Футболдан Қазақстан құрамасы штабынан бірнеше адам коронавирус жұқтырғаны жайлы инсайдер, журналист Айдын Қожахмет өзінің телеграм-каналында жариялады. Оның сөзінше, қауіпті инфекцияны кейбір ойыншы да жұқтыруы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
«Біздің футболдағы кезекті оқыс оқиға. Қазақстан құрамасының штабындағы бірнеше адам коронавирус жұқтырды. Анығын айтсақ, әңгіме жаттықтырушы Сергей Калюбин (ол кешегі ойында қосалқы құрам қатарында отырған жоқ) және команда үйлестірушісі Максим Шауберт туралы болып отыр. Енді кімнің оқшауланып, кімнің Киевке баратыны белгісіз. Олармен жаттықтырушылар құрамы, үйлестіруші топ, тіпті ойыншылар да байланыста болды ғой» дейді Айдын Қожахмет.
Ал Baigenews.kz сайтына пікір білдірген ҚФФ баспасөз қызметінің жетекшісі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Франциямен матч алдында Сергей Калюбин ауырып қалды. Коронавирус емес, оған жай ғана суық тиген. Ал Максим Шауберт отбасылық себептермен бір апта бұрын демалыс алған», дейді Ермұхамед Мәулен.
Естеріңізге сала кетейік, күні кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Арена» кешенінде Қазақстан құрамасы 2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеу ойындарының бірінші кездесуін Францияға қарсы өткізіп, 0:2 есебімен жеңілген еді. Украинаға қарсы матчты Қазақстан құрамасы 31 наурыздан 1 сәуірге қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 00:45 те сырт алаңда өткізетін болады.