Жуырда Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасы және Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешені ұйымдастыруымен дәстүрлі “Ғабит оқуларының” ашылуы болды.
Ең алдымен Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жастар театрының алдындағы жазушы ескерткішіне “Ғабит оқуларына” қатысушылар гүл шоқтарын қойып, Ғабең рухына тағзым етті.
Дәстүрлі “Ғабит оқулары” биыл 1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 65 жылдығына арналды. Қазақ әдебиетінің классиктері, академик-жазушылар Ғабит Мүсірепов “Қазақ солдаты” романымен, Сәбит Мұқанов “Правданың” тілшісі ретінде майданның алғы шебінде болып, “Мәлік Ғабдуллин”, “Мәншүк Мәметова”, т.б. очерк кітапшаларымен, жауынгерлермен жазысқан хаттарымен бұл тақырыпқа арнайы қалам тербеген. “Соғыс және суреткер” атты шағын көрме ұйымдастырылып, оның ашылуы осы “Ғабит оқуларының” аясында өтті.
“Ғабит Мүсірепов пен замандас жазушылардың шығармаларындағы патриотизмнің, ұлттық намыстың көркемдік шешімдері” деген тақырыпта белгілі майдангер қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың әңгіме-баяны тартымды да тағылымды болды. Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахет және С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков биыл төртінші рет өткізіліп отырған “Ғабит оқуларының” ерекшеліктері туралы ой бөлісті. Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Оразақын Асқар Ғабеңе қатысты, “Қазақ батырына” қатысты ой бөлісіп, жиналғандарды тәнті етті. Ғ.Мүсіреповтің жиені Қанатбай Базарбаев зергер суреткер жайлы өз естеліктерін бөлісті.
Республикалық білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын институттың мамандары (жетекші – кабинет меңгерушісі Қарлығаш Жүнісханқызы), өз тыңдаушылары – облыстық, аудандық оқу бөлімдерінің басшыларымен келіп, өз сөздерінде “Ғабит оқуларының” жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығын атап өтті.
Ғ.Мүсірепов атындағы №86 гимназияның оқушылары (жетекші – Тамара Қуанышқызы) да бұл игі шараға белсене ат салысып, өз өнерлерін ортаға салды.
“Ғабит оқуларына” қатысушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталып, фотосуретке түсті, музейдің Тілек кітабына өз қолтаңбаларын қалдырды.
“Ғабит оқуларына” орай 2010 жылдың 21 сәуірінен 1 мамырға дейін музейдің ашық есік күндері жарияланды.
Жанар ТАЕВА.