Түркістан облысы Түлкібас ауданының қазыналы қариялары бата беруден сайысқа түсті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Әз-Наурыз мейрамы қарсаңында «Бабаларды еске алу және бата күніне» орай ұйымдастырылған мерекелік шараның мақсаты – дәстүрлі баталарды кейінгі ұрпаққа насихаттау, ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту.
Ауданға қарасты барлық ауылдық округтердің батагөй қариялары қатысқан байқаудың бірінші айналымынан 9 ақсақал сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алды. Бата сайысының қорытындысымен Мичурин ауылдық округінің атынан шыққан Жарылқасын Бекжанов ақсақал «Ең батагөй қария» атанып, І орынды иеленсе, ІІ орын Майлыкент ауылдық округінің қариясы Аспандияр Келімбетовке бұйырды. Ал ІІІ орынды Түлкібас кентінің тұрғыны Ермахан Дәулетов пен Кемербастау ауылдық округінің абызы Ержан Әбдіхалықов жеңіп алды.
Жүлделі орындардан көрінген қариялар аудандық ардагерлер кеңесінің бағалы сыйлықтарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Түркістан облысы