Тараз қаласынан шығып Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылына баратын «Тараз-Аса» бағытындағы тасжолдың бойында тау-тау болып үйілген фосфогипс қалдықтары бар. Бұған жұрттың көзі де үйреніп кеткен. Ал бұл аумақ Тараз қаласымен іргелес, сондай-ақ маңында Жамбыл ауданына қарайтын бірнеше ауыл орналасқан. Осы аумақта «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Минералды тыңайтқыштар зауыты жұмыс істейді.
Жалпы, өңірдегі ірі өндіріс орны елімізге ғана емес, бірқатар шет мемлекетке де танымал. Күніне мыңдаған тонна өнім өндіретін кәсіпорын ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Алайда Жамбыл ауданы Шайқорық ауылының тұрғындары осы фосфогипс төгінділеріне байланысты шағымдануда. Жел тұрған уақытта зауыттан шыққан әлгі қалдықтар ұшып, ауылды шаң басып қалады екен. Сондай-ақ жергілікті жұрт мұның адам денсаулығына зияны бола ма деп те алаңдаулы.
Қазіргі кезде бұл жерде шамамен 13 млн тоннадан астам фосфор өнімінің қалдығы бар. Минералды тыңайтқыштар зауыты мен одан әрі орналасқан Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан шығатын қалдықтар талай жылдан бері осы жерге үйіліп келеді. Ал енді аталған кәсіпорындарда жыл сайын өнім көлемі артып келе жатқандықтан, одан шығатын фосфогипс те көбейіп отыр. Тұрғындар талай рет дабыл қағып, мәселе көтергенімен, оның шешілетін түрі көрінбейді. Біз аталған мәселе бойынша Шайқорық ауылына арнайы барып, тұрғындармен кездескенімізде, олар қалдықтардың ауылға кері әсерін тигізіп отырғанын, мәселе талай рет көтерілсе де тиісті орындардан ешқандай да шешім қабылданбағанын айтты.
«Өңірде жақында ғана қатты дауыл тұрғанын бәріңіз білесіздер. Сол кезде фосфогипс қалдықтарының шаңы ауылды басып қалды. Тіпті шаң үйдің ішіне дейін кіріп кетті. Әрі мұның адам денсаулығына зияны бар ма деп қорқамыз. Себебі осы уақытта малдың біразы іш тастады. Жаңа салынған алма бақ қурап қалды. Жергілікті басшылар осы мәселені шешіп берсе екен дейміз», дейді ауыл тұрғыны Бақыт Иманалиев.
«Бұл мәселенің туындағанына талай жыл болды. Жыл өткен сайын қалдықтардың көлемі де артып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда сиырлардың тісі өсіп кеткен, талдардың жапырақтары өздігінен қарайып кеткен жағдайлар болған. Мұның бәрі фосфогипс қалдықтарының шаңынан емес пе екен деп ойлаймын. Зауыттың басшылығы оны көшіруге шамасының келмейтінін айтуда. Мәселені қазір шешу де қиындық тудыруда. Екі ортада қарапайым халық қиналып отыр. Тым құрыса жан-жағына тал егіп, үстін жауып бір әрекет жасаса деген ойымыз бар. Одан кейін ауыл сазды жерде орналасқан. Әлгі қалдықтардың зияны ауыз су арқылы келе ме деп те қорқамыз», дейді тағы бір ауыл тұрғыны Серік Лесбаев.
Бұл ретте тұрғындардың уәжі орынды. Тіпті, кейбір тұрғындар ауылдан көшіп те кетіпті. Бірақ барлық елдің ауылдан көшуге мүмкіндігі жоқ. Қазіргі кезде ауылда төрт мыңға жуық адам тұрады. Дегенмен тұрғындардың айтуынша, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров ауылға газ тартуға, спорт алаңдарын салуға және өзге де шаруаларына демеушілік жасапты.
Ауылдықтар фосфогипстің желді күні көз аштырмайтын шаңы өз алдына, қауіпсіздік мәселесіне де алаңдап отыр. Бұл мәселе – тұрғындардың бәріне ортақ. Ауылдықтар қалдықтарды көшірмесе де, оның халыққа бір зияны тимейтін әрекет жасалса дейді. Енді бұл мәселенің қалай шешілетінін білу мақсатында біз Мұқаш Ескендіровтің өзімен жолықтық. Еңбек Ері мұндай мәселенің бар екенін айтты.
«Аталған минералды тыңайтқыштар зауыты жетпіс жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол кезде қазіргі фосфогипс қалдықтары орналасқан аумақ Тараз қаласынан да, ауылдардан да алыс болатын. Қазір бұл жерде 13 млн тонна қалдық бар. Аталған кәсіпорын күніне 2 мың тонна өнім өндіреді. Уақыт өткен сайын қалдық көлемі де ұлғайып келеді. Әрине, мұнша көлемдегі төгінділерді көшіру мүмкін емес. Бірақ біз қалдықтардың бір тоннасын 1 мың теңгеден сатамыз деп шештік. Алайда оны да ешкім алмайды. Елге көрсетіп берейік деп, өзіміз 5 мың тонна қалдықты Жамбыл ауданының бірқатар ауылдарына тегін апарып бердік. Фосфогипс негізінен жерді тыңайтуға көп әсер етеді. Ауыл шаруашылығы дамыған біздің облыс үшін бұл – таптырмас нәрсе. Ел соның өзін алмай отыр ғой. Бұл қалдықтарды облыс аумағында сақтағаны үшін зауыт облыс бюджетіне ақша төлейді. Мәселен, өткен жылы біз бюджетке 2,9 млрд теңге төледік. Бұл – аз ақша емес. Енді жергілікті билік сол қаражатқа мәселені шешудің жолдарын қарастыруы керек қой», дейді М.Ескендіров.
Сондай-ақ кәсіпорын басшысы фосфогипс қалдықтарының жол салуға да жарайтынын, егер мемлекет тарапынан сол мақсатқа пайдалануға сұраныс түсіп жатса, тегін беретінін жеткізді. Бірақ әзірге бұл орындала қоймайтын сияқты.
Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, Шайқорық ауылы фосфогипс төгіндісінен 1300 метр қашықтықта орналасқан екен. Екі аралық бір шақырымнан сәл ғана асады. Бірақ өткен жылға арналған өндірістік бақылау деректеріне қарасақ, шаң бойынша артық мөлшер белгіленбеген. Департаменттің жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жоспарына сәйкес, Шайқорық ауылының шекарасында осы өндірістен шаң мен басқа заттарға 6 рет сынамалар алыныпты. Алайда нормадан асып кеткен жағдай тіркелмеген. Қазіргі кезде Минералды тыңайтқыштар зауыты аумағында шаңның пайда болуын азайту үшін бірқатар алқапқа жасыл желектер отырғызылды. Ал фосфогипстің екінші қоқыс салатын аумағына өткен жылы 1500 ағаш көшеті егілген.
«2021-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары негізінде шығарындылар көзіне автоматтандырылған жүйені енгізу жоспарланған. Оның ұңғымаларында жерасты суларының жағдайын бақылау, санитарлық-қорғау аймағының шекарасындағы топырақтың жай-күйін бақылау, аумағы 8 гектар болатын санитарлық-қорғау аймағын қарағаш көшеттерін отырғызумен көгалдандыру, жылына санитарлық-қорғау аймағында 1 мың жасыл желекті санитарлық күтіп-ұстау мен жылына 30 мың тонна фосфогипс қалдықтарын кәдеге жарату көзделген», дейді облыс бойынша экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев.
Оның айтуынша, фосфогипсті ауыл шаруашылығында сортаң және қышқыл топырақты химиялық мелиорация үшін қолдануға болады екен. Ал оны жаратудың баламалы нұсқасы жол құрылысына қолдану болып отыр. Алайда өңірде мұның ешқайсысына сұраныс жоқ. Қалдықтар сол тау болып үйілген күйі әлі тұр.
«Үйінділердегі фосфогипс көлемі – 14 млн 175 мың тонна. Фосфогипстің тұтынушыларға сатылуы жылына 0,032 млн тоннадан аспайды. Бұл Тараз қаласы үшін экологиялық мәселе және қоршаған ортаны қорғаудың шұғыл шараларына жатады. Бұл мәселе бойынша біздің департаментпен қолайсыз метеорологиялық жағдайлар туындаған жағдайда «Қазгидромет» мекемесінің филиалы және Минералды тыңайтқыштар зауыты арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты меморандум жасалған», дейді департамент басшысы.
Бірақ құжаттар қабылданғанымен, миллиондаған тонна төгінділерді біржола құртып жіберудің мүмкіндігі жоқ болып тұр. Мәселен, фосфогипс көлемі 25 және 28 гектар болатын екі аумақта, кәсіпорынның қоқыс үйінділерінде орналасқан. Қазір ауданы 25 гектар болатын бірінші үйінді жобалық деңгейге дейін толтырылған болса, бүгінде пайда болған фосфогипс екінші қоқыс үйіндісінде орналастырылған. Бұл үйінді бұрынғы айналма жолдың артында тұр. Мұнда 2013 жылдан бастап қалдық төгіліп келеді. Сол қалдықтардың бәрі де жергілікті жұртшылықтың жанайқайына себеп болып отыр. Шайқорық ауылының тұрғындары жергілікті биліктен осы мәселені шешіп беруді сұрайды. Егер зауыт қалдығынан жұрт зардап шекпесін десек, күрделі мәселенің күрмеуін шешетін бір жолдың қарастырылғаны дұрыс.
Жамбыл облысы