Қазағым деп қан жұтып, жағасы жау қолында кеткен асыл тұлғаларымыз аз емес. Десек те, қызыл империяның қан сүмектеген қылышынан қаймықпай, Алаш мұраты жолында ғазиз жанын пида еткен ұлт зиялысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның орны алабөтен.
Жуырда ардақты Алаш серкесінің бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа екі суреті табылып, төл мейрамымыз – Наурыз тойы қарсаңында қуанышымыздың үстіне қуаныш қосылды. Оның ар жағында ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығымен тұспа-тұс келген бұл сүйінші хабарды біз шынымен жақсы ырымға баладық. Бодан елімді бостан етем, еңсесін тіктеп, егемендік әперем деп саналы ғұмырын сарп еткен Алаш арыстарының бұл тәуелсіздік жолына төккен терін айтпай кетуге болмайды. Ақжолтай хабарды белгілі тарихшы ғалым, әлихантанушы Сұлтан- Хан Жүсіп жеткізді. Тарихшы өзінің жеке парақшасында жазып, жариялағандай алғашқы суретті ізденімпаз журналист, әріптесіміз Серікбол Хасан тапса, екінші тарихи құнды фотоқұжатты жас тарихшы ғалым Рамазан Әбілдосұлы тарихи айналымға қосып отыр. Жалпы, Серікбол Хасанның әлихантануға қосып отырған бұл жалғыз еңбегі емес. Бұған дейін әріптесіміз 2016 жылы Әлиханның революцияға дейінгі жылдары Петерборда өмір сүрген фотограф Карл Булла (1853-1929) түсірген Ә.Бөкейханның жаңа фотосуреттерін жариялап, елден сүйінші сұраған болатын. Кейінгі суретті ол Ресей музей қорының мемлекеттік каталогы сайтынан тауыпты.
Құнды құжаттың толық сипаттамасын С.Жүсіп өзінің парақшасында кеңейтіп жазды. «Фотоқұжатта Омбы қаласында шыға бастаған ең алғашқы бейресми тәуелсіз «Степной край» газетінің ұжымы бейнеленіпті: үшінші қатарда, солдан оңға қарай төртінші тұрған жас Әлиханның бейнесі көзге оттай басылады. Егер Әлиханның «Степной край» газетінде Петербор оқуы мен «Тобыл экспедициясынан» кейін Омбыға оралған 1895 жылдан 1897 жылға дейін қызмет істегенін ескерсек, бұл фотосурет 1895-1897 жылдары түсірілген болса керек. Әлихан ол кезде 29-31 жаста болатын», дейді әлихантанушы ғалым.
Ал енді екінші фотосуреттің тарихына келер болсақ СПб-дегі Ресейдің саяси тарихы мемлекеттік мұражайынан табылған жаңа жәдігерді Рамазан Әбілдосұлы (профессор Талас Омарбектің шәкірті) Сұлтан-Хан Жүсіпке хабарласып, былтыр ғаламтор желісінде Госкаталогтан Амангелді Иманұлы туралы тың мәлімет қарастырып жүріп, Ә.Бөкейханның бір суретін кезіктіргенін, оның скан-көшірмесін СПбМУ-да оқитын досы арқылы алдырғанын, бірақ ол суреттің бұрын-соңды жарияланған-жарияланбағанынан бейхабар екенін айтқан.
«Ең қызығы, жас ізденуші маған наурыздың 22-нен 23-іне қараған түнгі сағат бір жарымда хабарласты. Фотода 1906 жылдың сәуірі мен шілдесі аралығында жұмыс істеген І Мемлекеттік Дума құрамындағы Конституциялық-демократиялық халық бостандығы партиясы (қысқаша кадет, халық бостандығы немесе Ка-де партиясы) фракциясының 20 мүшесі бейнеленіпті. Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейхан – екінші қатарда оңнан солған қарай екінші тұр.
Фото мен Алаш көшбасшысының І Мемдума мәжілісіне қатысу үшін СПб-ға барған сәтімен тығыз байланысты екеніне еш күмән жоқ. СПб-ға табан тіреген 1906 жылдың 8 шілдесі күні Ә.Бөкейханның Ресей астанасындағы Булла ательесінде түскен әйгілі фотосы соның бұлтартпас дәлелі. Екі сурет бір күнде болмаса да, бір-екі күннің ішінде түсірілгені айдай анық.
Десе де соңғы фотодан бірнеше маңызды сауал туады. Бірінші, кадет фракциясының тобы бұл фотоға Мемдума орналасқан Таврия сарайында түсті ме әлде партияның өз кеңсесінде ме? Онда сауалдың сыры: Ә.Бөкейхан Омбыдан СПб-ға 1906 жылдың 8 шілдесінде келіп жеткен болса, Ресей патшасы ІІ Николай І Мемдуманы тарату туралы жарлыққа сол күні-ақ түн ортасына қарай қол қойған болатын. Дума мүшелері І шақырымның күштеп таратылғанын 9 шілде күні таңертең Таврия сарайының есіктеріне жапсырылған хабарландырудан ғана оқып білді. Ал Таврия сарайының есігін суық қаруланған, тіпті зеңбірегі бар күзет бөгеп, Дума мүшелерін ішке кіргізбей тұрды.
Оған қоса Алаш көшбасшысының СПб-ға 8 шілдеде түске дейін не түстен кейін табан тірегені де әлі беймәлім. Егер 8 шілденің таңында жеткен болса, ол Булла фотоательесінде суретке де түсіп, Таврия сарайында партияластарының Думадағы фракциясы мүшелерімен жүздесіп, екінші рет суретке түсіп үлгергені де анық еді.
Әйтсе де келесі сұрақ – екінші фото Дума қуылмай тұрып түсірілді ме әлде одан кейін бе? Кейін болса, онда фото кадет партиясының Таврия сарайының іргесінде орналасқан кеңсесінде түсірілген болып шығады», дейді Сұлтан-Хан Жүсіп.
Биыл 5 наурызда ұлт көсемі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толды. Өз мерейтойы қарсаңында көркем бейнесі көпшілікке жол тартып жатқан көшбасшы тұлғаны біз әлі де зерттей түсуіміз керек. Бұған дейін Қарағандыдағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беру туралы қоғамдық тыңдау өтіп, ұсыныс бірауыздан мақұлданып, Алаш ардақтысына аудан аты берілген болатын. Бүгінгі жақсы жаңалық та осынау игі істердің ізін ала жеткен қуанышты хабар.
Қазақ үшін қызмет қылмай қоймаймын деген хан баласының елі үшін еткен еңбегі келешекке темірқазық.
Ұлт тарихындағы Әлихан Бөкейхан есімі біздің азат санамызға алтын әріптермен жазылады.
Біз, Әлихан аруағының алдында мәңгілік қарыздар болуымыз керек.