• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Наурыз, 2021

Төрге шық, Ұлыс күні!

471 рет
көрсетілді

Әз-Наурыз, әуен наурыз, әзіз наурыз, қосақта бақытына жанды жалғыз. Көркейтіп дүниенің кеңістігін, толсыншы төрт түлікке өріс бүгін. Дәстүрлі Алашымның дәріптеліп, байырғы бабамызға еліктелік. Солардай бой түзейік тауға қарап, арманын алыптардың арға балап. Солардай ұстанайық салтты мығым, қайталап дәуірлердің даңқты жырын. Солардай ізгілікке шөл қандырып, әлемді ғұмыр бойы таңғалдырып. Күзетіп жайсаң жұртың тыныштығын, шашайық жырдан жақұт, ырыс гүлін. Қош келдің, қоңыр жүзді Ұлыс күні, мендегі мейірімнің нұр ұшқыны. Сенбісің, тарихымның тәбәрігі, жанға егіз жақсылықтың жаңа жыры.

Ғаламат көктемнің иісі, көңілдің хошы аңқыған, нәуірзектей құсы­ның таңдайында тамылжи «ән» шал­қыған бұл күн – ардақты әз-Наурыз! Ардақты болмай қайтсін, үш мың жыл бойы үзбей тойланып, 300 миллион адамды қуанышына ор­­тақ еткен ұлық таңның ұлағаты қазақ­қа аз болмаса керек-ті.

Олай дейтініміз, әлемдік күн­­тізбе ауысатын қаңтардың бірін­ші күнінде жаһанның жалпақ жұр­тынан жырыла қалып, «жылымның басы наурыз» деп сіресіп отыратын тағы біз – қазақ қой. Сөйте жүріп көктемнің алғашқы таңы атқанда «Міне, менің Жаңа жылым!» деп алты құрлыққа айқайлата жар салу да – тұп-тура сіз бен біздің маң­да­йымызға бұйырған мерей емес пе?!

Дәл осы күні, үлкендердің айтуынша, күн сәулесі Жер шарының шығыс бөлігінде таңғы сағат алтыда себезгілеп атқанда, біздің байтақ далада сағаттың тілі түнгі үштің төңірегінде тыпыршиды екен. Мереке таңы болып атуға аламан күткен жүйріктей асығып. Содан ба, әлде табиғат жүрегінде қозғалған сеңнің бір ұлы дауысынан ба – төңірек түгел тұлпар тұяғынан ұшқан түрлі дыбыстардай тоғыса құйқылжитындай. Дегбірсіз ала­ғызасыз. Ерекше еле­гізесіз. Осы сәт­ті жүрекпен сезіп, көңілмен кеш­сеңіз, сіз түр­­кі топырағына тө­гілген ға­жап нұр мен даланы кезе қы­дыратын Қызыр бабаның құдіретін сезінетіндейсіз. Бала көңілмен үлкендер сөзіне ұйып, қария көңілмен тағатсыздана кү­тетіндейсіз. Сөйтіп, бір өзгеше күйге оранған кейіпкер болып, дүн-дүниенің қызығына таңға­ла­­тындайсыз! Өйткені сан ға­сыр­лар бойы сақталған қазақы наным-сенім бойынша бұл түні Самар­қанның көк тасы да жібиді делінген. Оның себебі, бір айрықша нұр сол тасқа түседі (аңыз). Осы себепті де атам қазақ атаулы мерекеге орай аталы сөз арнап, «Бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, сендер де++ жақындарыңа де­ген өкпе-реніштен айығыңдар. Кө­­ңілдегі мұзды ерітіңдер»,  деп көпке көмегі көрнеу өсиет айт­қан. «Көмегі» деп көлдей етіп айт­қанымыз сол – бұл күнде жұрт қабағы жазы­лып, жүрегі жұмсап сала береді содан.

Ол ол ма, 22 наурыз қазақ үшін тағы ырыстың, берекенің, мол­­­­­шылықтың қазаны бұрқ-сарқ қайнаған, тірлігінің базары гүлдей жайнаған баяшат мезет сынды. Қасиетті күн. Ақ түйенің қарны жа­рылып, ақ өзеннің құрсауы қайт­қан күн деп содан айтады-ау, тәйірі?! Тап осы таңнан, дәп осы күннен бастап тіршілікке тың күш бітетіндей. Сосын да бұл­­қынып жатқан бұлаққа барып, көзін ашамыз, жас шыбықтың өзіне де аса бір махаббатпен қа­раймыз келіп. Өлшеусіз махаббат та, мейі­рім-шапағат та дәл осы күні әркімге нәсіп болардай. Әрбір жан­ның бойы сондықтан нұрдан балқырдай күй кешеді. Жер жүзінің дүр сілкініп, дү­рия көйлек ки­ген арудай еліте қа­ла­тыны, кө­ңілдің нәзік қылын шерте қала­тыны несі екен деңізші?!

Бәлкім, сол үлкендер айтатын: «Самалық, самалық, көк құс көзін ашты ма? Аяғын жерге басты ма?..» деп келетін Наурыз жырындағы әлгі көк құс көптің көкірегінен көктем сайын пыр-пырлап ұшар көкпеңбек көңіл құсы ма еді, кім білген?! Әйтеуір, біз – Мәңгілік елдің егесі дарқан қазақтар Ұлы дала төсін дүрліктіре осы мерекені тойлауда алдымызға жан салған емеспіз. Бабадан мирас, атадан аманат бұл дәстүрдің бұдан соң да үзілуі мүм­кін емес. Керісінше, ғасырдан-ға­сырға дәл бүгінгідей даңқы асып дүр­кірей бермек!