Батыс Қазақстан облысында 2020-2025 жылдар арасында жалпы құны 173,3 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылып, жаңадан 803 жұмыс орны ашылады. Бұл – өңірлерді индустрияландыру картасының ІІІ бесжылдық жоспары.
Елімізде өңірлерді индустрияландыру картасы қолға алынған 2010-2014 жылдары Батыс Қазақстан облысында жаңадан 30 жоба жүзеге асырылған болатын. «Өңір кәсіпкерлігін қолдаудың бірінші бесжылдығы» деп аталған бұл кезеңде жалпы құны 257,5 млрд теңгенің инвестициясы игеріліп, 1 813 жұмыс орны құрылған екен. Ал индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының III бесжылдығы аясында жалпы құны 93,9 млрд теңгелік 36 жоба іске қосылды. 1 497 адам жұмыс тапты. Өңірдің экономикалық әлеуетін өсірген бұл өзгерістерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі қолдаудың да әсері зор. Жыл сайын өсіп-өркендеп, қанатын кең жайып келе жатқан осындай өндірістің бірі – оралдық «Күблей» кәсіпорны.
«Күблей» ЖШС тәуелсіздіктің таңсәрісінде, сонау 1992 жылдың 2 қарашасында құрылған кәсіпорын. Одақ кезінде қалыптасқан жүйе күйген киіздей кенеуі кетіп жатқан кезде жаңа өндірісті ашқан кәсіпкер Талғат Берекешовке оңай тимегені анық. Үш жылғы тынымсыз еңбектен кейін 1995 жылы кәсіпорын консерві-қалбыр өндірісін жолға қойды. Еттен, балықтан және ет пен өсімдік өнімдерінен қалбырдың сан алуан түрін шығаратын «Күблей» бүгінде «Испат Кармет», «Agrimat export» «Roja», «Sokolow-export», «Воха Агро Сервис» сынды алпауыт компаниялармен серіктес болып, олардың қосалқы бөлшектері мен шикізатынан тамаша туындыларды тұтынушыға тарту етіп отыр.
«Күблей» кәсіпорны жүзден астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорында ауысымына 150 мыңнан астам қалбыр өнімдері шығады. Еліміздің бүкіл аймағын айтпағанда, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Ресей жұрты «Күблейдің» бұқтырылған еті мен балығының дәмін татып, бағасын бас бармағымен беріп қойған. Соңғы кезде дайын өнімді шығару айына 2 млн банкаға дейін ұлғайған екен.
«Күблей» консервілерінің сапасы жоғары. Кәсіпорын өз өндірісінде азық-түлік қоспалары мен ГМӨ пайдаланбайды. Яғни 100 пайыз табиғи шикізат өнімдерін қолданады. «Күблейдің» конвейерінен шығатын өнімдердің барлығы да Қазақстан мен Кедендік одақтың техникалық регламенттеріне және Ұйым стандарттарына сәйкес келеді. Компанияда шикізат пен дайын өнімнің микробиологиялық, органолептикалық және физика-химиялық көрсеткіштері сапасын бақылайтын сертификатталған өндірістік зертхана жұмыс істеп тұр. Әлемдік деңгейде талап етілетін РК ИСО 9001 сапа менеджменті жүйесі, ИСО 22000 қауіпсіздік жүйесі сертификаттары алынған.
– Біз өз командамыздың алға қойған мақсатына жетуі, тиімді жұмыс істеуі үшін барынша жағдай жасап, сапа менеджменті жүйесінің үнемі жетілдірілуін қадағалап отырамыз. Жоғары сапалы, бәсекеге қабілетті және қауіпсіз өнімдерді шығаруға әрқашан мүдделіміз, – дейді Т.Берекешев.
Бұл құр айтыла салған сөз емес. «Күблей» қол жеткізген жүлделер мұны дәлелдеп тұр: 2011 жылы компания «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» номинациясында «Парыз» сыйлығына ие болды. 2013 жылы «Үздік азық-түлік өнімдері» номинациясы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» көрмесінде бірінші орын алды. 2012-2014 жылдары компания өнімнің сапасы саласында әлеуметтік жауапты бизнеске, оның қауіпсіздігі, сондай-ақ ұйымның өнім сапасын басқарудың аса тиімді әдістерін енгізуге бағытталған жұмыстары бойынша айтарлықтай нәтижеге жеткені үшін «МІНСІЗ» белгісіне ие болды. 2013 жылы өткен «Сапалы өнім» көрмесіне қатысып, 1-орынға қол жеткізді. 2013 жылы Елбасының «Халыққа арналған өнімдер шығаратын ең үздік өнеркәсіп» номинациясында «Алтын Сапа» сыйлығының иегері атанды. Қаржылық-экономикалық ранжирлеу рейтингісінің 2015 жыл қорытындысы бойынша «Күблей» тағы да жоғарғы сатыға жайғасып, «Алтын белгіге» ие болды. Қазақстан Республикасы кәсіпорындары арасындағы «Салық мөлшері» (ОКЭД-10.13.0) (ОКЭД-10) көрсеткіші бойынша 2017 жылы 1-орынға шыққаны үшін алған «Алтын медалі» тағы бар.
Әрине, кәсіпорынның төрт аяғын тең басып кетуіне мемлекет те барынша көмектесті. Елдегі индустрияландыру бағдарламасы аясында өңірдегі бірнеше кәсіпорын еңсесін тіктеп алды. «Күблей» 2015 жылы ауысымына 400 бас ірі қара мен 700 бас қой-ешкі соятын цехы бар ет өңдеу кешенін іске қосты. Мұнда ет өңдеу цехтары толықтай автоматтандырылған, онда жоғары сапалы еуропалық жабдықтар орнатылған. Ал қазіргі заманғы технологияға сәйкес түрлі температуралы режімдегі 10 тоңазытқышта жылына 3 мың тоннаға дейін етті сақтауға болады. Ет зауытының тағы бір ерекшелігі – мұздатылған, жаңа мұздатылған және жартылай фабрикат өнімдер дайындауға қол жетті. Бұл өнімдерді бүгінде еліміздің барлық өңіріндегі супермаркеттерден табуға болады. Сондай-ақ Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан секілді елдер де тұтынуда.
2018 жылы кәсіпорында мал қалдықтарын қайта өңдеу цехы жұмысын бастады. Ет өндіру кешені базасында малға арналған жемдік ұн өндіретін тәулігіне 20 тонна қуаты бар өндіріс жолға қойылды. Яғни мұнда жануарлар өнімдерінің тағамдық емес қалдықтарын өңдейтін және ет-сүйек ұнын өндіретін жаңа цех іске қосылды. Бұл ет-сүйек ұны дегеніңіз – бройлер тауықтарды тез өсіретін, ал мекиендердің жұмыртқалағыш қасиетін арттыратын, жұмыртқа қабығының сапасын жоғарылататын нағыз минералды ақуыз екен. Протеин мөлшері 50%-дан асатын мұндай өнімді және техникалық майды қазақстандық құс фабрикалары таласа-тармаса алып кетеді. Сондай-ақ заманауи сабын өндірісінде қолданылатын жануар майын алу жүйесі де жолға қойылған.
Өткен жылдың соңында «Күблей» ЖШС көптен жоспарлаған тері өңдеу цехын іске қосты. Хромдалған былғары – «WET-BLUE» жартылай өнімін өңдейтін тері цехы италиялық технологияға негізделген. Оның қуаты бір ауысымда 600 теріні өңдеуге жетеді. Ал жартылай фабрикатты жергілікті нарықта да, Ресей, Қытай, Еуропа елдеріне де экспорттау көзделген.
Осылайша, «Күблей» кәсіпорнында мал өнімдері еш қалдық қалмай, түгелдей өңделеді. Ет өз алдына, сүйек, мүйіз, тұяқ, сіңір, шеміршек, ішек-қарын толығымен әжетке жаратылады. Оны айтасыз, кәсіпорында пайдаланылған техникалық судың өзі механикалық, химиялық және биологиялық сүзгі-тазартқыштардан өткен соң ғана қаланың кәріз жүйесіне жіберіледі. Ешнәрсені ысырап етпейтін, қоршаған ортаның да қамын қалт жібермейтін «Күблей» кәсіпорнының тәжірибесі баршаға үлгі болса дейсің.
Батыс Қазақстан облысы