Көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталады. Мемлекеттік кірістер комитеті осы төлем түрін алғаш рет e-Salyq Azamat мобильді қосымшасына енгізіп отыр, яғни барлық жүйе цифрландырылды. Енді көлігі бар көпшілік үйден шықпай-ақ смартфон арқылы көлік салығын төлей алады.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті департаментінің директоры Азамат Садықов комитет пен ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің арасында ведомстволық ақпараттық жүйелерді біріздендіру жүріп жатқанын атап өтті. «Мемлекеттік кірістер комитеті «Салықтық әкімшілендіруді реформалау» жобасы шеңберінде «Интеграцияланған деректер базасы» ақпараттық жүйесінде «Жергілікті салықтар» кіші жүйесін әзірледі. Соның аясында екі жыл бойы көлік салығын есептеу жұмыстары жүргізілді. Төлемдерді есептеу кезінде Әкімшілік полицияның ақпараттары пайдаланылды», дейді ол.
Тұрғындарға тиімді e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын кез келген азамат пайдалана алады. Ол үшін ұялы телефонға қосымшаны жүктеп алса жеткілікті. Жүйе арқылы салық төлеушілер қанша қарызы барын және мүлік, жер, көлік құралдары жөнінде мәліметтерді тексере алады. «Көлік салығы туралы деректер «Алдын ала төлемдер» бөлімінде орналасқан. Мобильді қосымшаға кіру үшін азаматтардың телефон нөмірінде жеке сәйкестендіру нөмірі тіркелген болуы керек. Бұл салық төлеушінің жеке дерегін қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Содан кейін дайын тұрған реквизиттер арқылы өзіңізге қанша салық есептелгенін білуге болады», дейді А.Садықов.
Комитет өкілінің айтуынша, қолға алынған цифрландыру жұмыстары саладағы біршама кем-кетікті түзеуге мүмкіндік береді. Мысалы, баяғыда сатылып кеткен көліктің салығын бұрынғы иесінің мойнына жазу сияқты келеңсіздіктер болмайды деп сендірді мамандар. Мемлекеттік кірістер комитеті өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Олжас Отардың сөзінше, егер бірнеше жыл бұрын көлік сатылып кеткен болса, соған қарамастан бұрынғы иесіне салық төлеу туралы хабарлама келсе, онда E-Salyq-Azamat қосымшасындағы түзету қызметін пайдалануға болады. Қазіргі уақытта бұл түзету қызметін 11 мыңнан астам адам қолданып, мәліметтерді өзгерткен. «Егер көлікті келісімшарт арқылы сатып, есептен шығарған болсаңыз, онда оны уәкілетті органның есебінен шығаруға болады. Ал сенімхат арқылы сатылған көлік бұрынғы иесінің атында қала береді. Мемлекеттік тіркеу кімнің атынан жүргізілсе, сол азаматта қалады. Сондықтан уәкілетті органға барып, көлікті есептен шығару керек. Сонымен қатар жүрмейтін, жарамсыз көліктің салығына байланысты көптеген азаматтан шағым түсіп жатады. Мұндай жағдайда пайдаланбайтын, істен шыққан көлікті өз меншігіңіз ретінде есептен шығарып тастағаныңыз жөн», дейді О.Отар.
Мамандардың айтуынша, салық төлеушінің бір қаладан екінші қалаға тұрғылықты мекенжайы ауысқан жағдайда салық төлеу жүйесі де автоматты түрде ауысады. Көлік салығы бұрынғы мекенжай бойынша төленіп қойса, онда жүйені бақылап отырған салық қызметкерлері түзету енгізіп, жаңарған деректерді жаңа мекенжайға жібереді.
Басқа жаққа көшкен кезде көліктің мемлекеттік нөмірін ауыстыру міндетті емес. Көлік салығы тұрғылықты жері бойынша есептеледі.
«Салықты уақтылы төлеп отыру – әр азаматтың міндеті. Мерзімінде төленбеген салыққа қосымша үстемеақы жүретінін және төленбей қалған салық шектен асып кетсе, шетелге шығу да мүмкін болмайтынын ескерте кетейік. Жеңіл көлік салығының мөлшері қозғалтқыштың көлеміне, ал жүк көліктері үшін жүк көтеру салмағына, автобустар үшін отыратын орындар санына байланысты болады. Ал мотоциклдер үшін көлік салығы қозғалтқыштың қуатына байланысты есептеледі», дейді мамандар.