Елімізде сот сараптамаларын жүргізудің қанатқақты жобасы іске қосылған. Оның басты мақсаты – сот-сараптама жүргізу мерзімін қысқарту, мемлекеттік сарапшылардың жүктемесін азайту, сондай-ақ жеке сот сараптамасы институтын дамыту. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді.
Қанатқақты жоба Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігімен бірлескен бұйрық аясында жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Қостанай және Павлодар облыстарында қылмыстық істер бойынша сараптамалардың жекелеген түрлерін бәсекелестік ортаға беру жұмысы атқарылуда. Әділет министрінің хабарлауынша, бүгінде аталған жоба оң нәтижесін көрсете бастаған. «Атап айтқанда, сараптама жүргізу мерзімі біршама қысқартылып, сарапшылардың жүктемесі азайғанын байқауға болады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс сараптама түрлерін көбейтіп, жобаға қатыстырылатын аймақтардың санын ұлғайту арқылы жалғаса береді», деп атап өтті М.Бекетаев.
Әділет министрлігінің Жоғарғы сотпен бірге қолға алған тағы бір қанатқақты жобасы жеке сот сарапшыларының азаматтық істер бойынша бастапқы сот-құрылыс, тауартану және экономикалық сараптамаларды тағайындауына қатысты. Қазіргі таңда бұл бірлескен жоба Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының сот сараптамасы институттарында жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама жеке сарапшыларды тарту арқылы сот ісін жүргізу процесіне қатысушыларға жеке сарапшылар институтының кәсіби қабілеттілігін көрсетуге мүмкіндік береді. «Бір жағынан бұл жоба сот-сараптама саласында бәсекелестік ортаны қалыптастырады», дейді министр.
Ол брифинг барысында сот дәрігерлерінің еңбекақылары 45 пайызға өскенін де айтып өтті. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен жыл сайын 500 млн теңгеге жуық қаражат бөлінеді екен. Бұл жөнінде:
«Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді ұлғайту мақсатында дәрігерлердің жалақысын 2023 жылға қарай 2,5 есеге дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда. Қызметкерлердің жұмыс қорытындыларын факторлық-балдық шкала бойынша бағалау жүйесі енгізілді», деп хабарлады министр. Еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыру сот сараптамасы органдарының 1166 медицина қызметкеріне қатысты болады.
Марат Бекетаев сот сараптамалары органдарының материал-
дық-техникалық базасын заман талабына сай жаңарту мәселесін де сөз етті. Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде бұл саланың техникалық құрал-жабдықтары 70 пайызға жаңаланған. Уақыт талабына сай қызметтерді техникалық және технологиялық жағынан толық қамтамасыз етілген заманауи ғимараттарда орналастыру мәселесін шешу де күн тәртібінен түскен емес.
«Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында Сот сараптамалары институтының үлгілік ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы Атырау қаласында облыс әкімі жаңа ғимарат салып, Әділет министрлігіне сот сараптаманың орнын ауыстыру үшін өтініш берді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. 2021-2025 жылдары республиканың тағы 6 өңірінде: Шымкент қаласы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында ғимараттар салу жоспарда бар», деп хабарлады М.Бекетаев.
Бұдан басқа, саланы реформалау аясында цифрландыру және автоматтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Е-Saraptama ақпараттық жүйесі толықтай әзірленіп, оны «Төрелік», «Е-қылмыстық іс» және «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйелерімен шоғырландыру жұмысы жүргізілу үстінде. Аталған жүйені осы жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Бәсекеге қабілетті сот-сараптама мамандарын даярлау – басты басымдық болып қалатынын жеткізген министр Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүргізілген «Қазақстан Республикасында сот сараптамасын күшейту» жобасы аясында 200-ден астам сарапшының Ресей, АҚШ, БАӘ, Ұлыбритания, Польша, Түркияда біліктіліктерін арттырғанын айтып өтті. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы аясында 55 сот сарапшысы Ұлыбританияда тағылымдамадан өтсе, 16-сы әлі де оқуын жалғастыруда.
«Сарапшы кадрларды даярлаудың қазақстандық мектебі қалыптасып келеді. Ол үшін сот сараптамасы орталығында оқу орталығы жасақталып, оның негізгі функциясы мемлекеттік және жеке сот сарапшыларын және сот-сараптама қызметімен айналысқысы келетін адамдарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру болып табылады. Оқу орталығының базасында сот сарапшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ шетелден келген сарапшылар білімін жетілдіре алады», деп атап өтті ведомство басшысы.
Ел тәуелсіздігінің отыз жылы ішінде сот сараптамасы жүйесін реформалауға маңызды қадамдар жасалғанын атап өткен министр брифингте бірыңғай қызмет – республикалық сарапшылар палатасы құрылғанын да айтты. Осы саланы дамыту бойынша қабылданып жатқан іс-шаралар сот-сараптама жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға ықпал етері анық.