Бішкекте, А.Осмонов атындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасында орналасқан А.Құнанбаев атындағы Қырғыз-Қазақ мәдени орталығында М.Әуезовтің қырғыз тіліндегі «Абай жолы» кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Қырғызстандағы Қазақстанның елшілігі таратқан баспасөз хабарына сілтеме жасап.
Іс-шараға Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаты Г.Асылбаева, ҚР Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары И.Балташев, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі А. Тоекин, Қырғызстандағы қазақ диаспорасының өкілдері және жалпы жұртшылық қатысты.
Кітаптың қырғыз тіліндегі нұсқасы бұрын қазақ жазушысы О.Сүлейменовтің атақты «Аз и Я» кітабын қырғыз тіліне аударған Изиля Рахимованың аударма еңбегінің, сондай-ақ «Blue Sky» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауының арқасында мүмкін болды.
И. Рахимованың айтуынша, бұл аумақты да жанкешті жұмыс болды, дегенмен іс жүзінде қазіргі әдеби қырғыз тіліне бейімделе аударылды. Аудару жұмысына екі жылдай уақыт кеткен.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ және ағартушы Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы 1942-1956 жылдары төрт том болып қазақ тілінде жаряиланды. «Абай жолы» романының қырғыз тіліндегі соңғы басылымы Т.Суванбердиевтің аудармасымен 32 жыл бұрын 1989 жылы жарық көрген. Ал кітаптың қазіргі заманғы аудармасы қазіргі қырғыз тілді оқырманға қол жетімді әрі жеңіл оқылуы мақсатында жасалған.