Елорда төрінде орналасқан Ұлттық академиялық кітапханада ұлт руханияты үшін бағалы туынды – ескі жазба тілінде (қадымша) осыдан жүз отыз жыл бұрын жарық көрген сұлтан Ахмет Кенесариннің «Насаб наме сұлтан Сыдық» атты кітабының қазіргі әріпке түсірілген аударма нұсқасының тұсауы кесілді. Бұл шараға, Парламент Мәжілісінің депутаттары және тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Маңызды шараны ашып, көпшілікке жолданып отырған аталған туындының қазіргі қазақ қоғамы үшін маңызы қандай және бұл шығарма несімен құнды, деген сұрақ төңірегінде таныстырылым жасаған, сонымен қатар кітаптың алғысөзінің авторы Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли шығарманы қазіргі әріпке түсіріп, оған қоса факсимилесін жасауда жас қаламгер Ербол Алшынбайдың еңбегі зор екенін айтып өтті.
«Кенесарының жорық жолдарының картасы және ғылыми түсіктемелер жасалған туындының жарық көруіне демеушілік жасаған Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры. Бұл еңбекте Кенесары хан мен оның әулеті, ұлы Сыдық сұлтан туралы көптеген ғылыми жаңалықтар айналымға еніп отыр. Шығарма ұлттық көзқараспен жазылған, біздің халқымыздың мүддесі тұрғысынан пайымдалған тарихи еңбек. Жазба авторы әкесі Кенесары хан мен ағасы сұлтан Сыдықтың сан қилы күреспен өткен өмірін көрген, сол күрестердің бел ортасында өзі де жүрген. Қазақтың соңғы ханының жолбарыстай жортып өткен өнегелі өмірін, оның еуропалық үлгідегі әскермен бетпе-бет келген кезде, қаруы кемшін түссе де, ерекше әскери айлаларымен талай жеңіске жеткенін біз осы кітаптан көреміз. Бұл кітап Қадырғали Жалайыридың «Жамиғат тауарих» еңбегі сияқты қазақ тарихын қазақтың көзқарасымен, қазақ тарихшысының пайымымен бағамдаған санаулы еңбектің бірі. Кітапты парақтап отырып, бұдан бұрын қазақ тарихы үшін белгісіз болып келген тұлғалар мен тарихи оқиғаларға да кез боламыз. Оның бірі – Ғұбайдолла хан. Кітапта «Абылай хан қайтыс болған соң оның бәйбішесінен туған Ғұбайдолла хан болды. Ол он жыл хандық құрды» деген дерек кездеседі. Сонымен қатар Кенесары хан Қытай мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатуға тырысып, інісі Құдайменді Саржанұлын Құлжаға елшілікке жібергені айтылады. Бұл дерек тарихшылармыз үшін тың дүние» деді Берік Құрманғалиұлы.
Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың, әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы керек. Бөтен идеологияның жетегінде жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік берері анық дегеніндей, жиында тұсауы кесіліп отырған туынды туралы сөз айтқан Мәдениет және спорт министрлігінің аппарат басшысы Ернат Мұхамадиев, аталған еңбек қазақ тарихы үшін бағалы болары анық, сонымен қатар мұндағы оқиғалар желісі тарихшылар арасында ғана қызығушылық тудырып қоймай, көпшілік оқырманның жүрегінен де орын алары сөзсіз, деген пайымын жеткізді.
Сондай-ақ кітапқа рецензия жазып, ғылыми түсініктемелерді орнықтыруға атсалысқан тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев мұндағы бастан-аяқ өрілген Сыдық сұлтанның іс-әрекеті ортаазиялық түркі-мұсылман жұртына ортақ құндылық ретінде дәріптелуі тиіс. Сондықтан кітап көрші өзбек-қырғыз бауырлар арасында насихатталса, өйткені туындыдағы оқиғалар туысқан халықтарды ұлт азаттық күрес жолында біріктіретін «алтын көпір» десе, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай бұл туынды әлем тарихшыларының Кенесары-Сыдық қозғалысын зерттеуіне шамшырақ болғанын атап өтті.
Келесі кезекте пікір білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, мазмұны түркі халықтарына ортақ осындай текстологиясы сақталған жолжазбамен жұмыс жасауда тарихшылардың ортақ ғылыми бірлігі керек екеніне тоқталса, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Бұл кітап ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту болуымен қатар, орта толтырған, олжа салған еңбек. Өйткені тәуелсіздік ұлттық сана арқылы қалыптасса, ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады. Осы орайда, тұсауы кесіліп отырған туынды тарихи сананы ояту тұрғысынан лайықты еңбек екені анық. Тарихи еңбектің жазылу әдістемесінің өзі қазіргі тарихшыларға үлгі боларлық жағдайда. Сонымен қатар кітаптың өнебойында субьективті пікір, артық ауыз сөз жоқ, оқиғаны бұра тартпай сол қалпында жеткізген. Шығарманың басты құндылығы – автор оқиға желісін кейіпкердің өз аузынан жазып алған және түзетулер жасап отырған. Оның сыртында Сыдық сұлтан – туысқан түркі халықтарын отарсыздандыру идеясына біріктіретін және ХІХ ғасырдың екінші жартысында Түркістан ұлт азаттық қозғалысының басында тұрған тұлға» деді.
Тілші-ғалым, Шерубай Құрманбайұлының, аталған еңбек қазақтың ескі жазба тілінде жазылған және қазіргі тіл мамандары үшін аса құнды мәліметтер бар. Соның бірі сол кезде қолданған әскери атаулар мен терминдер халқымыздың жауынгерлік тарихын зерттеушілер үшін құнды дүние, деген тұжырымы көкейге қонса, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы «Сыдық тағдыры трагедияға толы. Әкесі Кенесарының аманатын жалғастырып 15 жыл отарлаушылармен шайқасса, інісі Ахмет сұлтан ресейлік тарапта қызмет атқарса да қазақтың қамын ойлады. Бұл кісінің баласы Әзімхан Кенесарин да алаш мақсаты, идеясы жолында еңбек етті. Осы сабақтастықты ұрпаққа үлгі етудің жолын қарастыру керек» деді.
Расында, Майлықожа ақын «Ахмет сұлтан төрелер, Ақырғы ханның арты еді» дегеніндей, кітап авторы Ахмет (1842-1888) Кенесарының бәйбішесі Күнімжаннан туған үш ұлдың кішісі. Ер жеткен соң Қоқан хандығының әскери сапында қызмет жасап, Ресей империясы Жетісуды жаулап алу кезінде олармен шайқасады. 1860 жылы Ұзынағаш маңында болған жеңілістен кейін Ахмет пен бауыры Тайшық отарлаушылар билігін мойындап, олардың қол астына өтуге өтініш білдіреді. Сырдария шебінің басшысы генерал Дебу сұлтандардың өтінішін қабылдайды. Артынан барар жері қалмаған Сыздық сұлтан да інісі Ахмет Кенесариннің беделінің арқасында ресейлік биліктің кешіріміне қол жеткізген.
Дәл осы оқиға жайлы Сырдария облыстық санақ комиетінің мүшесі Е.Т.Смирновтың 1888 жылы жазған естелігі бар. Онда: «Сыздықтың (Сыдық) бізге қарсы дұшпандық әрекеті Хиуа жорығынан кейін көп ұзамай тоқтады. Қазақ халқының өз алдына ел болуы үшін күрескен ең соңғы жауынгер, Қытай әскері Қашқар қаласын алып, Тарым бойындағы Якупбек орнатқан мұсылман мемлекетін жойған соң Қашғар ханы Бекқұлы бекпен бірге, 1877 жылы біздің қол астымызға келіп кірді. 1886 жылы Сыдық сұлтанға өмірбаяныңызды жазып беріңіз деп тапсырған едім. Бірақ Сыдықтың жазуға икемі болмады ма кім білсін, істі інісі Ахмет сұлтанға тапсырыпты. Ол ағасы Сыдықтың айтуымен 1887 жылы қазақ тілінде жазып әкеліп берді» дейді.
Осы қолжазбаны Смирнов 1888 жылы Ташкент қаласында «Кенесары и Садық» деген атпен Ташкенте орыс тілінде бастырған болатын. Дәл осы нұсқаны жазушы-аудармашы Ғалым Ахмедов 1992 жылы қазақ тіліне аударып, «Жалын» баспасынан шығарғаны бар.
Ал мына тұсауы кесіліп отырған кітаптың ерекшелігі – жоғарыда атап өткеніміздей, тұпнұсқадан айна қатесіз қазіргі қазақ тіліне қотарылып, ең бастысы зерттеушілер салыстыра оқу үшін көне нұсқасы қатар берілуінде.