Жер реформасы жөніндегі комиссияның алдында үлкен міндет тұр. Жер қатынастары саласын дамыту нәтижесінде кәсібін жермен байланыстырған ауылдағы халықтың әл-ауқатын арттыруға болады. Жер реформасы жөніндегі комиссияның отырысында осылай деген Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов алқалы топтың алда атқарылуы тиіс нақты міндеттерді айтты.
«Бұл отырыстың ұлтымыз үшін қасиетті саналатын күндермен тұспа-тұс келуі тегін емес. Халқымыз үшін жер – қастерлі ұғым. «Жер – ырыстың кіндігі, еңбек – ырыстың қазығы, бірлік – ырыстың тізгіні» деп бабаларымыз бекер айтпаған. 2016 жылы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жеке меншікке, шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беруге мораторий енгізілген еді. 25 ақпанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық ғылыми ұйымдарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу туралы саяси шешім жариялады. Осыған байланысты заң жобасы 12 наурызда Парламентке енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жер заңнамаларын жетілдіру мақсатында Премьер-Министрдің өкімімен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды», деді Е.Тоғжанов.
Вице-премьердің айтуынша, комиссия құрамына ауыл шаруашылығы саласындағы қауымдастықтар мен бірлестіктердің өкілдері, агробизнес саласындағы азаматтар, сонымен бірге Парламенттің қос палатасының депутаттары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, «Атамекен» ҰКП өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер және журналистер еніп отыр. Оның құрамы 80 адамнан тұрады, 60%-ы – азаматтық қоғам өкілдері және тәуелсіз сарапшылар.
«Комиссияның алдында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қатынастары саласын дамыту мәселесіне байланысты ұсыныстарды әзірлеу міндеті тұр. Сол себепті оның жұмысын мемлекет, әсіресе кәсібі жермен тікелей байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер күтіп отырғанын ескеріп, ақылдасып, нақты шешім қабылдайтынымыз күмәнсіз», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Жиында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жайылым, сондай-ақ шабындыққа қатысты заңнамаға кәсіби талдау жасауды ұсынды.
«Осы отырысқа келген адамның көпшілігі бірінші Жер комиссиясының жұмысына қатысқан. Сол комиссияның артықшылығы мен кемшілігін көріп, тәжірибе жинақтадық. Сондықтан ең бірінші ұсыныс – сол Жер комиссиясының негізгі хаттамасында көрсетілген бағыттарға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі есеп дайындаса, артық болмайды. Неге десеңіз, тиісті шешімдер қабылданды немесе мынандай ұсыныстар неге қабылданбай қалғаны жөнінде есеп болуы керек. Себебі атқарылған жұмыстың нәтижесі болуы қажет», деді А.Сарым.
Депутат ақпарат пен кадастр мәселесіне де тоқталды.
«Бұл маңызды мәселе. Себебі сенімсіз жер мәселесінде ешқандай өзгеріс жасалмайтынын анық байқап отырмыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлері, жайылым және шабындық жерлерге қатысты заңдар мен қабылданған баптар неге жұмыс істемей жатқанына байланысты кәсіби талдау әзірлеген дұрыс. Қажет жағдайда өңірлерге шығып, ел аралап, артықшылығы мен кемшілігін көзімізбен көріп, осы туралы кешенді жаңа заң жобасын дайындайтын мүмкіндік болуы керек», деді Мәжіліс депутаты.
Сол секілді алғашқы отырыста Жер кадастры ашық болуы керектігі туралы айтылып, 10 сотық жер телімін беру мәселесі көтерілді. Премьер-Министрдің орынбасары аталған мәселе жан-жақты қаралатынын, сондай-ақ 10 сотық жер телімін бөлуге қатысты ең алдымен тиісті жұмыс атқарылуы керек екенін жеткізді. Демек жер телімі берілсе, сәйкесінше инфрақұрылымның салынуына да ерекше назар аударылуы тиіс.
«Инфрақұрылымды жүргізу үшін орта есеппен 4 трлн-нан артық қаражат керек. Сондықтан осының барлығын есептеп алған жөн. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес», деді Е.Тоғжанов.
Ал Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаевтың сөзіне сүйенсек, республикадағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер тек мемлекеттің құзырында болуы керек.
«Бұл біздің геосаяси жағдайымызға байланысты. Ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі жағынан еліміз әлемде алтыншы орын алады, ал егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Аустралиядан кейін екінші орындамыз (яғни бір адамға шамамен 1,3 га егістік жер келеді). Яғни бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біздің жер ресурстарымыз жекеменшікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар бар. Мәселен, нарықтық экономикасы дамыған Израильде барлық ауылшаруашылық жерлері мемлекеттің құзырында», деді А.Күрішбаев.
Сенатор отандық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қолжетімді болуы тиіс деген ойда. Бұл үшін тиісті жер көлемін мемлекет реттеп, бөліп отыруы қажет деді депутат.
«Қазір Қазақстан экономикасы жерасты пайдалы қазбалары арқылы дамып жатыр. Бірақ ол бір кездері аяқталады, яғни жаңғыртылмайтын табиғи ресурс. Сондықтан мемлекетіміздің болашағы ауыл шаруашылығының дамуына байланысты. Болашақ ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер қолжетімді болуы керек. Яғни аграрлық бизнесті дамыту үшін жерді жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алатындай жағдай жасаған абзал. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялар тарту жағынан біз әлемнің жетекші аграрлық елдерінен артта қалып отырмыз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Аустралияда бір гектар егістікке шаққанда 422 долларды құрайды, Канадада – 80 доллар. Ал Қазақстанда бір долларға да жетпейді, яғни 100-400 есе аз», деді А.Күрішбаев.