Алдағы күз айларында тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылатын тарихи сәт күтіп тұр. Олай дейтініміз, он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте ұйымдастырылғалы отыр. Үш он жылдықта жеткен жетістігіміз болса, жіліктеп жіпке тізетін, кеткен есеміз болса, кері бұрылып кем-кетігін айқындап алатын сәт бұл. Әрине, халқымыздың барын бағамдайтын бұл санақ өз дәстүрінен жаңылмағанда осыдан тура екі жыл бұрын қолға алынып, нәтижесі сарапталуы тиіс еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл жұмыс алдымен 2020 жылға, кейін пандемияның кесірінен 2021 жылға шегерілді. Осылайша, ұпайымыз түгенделетін Ұлттық санақты өткізудің сәті биыл келген секілді. Жалпы, халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде халықтың демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпыұлттық статистикалық сараптау саналғанымен, оның ауқымы әлдеқайда кең. Себебі санақтың қорытындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысында Ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесін айта келе, халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өткен болатын. Сондықтан мәнге де, мазмұнға да бай бұл науқанға біржақты қарауға болмайды.Келелі іске дайындық барысы да кеңінен қолға алынып жатыр. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша осы Ұлттық санақты ұйымдастыру және өткізу жұмыстарымен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Бұл ретте «Egemen Qazaqstan» газеті елді елең еткізген ендігі науқан алдында дөңгелек үстел ұйымдастырған еді. Оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Нияз Көшкімбаев, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институтының ғылыми қызметкері, әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз хатшысы Эльнара Байназарова қатысып, орамды ой-пікірлерін ортаға салды.
Ұлттық санақты ұйымдастыру басталды
– Әлихан Асханұлы, алғашқы сұрағымызды сізге қойсақ деп отырмыз. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасының 2021 жылғы Ұлттық халық санағын жүргізу жөніндегі арнайы комиссия құрылған болатын. Осы комиссияның төрағасы ретінде комиссия жұмысының негізгі мақсатын қалай түсіндіріп бере аласыз?
Әлихан СМАЙЫЛОВ:
– Өзіңіз айтып отырғандай, елімізде Қазақстан халқының ұлттық санағын ұйымдастыру мен өткізу барысында ұйымдастырушылық және нұсқаулық мәселелерін шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмыс барысында Ұлттық халық санағын ұйымдастыру мен өткізу кезінде туындайтын ұйымдастырушылық мәселелер мен проблемаларды шешу жөнінде ұсыныстарды әзірлейді, сондай-ақ орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
– Ұлттық халық санағын өткізу кезінде қандай қаулылар мен шешімдерге, қандай бағдарламаларға сүйенесіздер?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– Ұлттық халық санағын өткізу кезінде 2015-2024 жылдар аралығындағы кезеңде әрбір мүше мемлекет кемінде бір халық және тұрғын үй қоры санағын өткізуге шақырылған БҰҰ-ның 2020 жылғы Халық санағы және тұрғын үй қоры жөніндегі дүниежүзілік бағдарламасына, ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде 2020 жылға барынша жақын мерзімде кезекті халық санағын өткізу туралы шешіміне, Қазақстанның «Мемлекеттік статистика туралы» заңына, Үкіметтің 2010 жылғы 11 қазандағы «Ұлттық санақтарды жүргізу қағидасы мен мерзімдері туралы» №1049 қаулысына, сондай-ақ Үкіметтің 2019 жылғы 19 маусымдағы «2020 жылы Халықтың ұлттық санағын өткізу туралы» № 419 қаулысына, іс-шаралар жоспарына сүйенеміз.
– Ұлттық халық санағын ұйымдастыруға, өткізуге байланысты дайындық жұмыстары басталды ма?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– Қазіргі уақытта барлық дайындық іс-шаралары аяқталды. Тиісті нормативтік-құқықтық базаға өзгерістер енгізілді, 2021 жылы халық санағын өткізу жоспары бекітілді. Санақ мақсаттары үшін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді барлық қажетті мемлекеттік сатып алу жүргізілді. Санақ құжаттамасы дайындалып, өңірлерге жіберілді және қанатқақты санақ жүргізілді.
– Үкіметтің бұл ауқымды науқанға дайындығы қалай жүріп жатыр?
Әлихан СМАЙЫЛОВ:
– Осы жылғы 10 ақпанда 2021 жылы Қазақстан халқының ұлттық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу жөніндегі арнайы комиссияның ең алғашқы отырысы өтті. Онда орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының халық санағын өткізу жөніндегі бекітілген іс-шаралар жоспарының тармақтарының орындалуы және жалпы санаққа дайындық барысы талқыланып, қажетті хаттамалық тапсырмалар берілді.
– Комиссия өз жұмысын бастаған соң Ұлттық халық санағын өткізу күні де бекітілген болар? Нияз Жеңісұлы, тақырыпты одан әрі өзіңіз тарқатып берсеңіз. Дайындық кезінде қандай мәселелер ескеріледі? Санақ жүргізуге жауапты жұмыс органдарына тоқтала кетсеңіз?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– Қазақстанда Ұлттық халық санағын 2021 жылдың қазан айының 1-30 күндері аралығында өткізу жоспарлануда. Халық санағын өткізуге дайындық барысы пандемия шектеулерін ескере отырып, жүргізілетін болады. Осы жылғы санаққа жауапты орган – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы. Әлихан Асханұлы айтып өткендей, Қазақстан халқының ұлттық санағына дайындық және өткізу жұмыстарына байланысты ұйымдастырушылық, нұсқаушылық мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері кіреді. Бұл ретте, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы мен Қорғаныс, Ішкі істер, Сыртқы істер, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ, осындай іс-қимыл тәртібі жергілікті атқарушы органдармен, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктерінің арасында да айқындалды.
– Халықтың әлеуметтік жағдайы мен демографиялық ахуалдың байланысы жөнінде жүргізілген отандық зерттеулер мәселесі қаншалықты жолға қойылған? Мемлекеттік органдар тарпанынан мұндай зерттеулерге сұраныс бар ма?
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Халықтың әлеуметтік жағдайы мен демографиялық ахуалын болжау туралы зерттеуді Президент Әкімшілігінің тапсырысымен Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институты жүргізді. Сондай-ақ осы сипаттағы зерттеулерді Білім және ғылым министрлігі өткізетін ғылыми конкурстар шеңберінде де жүзеге асыруға болады. Осы мәселеге қатысты салалық ведомстволардың, Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері мен ғылыми институттардың қатысуымен кешенді ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу қажет деп есептеймін. Осы секілді стратегиялық маңызы бар мәселелер ғылыми конкурссыз, мақсатты қаржыландыру арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Бұл зерттеулерге мемлекеттік органдар, ғылыми институттар мен сарапшылар қауымы бірлесе жұмылуы керек. Демография мен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың байланысы іргелі әрі практикалық маңызы бар тақырып деуге болады. Бұл – Қазақстан үшін, тіпті, стратегиялық бағыттардың бірі.
Осы жылы олқылық болмауы тиіс
– Әлемде туындаған күрделі жағдай биылғы санақ нәтижелерінің сапасына қаншалықты әсер етеді?
Эльнара БАЙНАЗАРОВА:
– Кейінгі кездесулер барысында айқындалған басты қиындықтарға тоқталсақ, ең алдымен, санақ ауқымын қысқарту немесе бетпе-бет сауалдаманы мейлінше азайту туралы хабарланды. Оған қоса, деректерді жинау әдістемесін өзгерту және онлайн немесе телефон арқылы өтетін сауалдамаларды енгізу мәселелері талқыланды. Кейбір елдер халық санағы әдістемесіне үлкен өзгеріс енгізуді және әкімшілік деректерді кеңірек пайдалану мүмкіндігін қарастырып отыр. COVID-19 дағдарысынан туындаған ресми статистикаға қатысты қиындықтар уақыт өткен сайын арта береді. Статистикалық кеңселер қайта ашылып, мәліметтер жинау тәжірибесі қалыпты жағдайға келгеннен кейін де дағдарыстың салдары туралы ақпаратқа жаңа сұраныс пайда болады. Пандемия салдары туралы деректерді барлық ұйым мен мекеме қажет ететіні анық. Оның ішінде карантин шаралары қаншалықты тиімді болғаны болашақ тәжірибе үшін де маңызды. Індет салдарынан қанша адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр, қаншасы мигрант немесе босқын болды, экономика қалай өзгергені секілді өзге де сауалдар түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Жаңарған статистикалық мәліметке деген қызығушылық жоғары екені түсінікті. Ал пандемияның санақ сапасына қалай әсер ететінін дөп басып айту қиын. Бұл мәселе болашақтың еншісінде. Дегенмен, пандемия статистика саласына да өзгерістер мен қиындықтар ала келгені анық.
– Ұлттық халық санағы барысында бірқатар маңызды талдамалық деректер жиналатыны белгілі. Алдағы уақытта бұл деректер мемлекеттік органдар тарапынан қалай пайдаланады?
Әлихан СМАЙЫЛОВ:
– Ұлттық халық санағы халық өмірінің экономикалық, демографиялық және әлеуметтік аспектілері бойынша маңызды мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Халық санағы барысында алынған статистикалық деректер сонымен қатар стратегиялық құжаттарды және барлық деңгейдегі бюджеттерді объективті қалыптастыруға негіз болады. Атап айтқанда, бұл әлеуметтік саясаттың тиімділігін және әлеуметтік көмектің атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта халық санағын жүргізу аса қажет. Себебі мемлекеттік органдар, бизнес, қоғам және ғылым өз қызметінде қамту мен сапасының арқасында неғұрлым дәлірек және толық мәліметтер болып табылатын санақ деректерін пайдаланады.
– Халық санақтары нәтижесінде алынған ақпарат тұрғындардың әлеуметтік жағдайын қаншалықты шынайы бағалай алады?
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Халық санағы – қоғамның әлеуметтік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Санақ арқылы мемлекетте ең үлкен мәліметтер базасы қалыптасады. Біз жасайтын түрлі әлеуметтік сауалнамалар, өзге зерттеулердің іріктеуінің көлемі 1600, 2 мың, 7 мың, ең көбінде 10 мың болады. Статистика комитеті жүргізетін сауалдамаларға қатысатын адамдар саны 10 мыңнан аспайды. 100 мың, 200 мың не 1 млн адам қатысатын сауалдамалар жүргізілмейді деуге де болады. Халықтың тұрғын үй жағдайы, отбасылық құрамы, этностық сипаты, ұлты, діні, тіл білуі, білім деңгейі, көші-қон, болашақта көшу жоспары, неке туралы мәліметтер, жұмыспен қамтылу деңгейі, табыс көздері, денсаулығы, тұрмыста айрықша күтімді қажет ететіндігі секілді маңызды әлеуметтік көрсеткіштерді анықтауға болады. Ал бұл өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат бізге құнды мәлімет береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік туады. Әлеуметтік жағдайды сандық тұрғыда өлшейтін болсақ, біз азаматтардың табыс көлемін де білгіміз келеді. Мұндай мәселе өзге елдерде де кездеседі. Алайда, халықтың көпшілігі табысы туралы сауалдан жалтарып, жауап бергісі келмейді. Бұл сұраққа жауап алу ықтималдылығы төмен не шынайы болмауына байланысты бізде бұл сауал қойылмайды. Сол себепті халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын сандық тұрғыда бағалау өте қиын.
– Елімізде өткен соңғы 2009 жылғы Ұлттық халық санағында жіберілген қателіктерден қандай қорытынды шығарылды?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– 2009 жылғы халық санағы дәстүрлі әдіспен өтті. Яғни санақшылар респонденттерден алған мәліметтерді қағаз бланкілерге қолмен толтырды және санақшыларға міндетті түрде баспа әріптерімен жазу талабы қойылды. Санақ аяқталғаннан кейін толтырылған бланкілер деректерді тану үшін сканерден өткізілді. Алайда, жоғарыда аталған талапты кейбір санақшылар дұрыс орындалмауына байланысты, бланкілердегі деректер (әріптер мен сандар) сканерден өткенде оқылмай, оларды операторлардың қайтадан толтыруына тура келді. Бланкілерді қайтадан толтыруға байланысты, деректерді форматты логикалық бақылаулардан тексеру барысында көптеген қателер анықталып, респонденттерден мәліметтерді қайтадан нақтылау қажет болды.
Респонденттердің ЖСН-і қолданылмағандықтан, қайталанған деректерді салыстыру мүмкіндігі болған жоқ. Осы мәселелердің барлығы халық санағы қорытындысы бойынша статистикалық деректерді қалыптастыру үшін сапасына қосымша уақытты және қаражатты талап етті. Осы орайда аталған қателіктерді болдырмау мақсатында, биылғы халық санағын өткізу барысында, алғашқы 15 күнде, интернет сауал салу өткізіледі. Онда респонденттерге санақтан өздігінен өтуге, санақ парақтарын толтырудың әрбір кезеңіндегі нұсқаулықтар мен әзір-жауаптар, сондай-ақ виртуалды көмекшінің көмегімен оларды толтыруға мүмкіндік беретін sanaq.gov.kz. мамандандырылған сайтта интернет желісі арқылы респонденттер өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне санақ парақтарын өздігінен толтыра алады.
Интернет сауал салуымен қатар, сұхбаттар мен мәліметтерді жинау үшін халыққа жаппай сауал салу жүргізілетін болады. Алынған жауаптар барлық арифметикалық-логикалық бақылауларды ескере отырып, планшеттерге тіркеледі. Интернет арқылы мәліметтер ұсынған респонденттер сұхбаттардың сауал салуына жатпайды. Халыққа сауал салу кезінде респондентті сәйкестендіру ретінде сауал салынатын адамның ЖСН-і пайдаланылатын болады.
32 509 адам уақытша жұмысқа тартылады
– Халық санағын жүргізудегі қалыптасқан стандарттар пандемия салдарынан қалай өзгерді?
Эльнара БАЙНАЗАРОВА:
– Халық пен тұрғын үй санақтары қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі мен экологиялық тұрақтылықты сараптауда стратегиялар мен бағдарламалар үшін қажетті мәліметтер жинаудың бірден-бір құралы саналады. Дүниежүзі бойынша халық және тұрғын үй санағы барлық елдер мен аумақтарда 2015-2024 жылдар аралығында кемінде жылына бір рет жүргізілуі тиіс. Бұл міндеттеме БҰҰ-ның 2015 жылғы 10 маусымдағы қарарына сәйкес қабылданған. Алайда COVID-19 пандемиясы санақты жалпы республикалық деңгейде жүзеге асыруға тосқауыл болды. Көп елдерде санақ уақыты кейінге қалдырылды. Одан бөлек, осыған дейін дәстүрлі әдісті қолданып келген мемлекеттер сандық тәсілді қолданып, онлайн өткізу туралы шешім қабылдады. Соңғы деректерге сүйенсек, 2020 жылы 49 ел мен аймақ халық санағын өткізуді жоспарлаған еді, ал 53 ел 2021 жылға жоспарлаған. 2020 жылғы халық және тұрғын-үй қоры санағының дүниежүзілік бағдарламасына БҰҰ-ның Еуропа бойынша экономикалық комиссиясы мен ұйымның Статистикалық комиссиясы жауапты. Былтырғы жылдың басында қабылданған жоспарға сәйкес, ТМД елдері бойынша халық санақтары 2019-2023 жылдары аралығында өтуі тиіс еді. Қазақстанда 2020 жылы 1-30 қазан аралығына жоспарланған Ұлттық санақ пандемия салдарынан кейінге шегеріліп, биыл өтетіні белгілі. Стандарттарға келетін болсақ, мәліметтер жинаудың кез келген қолайлы тәсілін қолдануға болады.
Алдағы жылдары дәстүрлі жолмен қатар, онлайн тәсілді енгізетін елдер қатары көбейеді деген болжам бар.
– Онлайн тәсіл демекші, Ұлттық халық санағын жүргізу жөніндегі арнайы комиссияның алғашқы отырысында онлайн режімде жұмыс істейтін мамандандырылған портал қызметі қолданылатыны айтылды. Бұл ретте, порталға енгізілетін мәліметтердің, қолданушылардың жеке дерегінің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Мұндай құнды мәліметтерді кім және қалай қорғайды?
Әлихан СМАЙЫЛОВ:
– Ұлттық статистика бюросының ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізіміне енгізілген және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Мемлекеттік техникалық қызмет» акционерлік қоғамында мониторингте тұр. Халыққа сұрау салу планшеттер арқылы және интернет желісі арқылы онлайн режімде өтеді. Планшетте санақ парақтарын толтыру кезінде шифрланған күйде сақталатын контейнер қалыптасады және деректерді Ұлттық статистика бюросының серверлеріне МОБТЖ (Мемлекеттік органдардың бірыңғай транспорттық жүйесі) бойынша қорғалған каналдар арқылы жолданады.
Sanaq.gov.kz сайтын қорғау үшін әлемдегі ең ірі арнайы коммерциялық сертификаттау орталықтарының бірі – Sectigo SSL сертификаты сатып алынды. Онда пайдаланушы мен сервер арасында деректер алмасу қорғалған https хаттамасы бойынша жүреді. Қазақстанның «Ақпараттандыру туралы» заңына сәйкес, тоқсан сайынғы негізде кемшіліктердің бар-жоғына зерттеулер жүргізіледі. Сонымен қатар Ақпараттандыру саласындағы заңнама талаптарына сәйкес ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізілді және оң нәтиже алынды. Алынған деректердің құпиялылығы мен сақталуын Қазақстан заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен ынтымақтаса отырып қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады.
– Санақ жүргізуге қанша адам тартылады? Олар қалай іріктеледі? Аймақтарда санаққа санақшыларды тарту мәселесі қалай ұйымдастырылады?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– Халық санағын өткізу кезінде
32 509 адам уақытша жұмысқа тартылатын болады. Жұмысқа Қазақстанның 18 жастан асқан бастамашыл, жауапты, тіл табысқыш, дербес компьютерде жұмыс істеу дағдысы бар азаматтары жұмылдырылады. Олардың жұмыс өтіліне және кәсіби біліміне талаптар қойылмайды. Сондай-ақ санақ жүргізетін ұйыммен өтеулі қызмет көрсету шарттары жасалатын болады.
– Ұлттық санақ нәтижесінде алынған талдамалық деректер халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруда қандай рөл ойнайды? Бұл деректер зерттеушілер үшін қаншалықты маңызды?
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Ұлттық санақ нәтижесіндегі мәселелер біздің қоғамның әлеуметтік портретін қалыптастырады. Ұлттық халық санағының нәтижесі еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарын анықтауға, жүзеге асып жатқан кейбір бағдарламаларға түзетулер енгізу үшін маңызды. Одан бөлек республикалық және аймақтық деңгейде жаңа мемлекеттік бағдарламаларды даярлауда қолдануға болады. Санақ нәтижесі түрлі салада тиімді пайдаланылатынын ескерсек, оның сапалы жүргізілуіне көңіл бөлінуі керек. Санақтың маңызын халыққа түсіндіру маңызды. Бұған тек кезекті статистикалық мәлімет ретінде немқұрайды қарап, сауалдарға дұрыс жауап бермейтіндер болуы мүмкін. Биылғы санақ дәстүрлі әдіспен қатар, онлайн өтетіні белгілі. Бұл жұмыстың сапасына әсер етуі мүмкін деген қауіп те бар. Онлайн толтырған азаматтар кейбір сұрақты дұрыс түсінбеуі мүмкін. Сол себепті санаққа жұмылдырылатын әр қызметкер, волонтердің біліктілігі мен дайындығы жоғары деңгейде болуы тиіс. Онлайн платформаның барынша оңай әрі жеңіл болғаны дұрыс. Азаматтардың уақытын арнап, сауалдарға шынайы жауап беруі үшін алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Жиналған деректерді тиімді пайдаланған жөн
– Деректерді пайдалануға қатысты қандай ұсынысыңыз бар?
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Жиналған мәліметтерден елдегі жекелеген өңірлердің, аудан ауылдардың портретін жасап шығаруға болады. Жауапты орган статистикалық жинақтар шығарып, нәтижесін жариялайтыны белгілі. Әлеуметтанушы, зерттеуші ретінде санақ нәтижесінде жиналған мәліметтерді көшіріп алу, өңдеу мүмкіндігі берілсе деген ұсыныс бар. Адамдардың жеке басына қатысты деректерді жасырып, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына қатысты ақпараттың ғалымдарға қолжетімді болуы болашақ зерттеулерге сүбелі үлес қосар еді. Бұл зерттеушілердің өз бетінше гипотеза жасап, оны тексеруіне не дәлелдеуіне жол ашып, ауқымды мәліметтер базасына айналары сөзсіз.
– Санақ жүргізуге бюджеттен қанша қаражат бөлінеді?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– 2018-2023 жылдарға арналған Ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 8,2 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта одан 3,6 млрд теңге (44%) игерілді (қажетті жабдықты, бағдарламалық қамтамасыз етуді және атрибуттарды сатып алу). 4,2 млрд теңге мөлшеріндегі қалған бөлігі ұлттық халық санағын өткізу мерзімінің ауыстырылуына байланысты республикалық бюджетке қайтарылды. Алдағы нақтылауда бұл қаражат халық санағының мақсаттарына (еңбекақы төлеу қоры, іссапар шығыстары, деректерді өңдеуге және таратуға арналған шығыстар) бағытталатын болады деп күтілуде. Алайда Ұлттық халық санағының пандемияға байланысты кейінге шегерілгендіктен, сәйкес көзделген қаражат мөлшері қайтадан қарастырылуы мүмкін.
– Елдегі демографиялық өсімге халықтың әлеуметтік жағдайы қалай әсер етеді? Бұл ретте, көп балалы отбасыларды, әлеуметтік осал топтарды қолдау шаралары елімізде қаншалықты жолға қойылған деп ойлайсыз?
Айсұлу МОЛДАБЕКОВА:
– Демографиялық өсімі жоғары және төмен мемлекеттерді салыстырар болсақ, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары елдерде өсім аз, ал керісінше әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен елдерде демографиялық өсім жоғары екенін байқауға болады. Бұл парадокс халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы демографиялық өсімге әлем бойынша айтарлықтай әсер етпейтінін көрсетеді. Бұл жағдайда қоғамның құндылығы басты рөлге шығатынын айта кеткен жөн. Десе де біз жүргізген әлеуметтік сауалдамалар мен сарапшылардың пікіріне сүйенсек, Қазақстанда демографиялық өсімді тежейтін факторлардың бірі ретінде осы әлеуметтік-экономикалық жағдайды алға тартады. Біздің қоғамда негізгі құндылықтар қатарынан отбасы, бала және денсаулық түскен емес. Сондай-ақ әлеуметтік сауалдамалар некеге тұру, отбасында бала санының көбеюіне табыс көлемі мен баспана жағдайы тікелей әсер ететінін көрсетеді. Жалпы, демографиялық өсімге қоғамның құндылықтары тікелей әсер ететінін ескере отырып, Қазақстан жағдайында азаматтардың отбасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға да баса мән беретінін айтар едім.
– COVID-19 пандемиясы 2020 жылы санақ өткізуді жоспарлаған елдерге қалай әсер етті? Қандай шаралар қабылданды? БҰҰ тарапынан қандай кеңес берілді?
Эльнара БАЙНАЗАРОВА:
– Біріккен Ұлттар Ұйымының Статистика бөлімі ұйымға мүше елдердің статистика мекемелеріне әдістемелік базаны әзірлеу мен дамыту бойынша үздіксіз қолдау көрсетеді. 2020 жылғы бағдарламаның орындалуын бақылап, табысты жүзеге асырылуына да көмектеседі. Деректерге, нақты сандарға деген сұраныс жоғары. Дегенмен дүние жүзін әуреге салған пандемия кезінде жаңа қиындыққа тап болдық. Төрткүл дүние түбегейлі өзгерген жағдайда санақ жүргізу мүмкін болмады. Әдетте мәліметтің көбі үй-үйді аралап, не жұмыс орындарында сауалдамалар жүргізу арқылы алынады. Карантин кезінде тұрғындардың мекен-жайына бару қауіпті, ал жұмыс орындары жабық болды. Мұндай жағдайда экономикалық немесе әлеуметтік статистиканы жасақтау, тіпті мүмкін емес. Оған қоса статистикалық бюролардың қызметкерлері де үйден жұмыс істеуге мәжбүр болды. Деректерді өңдеу құралдары мен есептеу техникасы үй жағдайында қол жетімсіз екенін ескерсек, мамандардың тиімділігі төмендегені сөзсіз. Кедергілер статистикалық өндірістің барлық қадамында ұшырасып отырды. Санақ операциялары көбінесе қабылданған заңнамаға сай өткізіледі. Алайда кейбір елдерде заң шығару процестері де тұралап қалды, сауалдама жүргізу үшін уақытша жұмыс күшін жалдау қажет, кадрлық жұмыстар бұрынғы қалыппен жұмыс істемейтіні айтпаса да түсінікті, халықтың жұмыспен қамтылуы туралы деректерді анықтау үшін қойылатын жұмыс орны, жұмыс уақыты секілді кейбір сұрақтардың мәні өзгеріп кетті. CAPI, CAVI, PAPI секілді мәліметтерді жинау әдістерін үйлестіру үшін жаңа бағдарламалық қосымшаларды әзірлеу қиынға соқты.
– Пандемия санақ жүргізуге теріс әсер етіп, көпшіліктің «қолы байланған» тұста БҰҰ тарапынан қандай қадамдар жасалды? Бәлкім, биыл санақ өткізуді көздеп отырған еліміздің де халықаралық тәжірибеден ескерері бар шығар?
Эльнара БАЙНАЗАРОВА:
– Статистикалық ведомстволар бетпе-бет келген мәселелерді халықаралық деңгейде шешу қажеттілігі туғандықтан, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы ұлттық статистика ведомстволарына арнап арнайы
statswiki.unece.org онлайн платформасын іске қосты. Онда жауапты органдар мен статистика қолданушылары өз ойларын, пандемия кезіндегі тәжірибесін және өзге де пайдалы материалдарды жариялай алады. Сондай-ақ онда өзге де пайдалы ресурстарға сілтемелер беріліп, алдағы өтетін санаққа қатысты ақпаратты, нұсқаулықтар мен дағдарысқа қарсы мәлімет топтастырылған.
Санаққа алынбайтын азаматтар да бар
– Санақ кезінде Қазақстандағы қандай азаматтар санауға алынады? Шетелде оқу, демалу, қызмет бабы бойынша жүрген отандастарымызға санақ жүргізіле ме?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– Қазақстан Республикасындағы халық санағы кезінде келесі азаматтар санақтан өткізілетін болады:
– халықты есепке алу сәтінде елдегі тұрғылықты жерінде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарының желісі бойынша қызметтік міндеттерін (дипломатиялық корпус) немесе ұзақ мерзімді қызметтік іссапармен байланысты 12 ай және одан көп мерзіммен шетелде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары (олармен бірге жүрген олардың отбасы мүшелерін қоса);
– Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бірақ 12 айдан аз мерзімге қызметтік іссапарға, келісімшарттар бойынша жұмысқа, оқуға шетелге уақытша кеткен адамдар («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитындарды және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитындарды қоса алғанда – олардың елдегі болмаған мерзіміне қарамастан);
– Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және демалуға, емделуге, туыстарына немесе таныстарына қонаққа баруға шетелге уақытша кеткен адамдар (олардың болмаған мерзіміне қарамастан);
– Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, халықты есепке алу сәтінде жүзіп жүрген отандық балық аулау және сауда кемелеріндегі теңізшілер;
– тіркеу құжаттарын ресімдеп үлгермегендер немесе тұрғылықты тұруға ықтиярхат алмағандарды қоса, шетелден Қазақстан Республикасына тұрғылықты тұруға немесе пана іздеп келген Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
– 12 айдан көп мерзімге шетелден Қазақстан Республикасына жұмысқа немесе оқуға келген Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар (олардың Қазақстан Республикасында қанша уақыттан бері тұратынына және тағы қанша уақыт жүретініне қарамастан).
– тұрақты тұратын жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде Қазақстан Республикасының аумағында уақытша (12 айдан аз) жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және Қазақстан Республикасының азаматтары.
– Қандай азаматтарға санақ жүргізілмейді?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– Қазақстан Республикасындағы халық санағы кезінде келесідей азаматтар санаққа алынбайды:
– шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
– «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, 12 ай және одан ұзақ мерзімге шетелге жұмысқа немесе оқуға кеткен Қазақстан Республикасының азаматтары (12 айдан асатын болмау ұзақтығына қарамастан);
– өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері;
– Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетел азаматтары;
– өз мемлекеттерінің үкіметтік немесе өзге де делегацияларының және заңды органдарының мүшелері болып табылатын шетел азаматтары.
– Ұлттық санақ туралы айтқан кезде жергілікті жерлерде атқарылатын жұмыстарды аттап өту мүмкін емес. Аймақтарда халық санағын ұйымдастыру және өткізу жұмыстары қалай үйлестіріледі? Облыс басшыларына қандай міндеттер жүктеліп отыр?
Әлихан СМАЙЫЛОВ:
– Ұлттық халық санағын өткізу туралы іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға бірқатар міндет жүктелген. Қазақстандағы ұлттық халық санағын өткізуге жәрдемдесу жөнінде өңірлік комиссиялар құру көзделуде. Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірліктердің тізбесін және шекараларын нақтылау, көше атауларын, орам, үй және пәтер нөмірлерін ретке келтіру бойынша іс-шаралар өткізу, тұратын халық санын нақтылау бойынша жұмыстарды жүргізу, картографиялық материалдарды (елді мекендердің карталарын және схемалық жоспарларын) дайындау да назардан тыс қалмайды. Сонымен қатар тұрғындар арасында Ұлттық халық санағын өткізу мақсаттары мен тәртібі туралы жаппай түсіндіру жұмыстары да жүргізіледі. Санақ персоналын үй-жайлармен қамтамасыз ету мәселесі де ескеріледі. Сондай-ақ халық санағын өткізу барысында өңірлік статистика департаменттеріне жәрдемдесу көзделіп отыр.
– Өткен кезеңдегі халық санағымен салыстырғанда Қазақстанның халық санағын өткізуге дайындығын қалай бағалайсыз? Қазақстан санақ жүргізуде халықаралық жаңа стандарттар мен методологияға қаншалықты ашық?
Эльнара БАЙНАЗАРОВА:
– Індетке байланысты, жағдай күн сайын өзгеруде. Сондықтан биылға жоспарланған санақты өткізуге дайындықты бағалау қиын. Өткен санақтарды алсақ, Қазақстан БҰҰ мүшесі ретінде халық санағын жүргізгенде халықаралық стандарттарға барынша сүйенеді. Жоғарыда айтылғандай, індет санақтың жаңа әдістемелеріне көшуді ұсынады. Халық санағының жаңаша әдістемесі мен құралдары қандай нысанда болатыны әлі де пысықталып жатыр. Былтыр БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі Тұрақты даму мақсаттары бойынша жаңа ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды. Ол бойынша Қазақстанның тұрақты дамуындағы басты бағыттар анықталған. Олар адам капиталының дамуы және тең құқылы қатысуы, тиімді институттар, адам құқықтары және гендерлік теңдік, инклюзивті экономикалық өсу мен экологиялық тұрақтылық. Алдағы санақ нәтижесі осы басым бағыттардың елдегі ахуалын көруге мүмкіндік бермек. Халық санағының тек статистикаға қажет сандар емес, мемлекеттік саясаттың, стратегиялық құжаттар мен бағдарламалардың негізіне алынатынын ескеріп, халыққа кеңінен түсіндіру де маңызды екенін атап өту керек.
– Санақ нәтижесі қай салалардың жұмысын дамыта алады? Жалпы, Ұлттық халық санағы елімізге не үшін қажет? Сауалдамаға дұрыс жауап беру несімен пайдалы?
Нияз КӨШКІМБАЕВ:
– Санақ нәтижесі экономикалық және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және дамыту үшін қажет, яғни құрылыс және баспаналарды бөлу, демографиялық және көші-қон процестері, білім, денсаулық сақтау салаларында және жұмыс орындарын құру бағдарламаларын дамытуға көмектеседі. Халық санағы жұмыс орындары туралы, ал бизнес үшін маңызды және нақты соңғы тұтынушы туралы толық сипаттама береді. Халық санағына қатысқан әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге салмақты үлес қосады.
P.S. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметке сенсек, биылғы 1 қаңтардағы Қазақстандағы халық саны 18 877 128 адамды құрап отыр. Тоғызыншы территория үшін бұл тым төмен көрсеткіш екені айтпаса да анық. Арттыру үшін не істеу қажет? Ең алдымен, осы 18 млн халықтың жай-күйін алдымызға жайып, анықтап қарап, дамуға, көбеюге тиетін теріс әсерден тездетіп құтылғанымыз жөн. Бұл ретте, Президент аталған шарадан мейлінше мол мағлұмат алу үшін сауалдаманың мазмұнына көп көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын. Президент тапсырмасы назардан тыс қалмайды деп сенеміз. «Балапанды күзде санайды» демекші, санымыз бен сапамызға қазан бойы қан жүгіретін түрі бар. Ал соның анық-қанығын 2022 жылдың ортасына қарай Үкімет нақты мәліметтерді жариялаған кезде білетін боламыз.
Рауан ҚАБИДОЛДА,
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»