Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейі мереке қарсаңында Наурыз тарихы мен ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын танымдық жобаларды қолға алып отыр.
– Музей қызметкерлері 10 наурыздан бері Наурызға қатысты тақырыптық іс-шараларды ұйымдастырып, алуан тақырыпты қамтитын экскурсиялар мен дәрістер, көрмелер, кездесулер өткізуде. Аптаның басында біз мүмкіндігі шектеулі балғындарды қонаққа шақырып, Ұлыстың ұлы күніне байланысты қызықты әңгіме өткіздік. Музейдің бір залына кереге құрып, ашық киіз үй сияқты етіп, дастарқан жайып, балаларға ұлттық тағамдардан дәм татырдық, – дейді музей қызметкерлері.
Музейде бірнеше күннен бері «Ұлы даланың ұлы мейрамы» атты мерекелік іс-шаралар топтамасы өтіп жатыр.
– Ұжым болып өз күшімізбен ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындарымызды, айтысымызды, ән шашуымызды араластырып театрландырылған көрініс дайындадық, – деді музей басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева.
Аталған ұжым биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған көптеген игі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Мәселен, музейде Наурызға арналған мерекелік шаралар аясында «Ыбырай жылы» күнтізбесінің тұсауы кесілді.
Қостанай облысы