Көпшілік аса мән бермей, мән берсе да маңызын ұқпай жатқан бастама – зейнетақы қаржысын жеке компанияларға аудару мәселесі. Аударсақ пайда бар ма, аудармасақ неден ұтыламыз деген сұрақ бар. Жылдап жинаған ақшамызды компаниялар қалай жұмсайды деген де сауал туады. Компаниялардың әлеуеті бұған жете ме деген сұрақ бар. Әр сұрақтың астарынан қауіп те қылаң береді.
Бізбен сұхбаттасқан «БанкЦентрКредиттің» еншілес компаниясы – BCC Invest басқарма төрағасының орынбасары Александр Дрониннің айтуынша, бүкіл соманы жеке басқарушы компанияға бере салуға болмайды.
Зейнетақы жинағының консервативті бөлігін белгіленген шек мөлшерінде БЖЗҚ-да ұстау керек. Бұл сіздің минималды зейнетақыңыздың кепілі іспетті. «Қалған бөлігін жеке басқарушы компанияға аударуға болады. Компаниялар жоғары табыстылық пен теңгені құнсызданып кетуден сақтайтын ішінара қорғаныс ұсынады», дейді ол.
Бірнеше күн бұрын Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов бұл бастаманың табыс әкеле қоюы екіталай екенін айтып еді.
– Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияларға аудару түсінбестік тудырып отыр. Олар қазір БЖЗҚ қолданатын ережені көшіріп алған. Табыс та сол деңгейде болмақ. Жеке басқарушы компаниялар үшін әлдеқайда ыңғайлы инвестициялық декларация қабылдау керек деп санаймын, – деді депутат.
А.Дрониннің айтуынша, қазір жеке басқарушы компаниялардың табыстылығының орташа деңгейі – 17 пайыз. Ал бұл БЖЗҚ-дан екі есе жоғары.
– БЖЗҚ өте үлкен көлемдегі қаржыны табыстылығы аса жоғары емес мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға инвестициялайды. Жеке басқарушы компаниялар әлдеқайда табысты корпоративтік секторды таңдайды және Қазақстан экономикасына ғана емес, дамыған елдер компанияларына да инвестиция салады. Меніңше, БЖЗҚ-ның өзі сол күйі ұсына алмаған девальвациядан қорғау әрекеті – жеке басқарушы компаниялардың пайдалы екенін растайтын күшті аргумент, – дейді сарапшы.
DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев инвестициялық компанияларға көп шектеу қойылғанын айтты. «Мәселен, валюталық құралдарға ақша салу көлемі 50 пайыздан аспауы керек. Ондай жағдайда басқарушы компаниялар портфелінің БЖЗҚ портфелінен айырмасы болмай қалады» деді.
Біздің сауалымызға жауап берген А.Дронин белгіленген талаптар шеңберінде инвестицияға түбегейлі басқа тәсіл қолданылуы мүмкін екенін айтады.
– Қадағалаушы көптеген жеке зейнетақы қорын шығынға батырған 2008 жылғы сценарий қайталанбас үшін басқарушы компаниялардың шектен тыс агрессивті стратегия таңдамағанын қалайды. Алайда жеке басқарушы компаниялар портфелінің БЖЗҚ портфелінен айырмашылығы мол. Біріншіден, мемлекеттік бағалы қағаздардағы үлесі әлдеқайда төмен болады. Екіншіден, жеке басқарушы компаниялар портфелінде әлемге әйгілі компаниялардың акциялары пайда болады. Активтерге елдік және валюталық әртараптандыру жүргізіледі. Сонымен қатар жеке басқарушы компаниялар қысқа мерзімді мүмкіндіктерді белсенді пайдаланып, портфель тепе-теңдігін жиі өзгерте алады, – дейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен ереже бойынша компаниялар қаржыны қабылдап алған соң, кірістіліктің ең төмен деңгейін қамтамасыз етуі керек. Қамтамасыз ете алмаған компания пайда болған теріс айырманы өз капиталы есебінен төлейді.
– Табыстылықтың ең төмен деңгейі барлық жеке басқарушы компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің номиналды кірістілігінің орташа алынған коэффициентінің 70 пайызы деңгейінде белгіленеді, – дейді агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.
Бұл тәртіп басқарушы компаниялар үшін үлкен тәуекел тудырып, олардың белсенді қадамдарға баруы шектеліп қалмай ма деген сұрақ туады. Бұған сарапшы былай жауап береді.
– Расында, өтемақы бойынша талап ету – дәл қазіргі сәттегі ең маңызды мәселе. Қазіргі жағдайда табыстылық бағдары барлық алты басқарушы компанияның табыстылық деңгейінде болады. Мәселен, бір компания 5 пайыз көлемінде шығынға батса, екіншісі – 10, үшіншісі – 25, төртіншісі 30 пайыз көлемінде табыс көрсетсе, онда осы көрсеткіштер қосылып, 15 пайыз көлемінде орташа табыстылық пайда болады. 10,5 пайыздан (15*0,7) төмен табыстылық көрсеткен барлық компания өзінің салымшыларына 10,5 пайызға дейінгі айырмашылықты төлеуге міндетті. Алайда бұл жеке басқарушы компаниялар консервативті стратегияны қолайлы көреді деген сөз емес. Біріншіден, ондай жағдайда салымшылардың БЖЗҚ-дағы ақшасын компанияларға аударудың не мәні қалады? Екіншіден, консервативті стратегияны таңдау кірістілік өтемақысы тәуекелінің жоқтығын білдірмейді. Мәселен, қор консервативті стратегияны таңдады және 9 пайыз табыс көрсетті, ал оның бес агрессивті әріптесі 20 пайыз көрсетті делік (солай болуы әбден мүмкін). Мұндайда консервативті қор 9 бен 12,7 пайыз арасындағы (орташа нарықтан 0,7) айырмашылықты өтеуге мәжбүр болады, – дейді банк өкілі.
Қаржы консультанты Өркен Дінасыловтың айтуынша, бұл бастаманың қаншалықты табыстылық әкелері компаниялардың қаражатты дұрыс орналастыруына байланысты.
– Негізі, басқарушы компания ақшаны қандай акцияға саламын десе де өзі біледі. Бірақ әлемде зейнетақы қаржысын инвестициялаудың өзіндік стандарттары бар. Сол стандарттарды негізге алып басқарса, жақсы пайда табуға мүмкіндік болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қандай бағалы қағаздарға салу және салмау керегі жайлы мөлшерін белгілейді. Сол рұқсат етілген активтердің 50 пайызы – мемлекеттік теңгелік ақшалар. Тағы 50 пайызына шетел валютасындағы құралдарға салуға мүмкіндік береді. Жалпы, зейнетақы ақшаларын басқарудың екі түрі бар – актив және пассив. Мысалы, Норвегия қоры салымшылар ақшасын пассивті басқарады. Бүкіл әлемдегі 9 мың акцияны сатып ала салады. Мынау жақсы, мынау жаман қағаз деп бас қатырмай, әлемдік индекстерді қайталап қана отырады, – дейді сарапшы.
Мәселені талқылау кезінде туатын тағы бір сұрақ – салымшылардың инвестициялық пайданы алу жайы. Бір тарап жыл сайын салымшы табысын алып отыруы керек десе, келесі тарап бүкіл қаржының зейнет жасына жеткен соң бір-ақ берілуін қолдайды. Ө.Дінасылов – екінші тараптың жақтаушысы.
– Зейнетақы қаржысын жеке компанияларға берудегі мақсат – жыл сайын одан табыс алып отыру емес, зейнет жасына жеткен кезде мол ақшаға ие болу. Түскен табыс инвестициялануы керек. Сондықтан жыл сайынғы инвестициялық табысты алып отыруға тыйым салу қажет. Дегенмен процесс ашық болуы керек деп ойлаймын. Салымшы салған ақшасының қалай, қандай мақсатта жұмсалып жатқанын біліп отырғаны жөн, – дейді қаржы консультанты.
А.Дрониннің сөзінше, қазір инвестициялық табыс бөлігін шешу мәселесін қадағалаушы талқылап жатыр. «Алайда салымшы қордан түскен табыс және БЖЗҚ-ның ай сайынғы толықтыруы есебінен (жалақыдан аударылатын зейнетақы түсімі) ақшаны жеке басқарушы компанияда жинай алады. Қажетті соманы жинағаннан кейін табысты қоса алғанда, бүкіл ақшаны БЖЗҚ-ға аударуға (жылына бір рет ғана), оны өзіңіз қалаған мақсатқа пайдалануға болады» дейді ол.
Қазіргі тәртіп бойынша, азаматтар инвестиция әсерінен өсіп, көбейген қаржысын зейнет жасына жеткен соң шешіп алады. Оған дейін жылына бір рет жеке басқарушы компанияны ауыстыруына, екі жылда бір мәрте ақшасын БЖЗҚ-ға кері қайтаруына мүмкіндік бар. Сол арқылы ақшасын үй алуға, басқа да мақсаттарға жұмсай алады.
Биылғы 23 ақпандағы мәлімет бойынша зейнетақы портфелін басқарушыға аударуға байланысты 87 өтініш түскен. Аударымның жалпы сомасы – 218,6 млн теңгеден астам. Салымшының зейнетақы жинағы жеке компания басқаруына: зейнетақы қорында жиналған сомасы мен жинақтың ең төменгі жеткілікті шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; өмір бойғы төлемді қамтамасыз ететін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде ғана беріледі.
BCC Invest өкілінің айтуынша, басқарушы компаниялар өз клиенттерін көрмейді.
– Біз кімнің, қанша мөлшерде қаржы аударғанын білмейміз. Басқарушы компания БЖЗҚ-дан кезең-кезеңімен ақша алып, оны салымшылар мүддесі үшін басқарады. Қаражаттың жартысына жуығы шетелдік валютамен көрсетілген қаржы құралдарына бағытталады. Портфельдің теңгелік бөлігі көбіне тұрақты кіріс құралдарына – корпоративтік сектор эмитенттерінің облигацияларына, сондай-ақ өтімділікті басқару үшін – қаржы нарығының құралдарына салынады. Портфелдің валюталық бөлігі негізінен үлестік құралдарға: индекстік қор, акциялар және акцияға депозитарлық қолхаттар, «қатты валютамен» көрсетілген еурооблигациялар және балама құралдарға салынады. Зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясы жылына кем дегенде бір мәрте жаңартылып, түзетіліп отырады, – дейді А.Дронин.
Қазір БЖЗҚ-мен сенімгерлік басқару туралы төрт компания шарт жасасқан. Олар – BCC Invest, Halyk Global Markets, Jýsan Invest және «Сентрас Секьюритиз» акционерлік қоғамдары.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»