Сыр бойында жыл басынан бері 7 529 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленді. Олардың арасынан еңбекке жарамды 1 828 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 812-сі тұрақты жұмысқа орналасыпты.
– Мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақылар, әлеуметтік көмектерден бөлек жыл сайын қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып отырады. Былтыр көмекке мұқтаж 14 мыңнан астам отбасына 161 млн теңгенің азық-түлігі және тұрмысқа қажетті заттар берілді. Ал биыл «Қайырымды істер марафоны» жобасы аясында 1000-нан астам отбасына көмек көрсетілді. Жақында өңірімізде республикалық «Халық» және «Береке» қайырымдылық қорларының бастамасымен жүзеге асатын «Халық берекесі» әлеуметтік жобасының таныстырылымы өтті. Бұл жоба көмекке мұқтаж отбасыларды дағдарыс жағдайынан шығаруға мүмкіндік береді. Қазір үйлестіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова.
Өңірде белсенді азаматтардың бастамасымен түрлі деңгейдегі әлеуметтік жобалар іске асып, мұқтаждарға көмектер көрсетіліп келеді. Айталық, 2019 жылы облыс әкімдігінің бастамасымен «Болат Өтемұратов қоры» қаражаты есебінен 100 отбасы тұрғын үймен қамтылған.
Былтыр жеке шаруашылық және кәсіпорындар көмегіне сүйенген жастар бірлестіктері бастамасымен асарлатып үйлер салынып, аз қамтылған көп балалы 20 отбасы баспанаға қол жеткізді.
ҚЫЗЫЛОРДА