• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
24 Сәуір, 2010

ЖЕҢІС-65

797 рет
көрсетілді

ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ Уақыт ешкімге бағынбайды, өз дегенін жасайды. Отты жылдарда от кешкендер қатары күннен күнге сиреп бара жатыр. Тіпті, 1941 мен 1945 жыл­дары туған ардагерлердің өзі пайғамбар жасынан асты. “Жасымда бейнет, қартайғанымда зейнет бер” дейтұғын ата-әжелеріміз қанды қырғынды да, аштықты да көрді. Сондай азамат­тар­дың бірі – Ашитов Зайырхан. Көретін жарық сәулесі бар ма екен, әлде тұз-дәмі таусылмады ма, Зайырхан Омар­ұлы миллиондаған адамның өмі­рін жалмаған қан майданның қасап­ханасынан бірнеше рет жараланып, елге аман-есен оралған. Мұрты тебін­деген көкөрім бозбала соғыс атты зұлмат­­ты естігенде бар-жоғы он жеті жаста еді. Алайда, ол 1925 жылы дүниеге келгені­мен, 1939 жылы өзінен жас шамасы үлкендеу достарынан қалғысы кел­мей, БЛКЖО қа­тарына өту үшін жасын 1923 жылы туған деп ұлғайтып алады. 1942 жылы 28 ақ­панда жап-жас жігіт әс­кер қатарына шақыр­тыл­ды. Аталмыш жыл­дың наурызында Ал­маты қаласының түбін­дегі болашақ офицерлер дайындайтын жаяу әс­кер­лер училищесіне оқу­ға түскен Зайырхан Омар­ұлы, сол жылдың 15 маусымында соғысқа аттанды. Сөйтіп, 1942 жылы 19 тамызда әлі офицерлік шенді тағып үлгермеген ол майданның алғашкы шебінен бір-ақ шықты. 19-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарында жүріп, жаумен шайқасты. Соғыстың аты – соғыс. Оқ тиіп жарақаттанды. Біраз уақыт госпитальда жатып, емделіп шыққаннан соң Волхов майданы жанындағы кіші лейтенанттар курсына оқуға жіберілді. Онда бір жарым ай оқып, кіші лейтенант шенін алып, взвод командирі ретінде май­данға түсті. Волхов, Ленинград майдан­дарында жаумен шайқасып, өзіне жүктелген жауапты қызметтерді ұқыпты атқарды. Соғыстың аяғына таман Эстонияға жіберіліп, Таллин қаласын, одан кейін Минск қаласын жаудан тазартуға атса­лысты. Соғыс ардагерінің Украинаны, Минскіні, Ленинградты жаудан тазарт­қан ерліктері ескеріліп, Ленинградты азат еткені үшін медалімен және “Қы­зыл Жұлдыз” орденімен марапатталды. “Әлі есімде, – дейді Зайырхан Омар­ұлы, – бір күні полк командирі ша­қырып алып: “Жолдас кіші лей­тенант Ашитов, сіз жауынгерлердің қан­шасы аман, қаншасы мерт болғаны жайындағы дерек­тер тіркелген пакетті дивизия штабына жеткізуіңіз керек”, – деді. Алдымызда жаудың нысанасына алын­ған үлкен көпір тұрған. Оқ төбе­ден жаңбырша жауады. Қайткенде көпір­дің арғы бетіне өтуіміз керек. Тапсырма бойынша бірінші солдат, сосын барып мен өтуім тиіс. Өйткені, әлгі пакет аса құпия болатын, ал менде құпия құжаттарға рұқсат болмаған. Сол себепті алдымен солдатты жіберуім керек еді, ол тапсырманы орындамай өліп кеткен жағдайда іске мен кірісуім керек еді. Ойлағандай жау оғы жауын­герді қағып түсті. Ол менің көз алдым­да мерт болды. Енді пакетті әрі қарай алып өту – менің міндетім. Пакетті ала сала алға қарай ұмтылдым. Құдай қаққан болу керек, сол арадан өтіп кеткеннен кейін жаудың снаря­ды таяқ тастам жерге түсіп жарылды. Есімді жиғанымда маңайды қара түнек басып тұр екен. Бетімді сипап едім, қолы­ма қанға жентектелген дымқыл топырақ ілікті. Әйтеуір, аман қалдым. Коман­дир­дің берген тапсырмасы орын­далды. Сол күні мен штабта қонып қал­дым. Жау түнімен тоқтамай оқ жау­дыр­­ды. Снаряд­тар әр жақтан ұшып жат­ты. Дивизия штабындағы 20-ға жуық офи­цер мерт болды. Солардың ішінен төрт офи­цер ғана тірі қалды оның ішінде мен де бар­мын. Қазіргі күнге дейін өзімнің со­ғыс­­тан аман-сау қалғаныма таңқаламын. Тағы бір естен кетпес оқиға, соғыс майданында басымнан, денемнен қатты жарақат алып, санитарлық бөлімге ауыр халде түсіппін. Есімді жинап жан-жағыма қарасам, екі санитар орысша сөйлесіп тұр екен. Сол кезде маған жаман ой келді, мен жаудың қолына тұтқынға түскен екенмін ғой, ал мына опасыз медбикелер Отанды сатып, енді фашистерге қызмет істеп жатыр екен деген. Менің оян­ғаным­ды байқап бір санитар қыз жаныма келіп, қуана аймалай беріп еді, мен оған айғайлап, сен сатқынсың деген айып тақ­тым. Бірақ медбикешіміз менің айқайым­ды тоқтатып, сабырлыққа шақырып, менің қай жерде және не себеппен жат­қанымды түсіндірді. Сол бір кездегі қуанғанымды көрсеңіз. Өзім алапат соғыста апталап көз шы­рымын алмағанмын, жатқан санитарлық бө­лім­нің төсегінде тәулікті тәулікке жалғап, тәтті ұйқыға кеткенімді әлі күнге дейін тамсанып еске аламын”. Соғыс аяқталып, көп­­­тен күткен Жеңіс кү­ні де жетті. Жеңіс күнін Зайырхан Омар­ұлы Эс­тонияның Хап­сул атты кішкентай бір ауылында қарсы алды. “Ол менің өмірімдегі ең ерек­ше, ұмытыл­майтын сәт­тердің бірі”, – дейді қарт ардагер көңілі босап. Соғыстан кейін Зайыр­хан Омарұлы Ле­нин­град түбінде зенит артиллериясы әскери бөлімінде жұмысын одан әрі жалғастырды. Алайда, білімге деген құштарлық оны жоғары білім алуға ұмтылдырды. Оқуға барғанға дейін Пьярно қаласында орна­ласқан 8-ші гвардиялық пан­филов­шылар диви­зия­сында рота командирі болып қызмет атқарды. Сол жерден әс­кери заң академиясына оқуға ат­тан­­ды. Бір орынға 32 адам таласқан іріктеу талабы өте жоғары. Таңның атысынан күннің баты­сына дейінгі тынымсыз дайындығының нәтижесінде еңбегі жа­нып, армандаған оқуына түсті. Сөйтіп, оны 1952 жылы үздік тәмамдап, қызмет жолын КСРО Қарулы Күштері әскери три­буна­лынан бастады. Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің әскери три­бу­налының мүшесі болды. 1952 жылдан 1976 жылға дейінгі ара­лықта армия, гар­низон, Түркі­стан, Забай­калье әскери округ­тері трибунал­дары­ның мүшесі және Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің, Алматы гарнизоны армиясының әскери трибу­налы­ның және Қызыл Тулы Орта Азия әскери округінің төрағасы қызмет­терін адал атқара жүріп елінің құрметіне бөленді. Өмір жолында тіршіліктің осындай қилы кезеңдерінен өтіп шыңдалып, әс­кери округтер трибуналдарының мүше­сі, әскери округтер төрағасы, КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасының запастағы судьясы болды. “Күні бүгінге дейін есімде, – деп әң­гі­месін жалғастырды Зайырхан Омар­ұлы, – Қазақ КСР Мемлекеттік қауіп­сіздік министрлігінің әскери трибуна­лы­ның мүшесі бола жүріп, алғаш рет Сталинге қастандық жасамақшы болды-мыс деген күдікпен екі айдай қамауда отырған әлдебір ұжымшар төрағасына байланысты 5-6 томнан тұратын істі қарадым. Іспен асықпай, егжей-тегжейлі танысып шыққан соң, құжаттарды сотқа жібермей тоқтатып тастадым. Сталиннің көзі тірі кез еді. Үлкен дау туды. Бірден Мәскеуден құрамында 4-5 адамы бар комиссия аяқ астынан сау ете қалды. Сол кезде: “Сен не істедің? Енді қызмет жолың үзілді”, деп шорт кескендер де болды. Комиссия істі бүге-шігесіне дейін қарап, менің колхоз төрағасын босатып жібергенімді дұрыс деп шешті”. Міне, ардагердің әскери трибунал­дағы алғашқы қызмет баспалдағы осылай басталған. Зайырхан Омарұлы – КСРО кезін­дегі әскери заңгерлердің ішінде тағы­лым­дамалық жұмысын үзбей ғылыми жұмысымен қатар алып жүрген, тұңғыш және жалғыз докторлық диссертация қорғаған адам. Қазір заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, әділет полков­нигі. Дәл осы уақытта майдангер ғалым Қайнар университетінде студенттерге дәріс оқып жүр. Әлі де тың, тек оның әжім басқан жүзіне қарап отырып өткен өмірдің сайрап жатқан іздерін көрген­дей боласың. Зайырхан Омарұлының ауыз толтырып айтатын марапаты бір басына жетіп артылады. Ең бастысы – өзінің артында қалатын ұрпақ өсіріп, немере, шөбере сүйіп отырған ардақты жан. Мұндай адам запаста болғанымен, шынында да ең жоғары тұрған әскери шендерге лайық және мұндай адамның өмір жолынан өнеге алған ұрпақтың ұтылмайтындығы да анық. Серік БАЙБАТЫРОВ, Қазақстан Республикасы Әскери сотының төрағасы. НҰРҒАНЫМ Намыс ерлікке жеткізеді, Ерлік елдікке жеткізеді. Бауыржан МОМЫШҰЛЫ. Қазақтың баяғыдан ұран етіп айтар бір ұлы қасиеті: қызын ұлға балап, қона­ғындай қолпаштап, құтты орнына қон­ғанша басына орамал салмай, үкі таққан бөрік, өрнекті тақия кигізіп, әспеттеуі дер едік. Әрине, бұл дәстүрдің кейбіреуі қазір заманға қарай келмеске кетті десе де болады. Бетінен қақпай, ақыл-пара­сатпен балапандай баулыған бұл дәстүр – ұрпақтың ұлағатты болып өсуіне, алтын асықтай инабатты болып бой­жетуіне септігін тигізгені айдан анық. Арғы-бергі тарихқа қарап отырсаң, бүкіл жұртқа мықты діңгек, ұйытқы болған аяулы аналар, батылдығы батырлыққа ұласқан қаһарман қыздар шоғыр-шоғыр болып көз алдыңнан өтеді. Осыдан 65 жыл бұрын күндей күркіреген, ажал оғы жаңбырдай сіркіреген сұрапыл соғыста көрінгенді көзден ататын мергендігімен, көкке самғап көтерілсе, жаудың апшы­сын қуыратын қыран тектес қырағы­лығымен, партизан құрамаларында жүріп небір ерліктер жасаған 6 мыңнан астам қазақ қызы өз тектілігі мен тегеурінділігін көрсеткені мәлім. Әсіресе, жасындай жарқ етіп шыққан шығыстың қос жұлдызы – Әлия мен Мәншүктің ерлігі ұлтқа мақтаныш, ұрпаққа үлгі. Сондай асыл текті қыздар­дың қатарында Бөкей ордасынан шық­қан партизан қыз, Жайықтың Нұр-апасы атанған Нұрғаным Байсейітова да бар. Ол 19 жасында өзі сұранып май­данға аттаныпты. Партизан отрядында радист болып әскери міндетін атқарған. Қарғадайынан бірге өсіп, біте қайнаған Нұрғаным Бекенқызының замандасы, соғыс және еңбек ардагері, байырғы қаламгер Рафхат Галимуллин ол туралы былай дейді: – Біз соғысқа аттанғанда атақ үшін емес, ел мен жерді қорғап, ұрпақ болашағының алаңсыз болуын ойладық. Мен өткен өмір жолдарыма ойша көз жіберсем, көп нәрсе көңілдің көкжиегінде бұлдырап тұратыны бар. Биыл 65 жылдығы кең көлемде аталып жатқан Ұлы Отан соғы­сында Белоруссияны басқыншы­лардан азат етуге қатыстым. Бұл 1944 жылдың маусым айы еді. Өліспей беріспейміз деп қасарысқан жаудың осы тұста беломырт­қасы опырылып түспесе де сына бастаған кез болатын. Мен Белоруссия майданының құрамындағы 36-шы атқыштар корпусы штабының байланыс офи­цері болатынмын. Сол мемлекетті азат етуге арналған “Багратион” опера­циясын іске асыру мақсатында бірінші, екінші, үшінші Белоруссия және бірінші Прибалтика майдандарының жауынгер­лері фашистердің таңдамалы армия­сының өзін тас-талқан етті. 22 маусым­нан 23 маусымға қараған түні біздің авиа­ция немістердің алғы шебін және жақындағы тылын бомбы астына алды. Артиллерияның дәлдеп жіберген снаряд­тары жаудың траншеяларының ұйқы-тұйқысын шығарды. Сөйтіп, олардың қорғаныс шебін бұзып, шілденің басын­да Белоруссияның астанасы Минск қаласы жаудың басқыншылы­ғынан азат етілді. Осы арада менің ойыма сол елдің бір ілтипаты түсіп отыр. Белоруссия азамат­тары өздерінің тәуелсіздік күні біз сияқ­ты соғыс ардагерлеріне құттықтау хат жолдап отырады. Оған президент Алек­сандр Лукашенко қол қоятынын да айта кетсем деймін. Сондай құттықтаудан бір үзінді келтірер болсам: “... Мы склоняем головы перед мужеством, стойкостью и силой духа фронтовиков, партизан, подпольщиков, труженников тыла – людей разных национальностей, которые сплотились для отпора врага” деген жолдарды оқуға болады. Миллиондаған ұрпақтың қанын суша төккен сол соғыста партизандардың ерлік ісі ерекше болды. Мұз жастанған ауыр жылдарды қазір еске түсірсең, жан дүниең түршігеді. Белоруссияны азат етудегі партизандардың ерен ерлігі тарих бетіне алтын әріптермен жазылған. Мен осы жерде Белоруссияны азат еткен аза­мат­тардың арасында қазақтың партизан қызы Нұрғанымның болғанын әркез айтып жүремін. Оның жауға қарсы жұмсаған ерлігі мен ерен қимылы талай жұртты тәнті еткен. Біздің Нұрғаным Бекенқызы қасиетті Жайықтың Бөкей ордасының түлегі еді. Әке-шешеден ерте жетім қалып, балалар үйінде тәрбиелен­ген. Соғыс басталғанда Орал қаласындағы №4 қазақ орта мектебін және саз мектебі­нің скрипка сыныбын бітіріп еді. 18 жастағы талшыбықтай нәзік, айдын­дағы аққудай аққұба қыз болатын. Ол соғыс басталған күннен бастап майданға аттануға тілек білдіргеніне мен өз басым куәмін. Бірақ оның тілегі 1942 жылы мамыр айында орындалды. Радистер даярлайтын курста білім алуға жіберілді. Білім мен білік тең түспеген жерде жауға қарсы күресемін деу күпірлік болады. Сондықтан да болар, қайсар қыз тәулігіне 12 сағат дәрісханада отырып, радист мамандығының қыр-сырын жан-жақты меңгеруге ұмтылды. Сонымен қатар, ол бұл курста жүргенде әскери жар­лықпен де танысып, қару-жарақ қол­дану тәсілдерін де үйренді. Соның нәтижесі болар, Нұрғаным үздіктер қатары­нан табылып, партизан құрама­ларының бас штаб бригадасына жолдама алды, – дейді қарт майдангер. Сөйтіп, ол 1943 жылдың шілдесінде Белоруссияның Могилев облысының аумағына бет алады. Бұл жердегі бірнеше құрама партизан отрядынан тұратын бригаданың байланыс торабы кенеттен үзіліп қалған екен. Себебін барлай келгенде, радисі оққа ұшып­ты. Соның орнына Нұрғанымды жіберіпті. Оның арқасында парашют пен рация, иығында автомат. Ұшақ ішіндегі командирдің жерге секіру туралы тапсыр­масын күтіп отыр. Бұйрық берілген кезде ол орман ішіне қарай қырандай шүйілді. Сәлден кейін құс қанатындай болып парашют жазылып, қалықтап келе жат­қан. Көз ұшына бір жылтыраған сәуле түс­ті. Қара жерге табаны тигенде ол сәуле­ден адасып қалды. Компасын қанша түзеген­мен діттеген жеріне жете алмай, үш күн бойы қалың орманды шарлап, ақыры, партизандар бригадасына қосылды. Ол Белоруссияның жоғарыда айтқан Могилев облысының Рублянск ауданы­ның қалың орманында Кеңес Одағының Батыры Сергей Жунин басқаратын 15-ші партизан отрядының 8-ші бригадасына радист болып жауынгерлік міндетіне кірісіп кетеді. Оның алған білімді іс үстінде көрсетуінің нәтижесінде жау әскерінің талай ошақтарының ойраны шығады. Могилев, Борисов, өзге де стратегиялық маңызы бар қалалардан Нұрғаным алған ақпарлар өз нәтижесін беріп, біздің ұшақтар дұшпанның үрейін алып қана қоймай, жүздеген техникасын істен шығарып, солдаттарын жер жастан­дырады. Осы арада немістердің күйрей жеңілуіне ерекше үлес қосқан, Украина мен Белоруссия жерінде қаһармандық таныт­қан 374 мың партизанның қатарын­да Нұрғаным Байсейітованың болуы – қазақ халқының мерейін сол кезде де, одан кейінгі бейбіт жылдарда да өсіргенін айта кетуіміз керек. Оның артында қалдыр­ған, рухани мұра болып саналатын естеліктеріне үңілсеңіз, көп жайға қанық боласыз. Сөзіміз жалаң шық­пасын, сәл шегініс жа­сап, журналист Ақмаржан Таубаеваның ол туралы жазған “Нұр-апасы Жайық­тың” атты сырласу кітабын парақтағанда, ержүрек қыздың бүкіл жан дүниесін ұғасың. “Біз бүтін елдің намы­сы – Отанның намы­сы дегенге адал сенген, соған қызмет еткен ұрпақтанбыз ғой. Өз жеке намысың бір бөлек нәрсе. Бірақ түптің түбінде өзіңнің ар-намы­сың­ды ойласаң, ол сенің қазақ деген халқың­ды ойлағаның екен. Қанша ауыр болса да елім деп шарт байлаған соң сол бейнетке төзіп жүргеніме қуандым. Қазақ атына кір келтірмесем, деп “Жамбылдың немересі­мін” дегенді де естен шығармай өттік. Сол кездегі намыс дегеннің күштілігі болар, Белоруссияның орталық музейі 70, 75 жасыммен құттықтап, талай кездесулерге де шақырып жатты. Жеңіл-желпі қыз болсам, Белоруссияға, оның мұражайына қандай қажетім бар”, – дейді де: “...қырғын ортасында жүріп, нақақ өліп жатқан сәбилерді, қарттарды көріп, “Егер мен тірі қалсам, сүйген адамыма қосылсам, табиғат маған қанша бала берсе, сонша өсіремін!”, – деп армандадым, өзіме шарт қойдым. “Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі” деген, тірі қалдық”, – деп бір қайырып алады да артынан ойын қайта сабақтайды. “Мен тоғыз бала көтеріп, өсірген анамын. Тұңғыш ұлым Абаймен, келін балам Орынтаймен бірге тұрамын. Қанипа, Күләш. Баян, Сұлу, Маржан деген бала­ларымның бәрінен де немере сүйдім. Сол бір отты жылдарда мен бүгінгідей немере сүйемін деп ойладым ба? Біздің отбасының әкесі Сәти Иман­ғалиев та соғыста десантшы болған, со­ғыс­тан соң есеп қызметкері болып жұмыс жасаған, өте қабілетті адам еді”, – дейді. Тұңғышым деп бөле-жара айтқан Абай Сәтиұлы Батыс Қазақстан өңіріне белгілі азаматтардың қатарында. Талай жылдар облыстық дәрежедегі лауазымды қызмет­тер атқарды. Қазір Ақжайық ауданының әкімі. Иә, радиограммалық толқындағы аты Нина-Нұрғаным рация арқылы берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап отыратынына мына бір оқиға және дәлел бола алады. 1943 жылы күтпеген жерден бригада бекінісіне қауіп төнеді. Нұрғаным рация арқылы мұны өзге отрядтарға хабарлап қана қоймай, өз рациясын қаға беріс жерге тығып үлгереді. Сөйтіп, төнген қауіп сейіледі. Тағы бірде басқыншылардың негізгі стра­тегиялық күші болып табылатын темір жол рельстерін істен шығару жөнін­де тапсырма алады. Оны да ол мүлтіксіз орын­дайды. Соғыстың соңғы 3 жылында 11 мың жау эшелондары рельстен шыға­ры­­лып, көздеген мақсаттарына жете алмайды. Украина мен Белоруссияда жазалаушы отрядтардың болғаны мәлім. 8-ші партизандар бригадасы олармен де қиян-кескі күрес ашып, өз бағыттарының түзу екенін дәлелдеп отырған. Қашанда жау тылында жұмыс жасау кімге оңай болған дейсің. Қаршығадай қыз бұл сынақтардан да сүрінбей өте біліпті. – Радист Нұрғаным Байсейітова жауынгерлік тапсырмаларды әркез үздік орындап отырды. Біз көбіне батыр атағын алғандар туралы айтып жатамыз. Сол батырлардың қасында жүрген Нұрғаным секілді батыр қыздардың ерлігін қалай айтсаң да жарасып тұрары анық. Сан түрлі толқын арқылы жұмбақтап, тұспалдап хабар беріп отыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл жағынан келгенде Нина-Нұрғанымның тәсілі соғыс кезінде талайды тамсандырғанын білеміз. Кез келген азаматпен иықтаса алатын ержүрек қыздың сұрапыл соғыстағы ерлігі мен еңбегі “Қызыл Жұлдыз”, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, оннан аса медальдармен аталып өтсе, 1991 жыл­дың қараша айында Белоруссия Жоғарғы кеңесінің шешімімен “Белоруссия пар­тизаны” деген белгі тапсырылып, бейбіт күнде үлкен құрмет көрсетілген болатын. Мұның өзі ерлікті ұмытпаған елдік іс еді. Сұрапыл соғыстан кейінгі бейбіт өмірде Нұрғаным Бекенқызы жас ұрпақ тәрбиесінің төрінен табылды. Өнегелі отбасының ұйытқысы болды. Партизан жорығындағы өткен жолын, тыныштық­тағы мінсіз қызметін жоғары бағалаған Жайық өңірінің жұртшылығы жауынгер ана өмірден өткен соң мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатты. Осы жерде ойыма майдангерлердің мына бір сөзі түсіп отыр. “Мәншүкпен мен түйдей құрдаспын ғой. Ол – қазан, мен наурыз айында өмірге келгенбіз. Жиырма жасында қыршын кеткен Мән­шүк рухына әркез тағзым етіп жүре­мін!”, – дейтін. Орал қаласында батыр қыз Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражайы бар. Осы мұражайдың жанында бір кездері жауынгер қыздар тұрған “Фронтовичка” атты клуб жұмыс істеген. Нұрғаным соның тыныс-тіршілігіне бел­сене қатысып қана қоймай, сахна төрінде тұрып әуелетіп ән де салған. Заты қыз болса да қан майданда өмірінің әр ми­нутын қатерге тігіп, жасқанбай жүріп жасы­май қайсарлық танытқан, бейбіт күн­де елдік іске ұйытқы болған Нұрғаным Бекенқызының әр сәтін мен қаһарман­дыққа балаймын, – дейді Рафхат Гали­муллин қазақтың қайсар қызы, кейін ақылды ана дәрежесіне көтерілген заман­дасы туралы ағынан жарылып. Біз осы мақаланың бастауына қазақ қызының қадір-қасиеті туралы әңгімені желі етіп тартқан едік. Шынында, ұлылық та, батырлық та – тектіліктен. Қазақтың қанындағы тектілік қандай қилы кезеңде де, сын сағатта да абырой биігінен көр­сетіп, басын тік ұстатып, анау-мынау­ды мысымен ықтырып келеді. Кешегі сұра­пыл соғыста да солай болды. Арындаған жаудың артынан ойран болған ордасына ту тіккен қазақтың ұлы Рақымжан Қошқарбаев екені дәйектеліп отыр. Нарыннан шыққан қаршығадай Нұр­ғанымның Украина мен Белоруссияның ну орманның ішінде ерлермен қатар жүріп, жаудың қадамын қысқартып, бетін қайтарған ерлігі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталып қана қоймай, Отан қор­ғаудың үлгісі болып, қалыптасары анық. “Асқан ерлік – ізгі тәрбиеден, озық өнегеден, ұлттың асыл дәстүрлерінен туады. Ер азамат сонда ғана елге қорған бола алады”, – депті сол сұрапыл соғыста досын да, қасын да сүйсіндірген қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы. Міне, осындай ұлттық тәлімімен, өмір­лік өнегесімен артына мол ұлағат қалдырған жау тылының жауынгер қызы, бейбіт күндегі ұлды ұяға, қызды қияға қондырған Нұрғаным Байсейітова әрқа­шан жас жеткіншектерге үлгі бола береді. Батыр партизан әлі де болса ел тарихында өз орнын тауып, лайықты бағасын алып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сүлеймен МӘМЕТ. ҮМІТ ҮЗІЛМЕЙДІ ЕКЕН... Екінші дүниежүзілік соғыс кешегі Кеңес Одағындағы елдердің отбасы­ларына қаншама қайғы-қасірет әкелгені белгілі. Ана баладан, бала әкеден, ару жарынан айырылған сол зұлмат жыл­дардың зардабы Отанымыз Қазақстанды да айналып өтпеді. Елімізден майдан даласына аттанған бір миллионнан астам сарбаздың елге тең жартысына жуығы­ның ғана оралуын еске түсірсек, қанша отбасының шаңырағы ортасына түсіп, бозінгендей боздағанын бағамдау қиын емес. Ал хабар-ошарсыз кеткен жауын­гер­лердің отбасы мен олардың ұрпақ­тары әлі күнге дейін үміттерін үзбей отыр. Не тірісінен, не өлісінен бейхабар, көкіректегі сағыныштары күн өткен сайын сыздай түсіп отырған жандар әлі де жетерлік. Оларды жыл сайынғы Ұлы Жеңіс күні жақындаған кезден жылт еткен үміт оты бір дерек болып қалар ма екен деген ой жетегіне алып кетеді. Бауырын іздеген осындай азаматтың бірі Балқожа Оспанұлы ақсақал. Балқожа Оспанұлы редакцияға Ақ­мола облысы, Жарқайың ауданы, Тас­ты-Талды ауылынан келіпті. Ол өзінің немере ағасы Исқақұлы Ақкемеден күні бүгінге дейін хабар болып қалар ма екен деп елегізіп жүреді екен. 1939 жылы әскер қатарына Ақмола облысы, Есіл аудандық әскери комиссариатынан аттанған Ақкеме Ис­қақұлы алғаш Иванов облысы, Ковров қаласында полк мектебіне тү­се­ді. Осында әс­кери жаттығу­лар­дың қыр-сырына қаныға бастаған ол 1940 жылдың 26 науры­зында ағасы Зей­деке­ге сағы­ныш­қа толы хат жа­за­­ды. Содан ке­йін соғыс бастал­ған күннен бастап ұрыс дала­сына бет алған май­дангер 1942 жылдан ха­бар­сыз кетеді. “Ағам өте сауатты адам болыпты. Оның әскерге алынар алдында 1938 жылдың 27 маусым күні өз қолымен толтырған жеке іс-парағынан 1933-34 жылдары ауком комсомол бюро­сының мүшесі мен аталған комитеттің пионер бөлімінің меңгерушісі болғанды­ғын көрдім. Сонымен бірге түрлі әкім­шілік салаларда экономист, статист болып қызмет істеген. Өзі 1916 жылы өмірге келгенін ескерсек, бар-жоғы 23 жасына дейін осындай қыз­меттер атқарып үлгерген ағам жайында, өкінішке орай, 1942 жылдан оның өлі, не тірі екендігі жайында хат-хабар болмады. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай “Қазақ энци­клопе­дия­сының” Бас редакциясы дайын­даған “Боз­дақтар” кіта­бының Торғай облысы серия­сында “Исқақ­ұлы Ақ­кеме 1915 жылы туған, қазақ. Есіл АӘҚ-тан шақы­рыл­ған жауынгер. 10.02.1942 жылы хабарсыз кеткен” деген ғана дерек бар. Басқа ештеңе жоқ” – деген қария сөзін үміт желкеніне қарай ойыстырды. – Басқаны қайдам, Ұлы Жеңіс күні жақындаған сайын менің кеудемді үміт оты кернейді. Ағамнан бір хабар келіп қалатындай болады да тұрады. Аға басылым “Егемен Қазақ­стан” арқылы ағаммен қарулас болған жауынгерлер мен олардың ұрпақ­тарының бірінен бір дерек бола ма екен деп келген бетім осы еді, – деп сөзін түйіндеді Б.Оспанұлы. Артында тікелей ұрпағы қалмаған жанның өзінен бүгінге дейін хабар болмауы мені қатты мұңайтады, – деп күрсініп те қойды. Иә, адамнан үміт шіркін үзілген бе? Балқожа ақсақалды сонша жерден редакцияға сергек күйде алып келген де осы үміт қой. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. РЖЕВ ҚАЛАСЫНДА БОЛДЫ Ржев қаласында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ықпалымен қала мэрі Александр Щетининнің Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Александр Дубовенкомен кездесуі болып өтті, деп хабарлады ҚР-ның РФ-дағы елшілігінің баспасөз қызметі. Сұхбаттастар Ақтөбеде жасақталған қазақстандық 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы жауынгерлерін мәңгілік есте қалдыру шаралары мәсе­лелерін талқылады. Қазақстан­дықтарға ескерткішті Ржев қаласындағы ме­мориал­д­ық кешен аумағына орнату жоспарланып отыр. Монументтің эскиз-жобасын қазақстандық дизайнерлер жасаған. Оны ашу үстіміздегі жылдың қыркүйегіне белгіленген. Ақтөбе делегациясының сапары барысында жергілікті мердігер ұйыммен құрылыс жұмыстарын жүргізу бойынша келісімге қол қойылды. Меймандар сондай-ақ жоспарланып отырған ескерткіш орнын көріп, “Ржев ұрысы” музей-диорамасын тамашалады. 100-ші және 101-ші бригадалар Ржев ма­ңындағы соғыс қимылдарына белсенді қатысқан болатын. 1941 жылдың күзі мен 1943 жылдың көктемі аралығында қала неміс-фашистері әскерлерінің қол астын­да қалып келді. Ржев-Вяземь қор­ғаныс шебінің желісі де осы жерден өтіп, бұл арада кескілескен ұрыстар болған-тын. АРДАГЕРЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ Жыл сайын Жеңіс күніне орай “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ Ұлы Отан соғысы ар­­дагерлеріне Қазақстан мен ТМД елдері аумағында жолаушы пойыз­дарында тегін жол жүру мүмкін­дігін жасап келеді. Игі дәстүрді жалғас­тырған темір жол ком­паниясы Ұлы Жеңіс­тің 65 жыл­дығына орай қарт май­­дангерлерге биыл ерекше сый көрсетуді ұйғарыпты. “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ соғыс ардагерлері мен мүге­дек­теріне 1 мамыр мен 31 желтоқ­сан ара­лығында, яғни биылғы жылдың соңына дейін қалааралық пойыз­дардан басқа, бар­лық облысаралық жолаушы пойыз­дарының купе, плацкарт вагон­дарында еліміз аумағында тегін әрі еш шектеусіз жол жүруге мүмкіндік туғы­зып отыр. Аталмыш шараға қатысты шығындарды ком­пания өз мой­нына алуда. Сондай-ақ, рес­пуб­ликалық бюджеттен қарас­тырылған қаржыға ардагер­лердің 2010 жыл­дың соңына дейін Қазақ­станның барлық аймағына және өздерінің қалауы бойынша ТМД-ның кез-келген еліне бір рет тегін барып-қайту мүмкіндіктері бар. “Қазақстан темір жолы” АҚ арқылы тегін билет алу үшін арда­гер­лер мен соғыс мүгедектері неме­с­е олардың арнайы өкілдері темір жол вокзал­дарындағы “Жолаушы­лар тасымалы” АҚ құзырындағы кас­саларға келіп жеке басының жә­не соғыс ардагері куәлік­терін көр­сет­се жеткілікті. Ардагерлер үшін тегін жол жүру билеттерін ресімдеу әдеттегідей кезексіз өтеді. Ағым­дағы жылдың мамыр айының 3-і мен 12-сі аралығында жолаушы пойыздары­мен тегін жүру билетімен са­парға шыққан ардагерлерге арнайы вагон-мейрамханаларда ақы­сыз тамақ­тануға мүмкіндік жасалған. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.