның солтүстік өңірлерінен Қытайға жеткізетін жүк жөнелтуші Нұрлан Омаров. Компанияның алғашқы контейнерлері тасымалдауға дайын.
Жүк жөнелтушілердің көпшілігінде контейнерлерге тиеуді жүзеге асыру үшін қажетті жабдықтар бар. Контейнерлік тасымалдауды дамыту мақсатында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүк тасымалдарын жүзеге асыратын барлық стансалардың кірме жолдарында контейнерлерді тиеуге және түсіруге рұқсат берді.