• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Коронавирус 25 Наурыз, 2021

COVID-19-дан кейінгі асқынулар талқыланды

350 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық бюросының отырысына қатысты, онда постковидтік асқынулар талқыланды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының мәліметтері бойынша, шама­мен әр 10-пациент COVID-19 инфекциясының алғашқы белгілері байқалған соң 19 аптадан кейін өзін нашар сезінеді. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, ДДҰ Еуропалық бюросы аймақта Covid-19-дан кейін ас­қы­нуы бар пациенттер көбейеді деп отыр. «Созылмалы COVID» денсаулық сақ­тау жүйесінің барлық компонентіне айтарлықтай кері әсер етеді, сондықтан медицина жүйесін нығайту қажет.

ДДҰ мәліметтері бойынша, көптеген адам ауруханаға жатуға мұқтаж болмаса да инфекциядан кейін денсаулығының қалпына келуі қиын және көбінесе бірнеше апта немесе айға созылатын функционалдық бұзылулардан зардап шегеді. Кейбір жағдайда пациенттерден одан да ұзақ және ауыр функционалдық бұзылу байқалады.

– Пациенттер Covid-19 немесе «созылмалы COVID-тан» кейінгі асқынулар деп атайтын бұл жаңа патологиялық жағдай әлі де шектеулі. Алайда, біз бұл туралы ақпарат жинаудамыз. Бұл жиын – аймақтағы COVID-19-дан кейінгі асқынуларға арналған алғашқы шара. Ол әрі қарайғы бірлескен іс-қимылдарға негіз болады», деді ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клуге.

Әлем жұртшылығымен бірге Қазақ­стан да жаңа коронавирус инфекциясына алғаш рет тап болды. Инфекцияның алдын алу және індетті анықтау мақсатында әлемдік тәжірибені, халықаралық ұйым­дардың ұсынымдарын және респуб­ликаның заңнамасын ескере отырып, эпидемияға қарсы іс-шаралар қабыл­дан­ды және жүргізіледі.

КВИ пандемиясы денсаулық сақтау саласының мамандарына жедел диаг­ностика мен емдеуге ғана емес, сонымен қатар пациенттерді динамикалық бақылау мен оңалту шараларын қам­титын сапалы медициналық көмек көрсетуге байланысты міндеттер қойды.

Постковидтік асқынулардың алдын алу мақсатында клиникалық хаттамаға сәйкес стационар деңгейінде прон-позицияны, виброакустикалық массаж және тыныс алу гимнастикасын пайдалана отырып, ерте оңалту жүргізіледі, сондай-ақ қажет болған жағдайда психо­логиялық қолдау көрсету үшін психологтер, психотерапевттер тартылады.

Амбулаториялық кезеңде медици­налық оңалту бойынша 2 және 3 кезең­дер­дің клиникалық хат­та­масы шең­берінде оңалту іс-шара­лары көр­се­тіледі, коморбидті фоны бар пациенттер үшін бейінді маман­дар­дың динамикалық бақылауы ұйым­дастырылады.

«Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 49 оңалту орталығы бар, оның 3-і – республикалық балалар орта­лығы, 46-сы – өңірлік деңгейде. 567 медициналық ұйымда оңалту көмегі көрсетіледі, оның ішінде мемлекеттік ұйымдар – 268, жеке меншік ұйымдар – 74», деді А.Ғиният.

«Аурудың ағымына, нәтижесіне және салдарына әсер ететін фактор­лар кешенін зерттеу, сондай-ақ LongCovid және постковидтік синдромын уақтылы анықтау мен емдеу үшін 2020 жыл­дың желтоқсанында Ұлттық ғылы­ми кардио­логиялық орталық және Респуб­ли­калық диагностикалық орталық базасында постковидтік орталық ашылды», деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

3 ай ішінде орталықта 412 пациент, оның ішінде Covid-19 коронавирус инфекциясынан кейін 312 ересек адам және 100 бала тексерілді. Қанатқақты жобаның қорытындысы бойынша ересектер арасында (18 жастан асқан пациенттер) постковидті синдромның негізгі көріністері иммун тапшылығы – 92%, когнитивті бұзылулар – 60%, өкпенің желдету функциясының бұзылуы – 16,6%, бронхоэктаздар және буллезді өзгерістер – 12,8%, атеросклероздың үдеуі – 3,2%, артериялық гипертензия алғаш рет диагноз қойылған – 6,1%, бұрын жүргізілген гипотензивті тера­пияға резистентті артериялық гипертензия – 43,27%. 1 жастан асқан балалар арасында: иммун тапшылығы – 78%, құрсақ қуысы ағзаларының патологиясы – 55%, гепатомегалия – 4%, өт қа­бының деформацияланған қабынуы – 45%, панкреатиттің өршуі – 6% және басқалары, бүйрек патологиясы – 13%, эндокриндік патология – 22%, көру ағзаларының патологиясы – 26%.

А.Ғиният хабарлағандай, пациент­терді тексеру нәтижесі бойынша меди­ци­налық ұйымдарда созылмалы КВИ салдарын анықтау, бағалау және басқару кезеңдерін, сондай-ақ созылмалы КВИ және постковидті синдромы бар пациенттер үшін өзін-өзі бақылау бойынша ұсынымдарды қамтитын әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Қазір аталған тәжірибені республика бойынша енгізу жұмыстары жүргізілуде.