• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Наурыз, 2021

Журналистерге дөрекі мінез танытқан мемқызметкер ескерту алды

459 рет
көрсетілді

«Хабар 24» телеарнасының тілшілеріне дөрекі мінез танытқан шенеунік ескерту алды, деп хабарлайды Egemen.kz арнаның сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін аталған телеарнадан Жамбыл облысындағы жүктемесі көп жүк көліктері туралы сюжет көрсетілген еді. Бірақ облыстық көліктік бақылау инспекциясы жетекшісінің орынбасары Темірлан Мұқышев сұхбат беруден бас тартқан болатын. Кейінірек бұл мәселемен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті айналысып, қызметтік тексеріс жүргізді. Этика жөніндегі отырыста Темірлан Мұқышев ем алып жатқанын айтып, журналистердің сұрақтарына жауап беруге дайын емес екенін жеткізген-ді. Бірақ кеңес мүшелері бұл жауапты қабылдамады.

«Сұхбат бермеймін, бергім келмеді. Түсірмеңдер. Сағат үште ұлттық бюрода жиын өтеді, сонда бәрі айтылады. Сонда келіңіздер», деген еді облыстық көліктік бақылау инспекциясы жетекшісінің орынбасары Темірлан Мұқышев.

Бұдан соң, ҚР МҚІА облыстық департаменті басқармасының жетекшісі Руслан Шәріпов қызметтік тексеру жөніндегі тексеру нәтижелері әдеп жөніндегі отырысында қаралып, қорытындысы бойынша оған ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізілгенін айтты.

«Бұл жағдайда Темірлан Мұқышев Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтамаған. Яғни, жалпы қабылданған моральдық нормаларды бұзған, сонымен қатар азаматпен қарым-қатынаста әдептік танытпаған», деді Руслан Шәріпов.

Айта кетейік Темірлан Мұқышев 2019 жылы да ауыр және ірі көлемдегі көлік құралдарының жүруіне арнайы рұқсат бергені үшін қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту алған.