Жалпы әлемде туризмнен табыс тауып отырған мемлекет көп. Біздегідей қазба байлығы болмаса да туристік қызмет көрсету саласын жақсы меңгерген елдер аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқ. Керісінше көп жағынан бізден озық тұр. Былтыр басталған пандемия бұл салаға едәуір салқынын тигізгені рас. Бірақ бұл алда жаһан кезгендер керуені тоқтап қалады деген сөз емес. Бұл бағытта біздің елде де тәуір бастама бар. Ел Үкіметі бекіткен саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасында осы мерзім ішінде жалпы ішкі өнімдегі туризм үлесін 8 пайыздан кем қылмау тапсырылған.
Қызылордадағы кәсіпкерлер палатасы осы саладағы іскерлер арасында сауалнама жүргізіп, істің алға басуына кедергі болып отырған бірқатар мәселені анықтады. Проблеманың көбі пандемияға байланысты шектеу шараларынан туып отыр.
– Дегенмен, мұның біз үшін тиімді тұстары да бар. Қазір шет мемлекеттердің көбі шектеу шараларын қатаңдатуда. Бұл бізге ішкі туризмді көтеруге жақсы мүмкіндік береді, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов. – Бұл үшін, әрине, шетелдің сервисіне жетпесе де жұрт көңілінен шығардай жағдай жасауымыз керек. Жасыратыны жоқ, қолы қалт ете қалса қызылордалықтар демалуға көрші облыстарға кетіп жатады. Бұл жерде оларды кінәлаудың қажеті жоқ. Тек негізгі проблеманы анықтау керек. Бізде инфрақұрылымды жетілдіру, насихат жұмыстарын жандандыру әлі жолға қойылмай келеді. Тіпті 2020-2021 жылдарға туризмді дамытуға облыста қаржы қарастырылмағаны да осы салаға деген көзқарасымызды танытса керек.
Кәсіпкерлер палатасының директоры өзге өңірлердегі жағдайды саралап, көршілес Шымкент қаласында былтыр туризмді дамытуға – 125,7, ал Алматыда – 51,3, Алматы облысында 29,4 млн теңге бөлінгенін атап өтті. Бұл бағыттағы мемлекеттік сатып алу туризм басқармалары арқылы жүзеге асырылған. Қаражаттың дені ақпараттық-имидждік қолдау, бейнероликтер мен жарнамалық роликтер, кәдесыйлар, атрибуттар, полиграфия өнімдерін шығару, ақпараттық дүңгіршек сатып алу, экскурсиялық қызметтерді ұйымдастыруға жұмсалыпты. Мұнан өзге, жыл басынан бері Шымкент қаласында туризмді насихаттауға арналған қызметтерге мемлекеттік тапсырыс жарияланып, бұл бағытта жұмыс басталып кеткен.
Сыр өңірінің географиялық жағдайы, климаты да туризмге қолайлы. Талай тарихты қойнауына жасырған аймақтағы мәдени-тарихи мұралар да саланы дамытуға сұранып-ақ тұр. Осы күні республикалық туристік картаға облыстан Қамыстыбас көлі, Жаңақорған шипажайы және Байқоңыр туристік аймағы еніп отыр. Ниет болса, мұндай нысандар қатарын көбейте түсуге болады. Палата директоры бұл ұсыныстарын аймақ басшылығына да жеткізіпті.
– Ең әуелі биылға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында атқарылатын жұмыстар тізіміне туристік нысандарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасын қосуды сұрап отырмыз. Былтыр осы бағдарлама шеңберінде облыс бойынша құны 40 млрд теңге болатын 291 жоба жүзеге асырылыпты. Алайда ішінде туризм инфрақұрылымына қатысты бірде-бір жоба жоқ, – дейді Ғ.Жақсылықов.
Палата туризмді дамыту іс-шараларын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы саланы дамытатын жобаларды жүзеге асыруды, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жобаларды несиелендіруге арнайы қаражат бөлуді ұсынып отыр.
Кәсіпкерлер арасында облыс орталығы маңындағы саяжайларда, көлдер жағалауында демалыс аймақтарын ашуға талап қылғандар аз емес. Бірақ көпшілігі таңдаған жерінің орналасуына байланысты несие ала алмай отыр. Ал палата ұсынысы жүзеге асып жатса, ең алдымен, осылардың ісі алға баспақ.
Қызылорда облысы