90-жылдары публицистикалық кітап жариялаған Шерхан МҰРТАЗА: «Күнбе-күн тіршілігімізде кездесетін кейбір келеңсіз көріністердің ең сорақысы сол – біреу барлық қоғам ісіне, өзіне сеніп тапсырған жұмысқа жанын салып, пәруана беріліп, күш-жігерін, білімін аямайды. Енді біреу бар: жабыға зерлі жабу жапқандай, бірақ қанша жабуласа да топастығы мен тоғышарлығы сойдиып көрініп тұрады. Жұмысқа деген қабілеттілігімен емес, адал іскерлігімен емес, жағымпаздығымен амалдап жүрген адамдарды қолдап, жылы жебейтін кейбір басшылар екі есе кінәлі. Адамды адам еңбегіне, қабілетіне қарай бағалайтын әділ принцип сәл бұзылған жерден ырың-жырың, берекесіздік басталады» деп жазды. Қаламгер өзі өмір сүрген қоғамдағы күрделі де зиянды құбылысқа жұрт назарын аударып, осылай дабыл қаққан еді.
Содан бері көп нәрсе өзгерді, дүние жаңғырып, әлем мың құбылды. Алайда сөзі мірдің оғындай Шер-ағаң жазған ұрда-жық мінез-құлық пен шолақ белсенділіктің жаны сірі екен, шырмауықтай оратылып, аш кенедей жабысып, қолбайлау болып, адымды аштырмай келеді. Тіпті әлеуметтік желілерде желдей ескен қауесет пен өсекке тоқтам болмай тұр. Жалған ақпараттық ағындар саналы жұрттың өзін жаңылыстырып, қарапайым халықтың ойын сан-саққа жүгіртуде. Соның ара жігін ажырату үшін ақылға серік болатын білім, заманға лайық сана-сезім қажет. Оның бір сипаты – бабалар рухымен бізге жеткен дәстүрлі құндылықтарды сақтап, жөн сөзге тоқтауды жадымызда ұстау. Ал сананы жаңғыртуға, тұрмыс мәдениетімізді жаңаша қалыптастыруға не жетпейтінін Елбасы да, Мемлекет басшысы да айтудайын айтып, тұжырымдамалы мақалаларында кеңінен қозғағаны бекер емес.
Өткен тарихтан – өнеге, бүгініміз бен ертеңіміздің адастырмас темірқазығы – әр адамның жауапкершілігі жайында бірер ойды ортаға салмақпыз. Шындығында, ЖАУАПТЫЛЫҚТЫ тиянақтап, сағат сайын, сәт сайын қаперге алып тұрсақ та артық емес. Бұл ұлтсүйер, елшіл, отаншыл қасиеттің бастауы ғана емес, адамның өзін өзі сыйлауының, айналаны құрметтеуінің өлшемі болса керек. Сондықтан бұған әрбір азамат, кез келген қауым, қоғам, ел, мемлекет зәру. Дүние жаралғалы қоршаған ортамыз жауаптылықты сезіну арқылы өсіп-өркендеп келеді, жауапкершілікті бөлісу жолымен үйлесімді тіршілік, еңбек ету жалғасып отыр. Оған деген мұқтаждық, қажеттілік бәрімізге ортақ болған кезде ғана жауапкершілік сезімі тиянақталады, яғни сана сапалық жағынан жетіліп, биікке көтеріледі.
Жалпы, жауапкершілік ұғымы кез келген адамның болмысынан хабар береді. Өзіне қатысы бар міндетті немесе жүктелген аманатты атқарып, тапсырылған істі орындау – адамгершілік қасиеттің, парыз бен қарызды толық өтеудің шынайы белгісі. Заң тілімен айтқанда, жеке тұлға борышпен қоса міндетін терең түсінуі, яғни қоғамда қабылданған құқықтық нормалар мен ережелерге сәйкес өз іс-әрекетін бақылай алады деген сөз. Оны сезіну әр адамның құқықтық мәдениетінің, азаматтық сана-сезімінің көрінісі болуға тиіс.
Тәуелсіз ел болып, қол жеткізген барлық жетістіктеріміз – түптеп келгенде, ерлеріміздің мойынға алған жауапкершілігінің жемісі.
Алайда тоқмейілсу – тоқыраудан да бетер, кері кетудің белгісі. Сондықтан қазіргі кезде кеңсе қызметкерінен бастап мемлекеттік қызметшіге дейін, тіпті азаматтығы бар әрбір адам сөзі мен іс-әрекеті үшін жауапкершілікті мойынға алуды парыз санауы керек. Мұны қашанда «барға – шүкір, жоққа – қанағат» етіп келген ұлтымыз теңдессіз тәуелсіздігіміздің талаптары деп қабылдағаны абзал. Осыған байланысты Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай байтағымыз – еліміздің астанасында.
«ЖАУАПТЫЛЫҚ» ұғымына арнайы ескерткіш қойылса деген ұсыныс бар. Өйткені бұл ең әуелі, Елбасымыз айтқандай, басты құндылығымыз - Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтаудың аманаты болар еді. Сондай-ақ санғасырлық ата-баба арманына қол жеткізген қазіргі күннің, еркіндік пен теңдік ұғымын терең түсінуі тиіс замандастар міндетінің барометрі болмақ.
Азаттықтың 30 жылдық торқалы тойы қарсаңында барша істе жауапты болуға үндейтін символдық белгіге байқау жарияланса, оған отандық сәулетшілер мен мүсіншілер зор жауапкершілікпен кірісері сөзсіз.
Әрине, жаңа заман тарихында өзгеге өнеге көрсетіп, елімізді әлемге танытқан іс-шаралар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Елбасының Жарлығымен жабылған Семей ядролық сынақ алаңы. Дүние жүзі Қазақстанның қуаты тұрғысынан әлемдегі төртінші ядролық қарудан бас тартуын бейбітшілікті сақтаудың ең ауқымды жауапты қадамы деп бағалады. Олай болса, «ЖАУАПТЫЛЫҚ» ескерткіші жауапкершілік пен парасаттылықты, ынтымақ пен бірлікті, ізгілік пен жасампаздықты паш етсе, бұл Қазақстан жолының әлемдік кеңістіктегі тұғырын айқындайды деп санаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты