• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Наурыз, 2021

Оралда 180 отбасы пәтерлі болды

173 рет
көрсетілді

Орал қаласында наурыз мерекесі қарсаңында тоғыз қабатты үй пайдалануға беріліп, 180 отбасы баспаналы болды деп хабарлайды Egemen.kz.

Облыс орталығының солтүстік-шығыс ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған бұл үй «Шаңырақ» пилоттық жобасы бойынша берілген алғашқы ғимарат. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар «Отбасы банк» салымшысы ретінде жаңа баспанаға қол жеткізіп отыр. Бұл бағдарлама бойынша беріліп отырған алғашқы тұрғын үй кешені.

- «Шаңырақ» пилоттық жобасының ерекшелігі – «Отбасы банк» салымшысы 10% алғашқы жарнамен 20 жылға 5%-дық үстемақымен үй ала алады. Бұл бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде үй кезегінде тіркелу керек және соңғы алты ай ішіндегі табысты растауды қажет етеді. Қазіргі таңда тұрғын үйдің нарықтағы бағасы шаршы метр үшін 175980 теңге, ал пайдалануға берілген тұрғын үйдің бағасы шаршы метр үшін 140 мың теңгені құрап отыр. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған жандар үшін өте қолайлы бағдарлама болды деп айта аламын. Өйткені қазан айында ғана енгізілген бағдарлама қазірдің өзінде жүзеге аса бастады, - деді Орал қаласы бойынша тұрғын үй жекешелендіру секторының меңгерушісі Шайхиев Ерлан.

Бір жылдың ішінде пайдалануға берілген жаңа тұрғын үйдің жалпы аумағы 10221,84 шаршы метр. Орал қаласының солтүстік-шығыс ауданы жылдан-жылға көркейіп, қарқын алып келеді. Жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Өңір басшысының айтуынша, болашақта тағы да мектеп пен балабақшалар салынбақ.

- Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Шаңырақтарыңызға құт пен береке тілеймін. Мереке қарсаңында тұрғындардың қуанышына ортақтасып, «құтты болсын» айтуға арнайы келдік. Үйдің сапасына қатысты айтар ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға әрдайым дайынбыз, - деді Батыс Қазақстан облысыныңәкімі Ғали Есқалиев мейрам алдында баспаналы болған Тимур Бисенғалиевтің шаңырағына бас сұғып.

Өңірдегі эпидемиялық ахуал қызыл аймаққа енуіне байланысты жаңа үйдің кілті әдеттегідей салтанатты жағдайда тапсырылмаған еді. Өңір басшысын өз үйігнде қарсы алған Тимур Бисенғалиев полиция қызметкері екен.Үш баланың әкесі 2002 жылдан бері пәтер жалдап келген.Жас отбасы 2008 жылдан бастап үй кезегіне тұрған екен. Биыл «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отыр.

Айта кетелік, бүгінде өңірде әр санат бойынша 21 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр.