• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Наурыз, 2021

Мифология мұзжарғышы

2686 рет
көрсетілді

2000 жылдардың бас кезінде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына, география ғылымы мен ұлт этнографиясына, философия­сына, халқымыздың жалпы руханиятына Серікбол Қондыбай есімі мен еңбегі өзгеше құбылыс болып енді. Филология ғылымдарының докторы, профессор Е.Қажыбекше айтсақ, «мифтік реконструкция сала­сындағы мұзжарғыш қасиетке ие» Серікболдың ғылыми шығар­машылығы ұлттың жоғалғанын соны пайымдармен түгендеп қана қоймай, бұған дейін белгісіз болып келген ұлттық бол­мысымыздың түп-тұқиянына қатысты кейбір мәселелерге, түр­кі дүниесі құндылықтарының шығу төркініне, есте жоқ ескі заман­дағы ата-бабаларымыздың дүниетаным көкжиегіне тың ізденістермен талдау жасайды. Филология ғылымдарының докторы А.Сейдімбектің «Серікбол Қондыбай қазақ тарихын иісі түркі тарихының, түркі тарихын жалпыадамзаттық тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерделеді. Нәтижесінде, қазақ тарихының философиясы деп аталатын ғылым саласының бағыт-бағдары анағұрлым айқындала түсті», деуі осыдан еді.

Серікбол Әділбекұлы 1968 жылы 14 наурызда Маңғыстау облысының қазіргі Құрық кентінде жұмысшы отбасында дүниеге келді. Әкесі өмірден өткен соң 5 айдан соң дүние есігін аянмен ашқан «жирен шашты» бала онжылдықты бітірген соң 1986 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университеттің география фа­культетіне оқуға түседі. Өзі кө­зінің тірісінде тіс жарып әңгіме етпегенмен, Қайрат, Рыс­күл, Роза сынды курстастарының айтуынша, студент кезінде Желтоқсан көтерілісіне қатысып, абақтыда 10 күн жатып шы­ғады. Ол кезде Көз аурулары институтында жұмыс істейтін медицина ғылымдарының кандидаты Ғалым атты дәрігер азаматтың араласуымен Серікбол абақтыдан шығып, оқуын жалғастыруға мүмкіндік алады. Университетті «Геоморфолог» мамандығы бо­йынша бітіріп шыққан Серік­­болға ұстаздары Ғылым ака­демиясының География инс­титутына жолдама беріп, ғы­лым жолында қалуға ұсыныс біл­діргенімен, ауылға оралған ол Маңғыстау-Үстірт мұражай-қорығында, облыстық экология басқармасында маман, одан кейін өзі оқыған №3 орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді.

Өмірде бір нәрсе бір нәрсеге себеп­ші болып жатады. 1995 жылы апат­қа ұшырап, жұлын жүйесінің зақым­дануына байланысты қоларбаға таңылып, І топтағы мүгедек болып қалуы Серік­болдың ғылымға біржолата бет бұрып, ізденіспен түбегейлі айналысуына себеп болғандай.

Қоларбада отырып компьютерге үңіліп, көпшіліктің көмегімен жерге түсірілсе, көр­пе үстінде етпеттеп жатып мифология бағытында ке­шен­ді тақырыптық зерттеулер, тео­риялық мәселелермен қар­қынды түрде айналысты. Көзі ті­рісінде «Маңғыстау географиясы», «Қа­зақ мифологиясына кіріспе», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Маң­ғыстау мен Үстірттің киелі орындары», «Есен-қазақ», «Гиперборея: түс көр­ген заман шежіресі» және төрттомдық «Арғықазақ ми­­фологиясы» атты ең­бектері сынды 10 кітабы жарық көрді. 4 томдық «Арғықазақ мифологиясы» жинағының шығуы да бір тарих. 2003 жылдың жел­тоқсан айында «Алтын орда» газетіне М.Әуезов бастаған бір топ ғалымның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы И.Тасмағамбетовке жазған «Дарындыны қолдайық!» атты ашық хаты жарияланады. Осыған орай, қаңтар айында И.Тасмағамбетов Серікболға тікелей телефон арқылы бай­ланысқа шығады. Нәтижесінде, С.Қондыбайдың сәуір айында 105 баспа табақтан тұ­ратын «Арғықазақ мифологиясы» атты 4 томдық іргелі еңбегі жарық көрді. Мамыр айында осы кітаптың тұсаукесерін өткізуге елордадан көр­некті ғалымдар Ақселеу Сейдімбек пен Қойшығара Салғараұлы келді. Жал­пы, С.Қон­дыбай шығармашылығы қа­зақтың көрнекті ғалымдары мен қоғам қайраткерлері тарапынан жоғары бағаланды. Қ.Салғараұлы, М.Әуезов, М.Ақдәулет, З.Нау­рызбаева, Ғ.Әнес, Қ.Көшербаев, Т.Әсемқұлов, Е.Тұрсынов, Қ.Жа­ңабаев, өзге де елімізге та­нымал азаматтары Серікбол ізде­нісіне қамқорлық-қолдау көр­сетіп, конференция­ларын ұйым­дастыруға, ғалым шығар­машылығын на­сихаттауға зор үлес қосты, терең па­йым­­ға не­гіз­делген тұ­щым­ды пікір­лерін айтты. Өмірден оз­ғаннан кейін өзі дайындап кеткен «Жауын­герлік рух кітабы», «Казахская мифология: краткий словарь», «Маңғыстау-нама», «Эстетика ландшафтов Ман­гистау», «Маң­ғыстаудың жер-су атау­лары», «Алпамыс ғаламы» сын­ды 6 кітабы демеушілер қар­жысымен басылып шықса, Маңғыстау облысының 2004-2006 жыл­дарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Есен-қазақ», «Маңғыстау-на­ма», «Эстетика ландшафтов Ман­гистау», «Казахская мифоло­гия», орыс тіліне аударылған «Қазақ даласы және герман тәңірлері» және «Жауынгерлік рух кітабы» атты еңбектері жарық көрді. Маңызды еңбектердің тұсаукесері Алматы, Ақтау, Ақ­төбе қалаларында Ғ.Әнес, М.Ақ­дәулет, А.Исмақова, Ж.Шо­йын­бет, Ә.Бөпежанова, Ж.Дүйсен­баева, Б.Ақбердиева, өзге де ғалымдардың қатысуымен өт­кізілді. Ел таныған ғалым­дар­дың, азаматтардың жұ­мыла қолдау көрсетіп, ғалым ең­бек­теріне тың дүние деп қарап, ғы­лыми тұрғыда терең баға беруі – Серікбол еңбегінің ғылыми ортада мойындалуы еді, оның өткенді қаузаған ертегі емес, шынайы ғылыми туынды екендігін дәлелдей түсетін жайт.

– Денсаулығының өте ауыр жағ­дайына, ғылыми ақ­парат пен ғылыми ортаның мүл­де жоқтығына қарамастан, айнал­дырған он жыл ішінде бауырым Серікбол Қондыбай терең зерт­теулер жүргізіп, мифология, этногенез, тарихи геогра­фия, лингвистика салаларында озық дүниелер болып есеп­телетін еңбектерін бастырып шығар­ды. Оның «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» атты еңбегі – тарихи, географиялық, лингвистикалық, археологиялық, мифологиялық материалдарды қамту жөнінен, талдаудың тереңдігі мен жүйелілігі жөнінен, ұсынып отырған болжамдарының тыңдығы, жаңашылдығы жөнінен тек Олжас Сүлейменовтің күллі ғұмырлық еңбегі «Язык письма» кітабымен ғана салыстыруға тұрарлық еңбек деп бағаланады. С.Қондыбай б.д.д. 5-4 мың­жыл­дықтарға меңзейтін адамзат та­рихының сенуге боларлық реконструкциясын жасауға ұмтылған. Ол баспаға әрқайсысының кө­лемі 30 бас­па табақ болатын төрттомдық сүбелі еңбегі – «Ар­­ғықазақ мифологиясы» кіта­бын дайындады. Бұл ғылыми ең­бек Мұрат Әуезов бастаған ғалымдардың «Алтын орда» газетіне шыққан ашық хатынан соң, И.Тасмағамбетовтің тіке­лей басшылығымен жа­рық көр­ді. Осыдан бастап Се­рік­болдың са­рап­таудың ең жо­ғары деңгейін, жүйе­лілікті, эв­рис­­тикалықты, ғылыми ас­қақ мұратты, еңбексүйгіштікті, кісі таңданарлық дәрежеде мең­герген ғалым екендігін халық тани бастады. Тарих беттерінде шаң басып жатқан мұрағаттарды ақтарып, артына өшпес із қал­дырып кеткен Серік­болдың өзі өмірден өткенімен, оның шығармашылығына қызы­ғу­шы­лық күннен-күнге арта түс­ті. Бауырымның қайтқа­ны­на жыл толмай жатып, 2005 жы­лы 14 наурызда, яғни Серік­болдың туған күніне орай Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Серікбол Қондыбай шығар­машылығы және ХХІ ғасыр­дағы гуманитарлық ғы­лымдардың жаңа парадигмалары» атты І республикалық ғы­лыми-теориялық конференция өтсе, ал Маңғыстау об­лы­сының сол кездегі әкімі Қ.Кө­шер­­баевтың басшылығымен қазақ мифологиясын зерттеудің алғашқы іргетасын қалаған ғалым Серікбол Қон­дыбай шы­ғар­машылығына арналған II конференция 2006 жылы маусымда Ақтау қаласында өтті. Конференцияға Қ.Салғараұлы, М.Әуезов, М.Ақдәулет, З.Нау­рызбаева, Ғ.Әнес, Т.Әсем­құлов, Е.Тұрсынов, Қ.Жа­ңабаев және т.б. еліміздің та­ны­мал ғалымдары мен қоғам қай­рат­керлері қатысты, інім­нің шығар­маларын зерттеп-зерделеу­ге, насихат­тауға, кітаптарының жарық көруіне демеуші болған аза­маттарға ризамыз, – дейді Серік­болдың апасы Балсұлу Қондыбай.

«Арғықазақ мифологиясы» эпопея­сының тұсаукесері Серік­болдың оқыр­манымен алғашқы және соңғы кездесуі болды деуге болады. Кездесуден кел­ген соң анасы Тәрбияға өзінің зат­тарын жинауды тапсырған Серік­бол ғылыми жазбаларының соң­ғы нүктесін қойғанын сезгендей, «енді мен демаламын» деп ком­пьютерін де жинатып тастайды.

– Серікбол іште жатқанда анасы түс көріп, өзі жоруға қорқып, сол Ескі Ералыда (қазіргі Құрық кенті) тұратын көзі су қараңғы Аюп деген тәуіпке барады. Ол кісі сүйектен жасалған 41 құ­малақты өзгелерге ұқсап бөліп ашпай, тек біреуін ғана қолына алып: «Қарағым, қорықпа. Түсіңнен шошып келіп отыр екенсің. Жақсы түс. Құрсағыңда жирен шашты ұл жатыр. Ол өзінің мәңгілік атақ-даңқын ала келетін бала болады», депті. Тәрбия анам есіктен шыға беріп, есіне тағы бір сұрағы көмейіне келіп сұрағысы келіп артына бұрылғанда, Аюп ақсақал: «36, 37» деп күбірлеп отыр екен. Ойын бөлмейін деп Тәрбия шығып кетеді. Сол кісі айтқандай, қазіргі күнтізбемен есептегенде 36 жас, ал құрсақ жасымен 37 жас дегенде аянмен келген Серікбол дүниеден өтті. Алыптар құдайдың есебімен дүниеге келеді деген осы шығар. 2004 жылдың 24 тамызында 36 жасында аманат-жанын Ал­ласына тапсырды, – дейді Б.Қондыбай.

Серікбол еңбектері – оқыған са­йын тылсымына бойлатып, тереңіне тарта түсетін, бойлаған сайын тың құбы­лыстардың қақ­пасы алдына алып баратын әлем. Сондықтан оны оқу да, тереңдеп зерт­теу де күн тәртібінен түс­пейді. Ол туралы пайымды пікір, сүбелі ғы­лыми еңбектер туындайтын күндер алда. Серікбол арамыздан кеткенмен, артында қалған еңбектері өз маңызын жоймайды. Біз бүгінгі мақалада Серікбол еңбектерін ғылыми талдап-таразылау емес, серікболтану ғылымының қадамы, ғалым шығармаларының насихатталуы, сондай-ақ «көзден кетсе, көңіл­ден кетеді» дегендей, ғалым жұмыстары тасада қалған жоқ па, не істелді және не істеліп жатыр деген бағытта әңгіме өрбітуді көздеген едік.

С.Қондыбай шығармаларын насихаттау бағытындағы жұмыс­тардың бірі – Серікбол оқулары. Өзі өмірден өткен соң 6 айдан кейін 2005 жылы 14 наурызда С.Қондыбайдың туған күніне орай Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлт­­тық кітап­ханасында М.Әуе­­­зов пен «Рух-Мирас» мә­де­­­ниет­­танушылық альма­на­ғы­ның ұйымдастыруымен «С.Қон­­ды­бай шығармашылығы және XXI ғасыр­дағы гумани­тар­лық ғылымдар­дың жа­ңа па­­ра­­дигмалары» атты I рес­­­­­пуб­­ликалық ғылыми-тео­рия­­­­­­лық конференция, 2006 жы­лы Ақтауда «С.Қондыбай шы­ғармашылығы және XXI ға­сыр­дағы гуманитарлық ғы­лым­дардың жаңа парадигмалары» атты II республикалық ғылыми-теориялық конференция, 2007 жылы Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қ.Көшербаевтың бас­шылығымен «Серікбол Қондыбай: мифология және ұлттану» тақы­ры­бындағы III республикалық ғылыми-теориялық конфе­ренция Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде, 2013 жылы Ақтау қаласында «Серікбол Қондыбай шығарма­шылығы: жаратылыс­тану және гуманитарлық ғы­лымдардың жаңа парадигмалары» атты IV республикалық ғылыми-теория­лық конференция өтсе, V рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 2015 жылы Қызылорда қаласында «С.Қондыбай зерт­теулеріндегі ұлттық рухани мұ­раларды жаңаша пайымдау мәселелері» тақырыбымен ұйым­дастырылды. Ғалым З.Нау­­рызбаева С.Қондыбайдың «Арғықазақ мифология­сы» және «Гиперборея» кітабын орыс тіліне аударып, орыс тілді оқыр­ман назарына ұсынды. 2012 жылы Серікболдың орыстілді кітап­тарының тұсаукесері Баш­құрт­станның Уфа қаласында, 2013 жылы елордамызда өтті.

Серікбол шығармаларын жас­ ұр­пақ санасына сіңіру мектеп қабыр­ға­сынан бастау алуда. 2013 жылы Маң­ғыстау облыстық білім басқарма­сының ұйымдастыруымен облыстық «Үздік сабақ», «Үздік сынып сағаты» байқаулары өткізілді. Ғалым есімін есте қалдыру мақ­сатында 2006 жыл­ғы ғылыми-теориялық конференция қара­рына сай, Ақтаудағы №22 шағын ауданда ашылған жаңа мектепке С.Қондыбай есімі берілді. Мектептің ашылу салтанатына Ә.Кекілбаев, О.Әбдікәрімов, т.б құр­метті қонақтар қатысып, ға­лымның ескерткіші мен мұ­ражайының тұсаукесері жасал­ды. 2010 жылы Маңғыстау ауда­­нының Шетпе кентіндегі С.Қон­дыбай оқыған №3 орта мектепке ескерткіш тақта орнатылып, мұражай-сыныбы ашыл­ды және арада бес жыл өткен соң туып-өскен кентінде С.Қондыбайдың шығармашылығына арналған музейі іске қосылды.

С.Қондыбай шығармашы­лығын өзек еткен өнер жанр­ларының туынды­лары өмірге келе бастады – қыл­қалам шебері Ж.Абланова «Мифтік ғұмыр», «Жыландар қоршаған абақ таңба», «Нұр­бұлақ – тіршілік бастауы», «Көрі­ністер», «Ақ­бозат, Көкбозат», «Мифтік ағаш» ­сурет­терін өмірге әкелсе, С.Қонды­­байдың өмірі мен шығар­малары негізінде жазылған О.Тұржанның «Мифтің түбі – ақиқат» пьесасы сахна төріне көтерілді, жаңалыққа жаны құш­тар сән әлемінің жүйріктерінің бірі «Мария-ханум» салоны Үлпілдек, Ұмай-ана, Жылан ана, Үркер, Жеті қарақшы сынды мифтік образдарға киім үлгісін жасап, облыстық байқауда жүлдегер атанды, ақындар өлеңдерін арнады.

I және II Халықаралық кон­ференцияға қатысушылардың пікірін сараптай келе, «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғ.Әнес «Біздіңше, С.Қондыбай мұрасының атап айтар айтулы тұстары мыналар – ұлттық мүдде, қазақылық, ұлттық құндылықтар, тәуелсіз еліміздің бас­ты мұрат-мақсаттары алдың­ғы орынға шығарылып, батыл қор­ғалады, көбіміздің ойлау жүйе­мізге әбден сіңісті болған, бұл­тартпас қағидаға айналған ғылым-танымдағы астамшыл еуроцентризм ашық сыналады, қоршаған ортаны танып-білу мен дүниетанымымыздағы тамыр-тамырымызға жайылған отар­шылдық саясаттың зардаптары айып­талады, ұлттың жанына жақын мәсе­лелерді айту мен шешуде таптаурын жолдардан бас тартып, мүлде жаңа шешім­дер басшылыққа алынады, басты іргелі еңбегі «Арғықазақ мифологиясында» қазақ ғылымында арнаулы зерттеу объектісі болмаған, кешенді зерттелмеген мифология тақырыбына тұңғыш рет қалам тартылды, өткен өмірді боямаламады, Тәңіршілдікті дәріптемеді, дін мұсылманшылықты ерекше құрметтеді, гуманитарлық саладағы түрлі бағыт-бағдар, әдіс-тәсілдердің арасынан ең тиімдісін таңдап алды, әсіресе шетел ғалымдарының өміршең идеяларын дөп басып қолдады, оларды тармақтата таратып, ізденісін жалғастырды, алыс ауданда жат­қандықтан, ғылым-білімнің тереңіне еркін бойлай алмағанына өкініш білдіре отырып, идея-болжамдарын дәлелдеу барысында кемшін тұстарын ашық мойындады, қажет тұстарда қайта қарап, өз­­гертіп, жетілдіріп отырды» деп түйіндейді. Рас-ақ. «Серікбол кім? Оның ел үшін еткен еңбегі қандай?» деген сауалға Қытай Орталық ұлттар университеті, Қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің докторанты Әшімқан Талдаубектің «Қазақ әдебиетінде осыған дейін фольклордың бір тармағы ре­тінде қаралып келген қазақ ми­фологиясын еуропалық ғы­лым­­ның бағыттары бойынша зерттеудің жаңа арналарына бұрған ғалым С.Қондыбай болды. Ол қазақтың ілкі таным дүниесіндегі мүлде өшуге ай­налған мифтік ұғымдарды көне түркі, үнді, грек, орыс, қытай де­ректерімен салыстыра отырып, қайта жаңғыртты, жетілдірді. Ғасырлар шайып кеткен ескі із­дерді қайта суыртпақтай отырып, адам ойына оралмайтын таң­ғажайып мифтік дүниелерді ұсынды. Халықтың ескі дәстүрі мен тілінде сақталған танымдық дүние­лерді дөп басып танып, аршып, зерлеп, бағалы дүниеге айнал­дыруда әр халықтың мифтік ұғым­дарын салыстыра талдады, қазақ танымына жақын келер тұстарын көрсетті, тың пікірлер айтты. Сөйтіп, салыстырмалы мифология заңдылықтарын қазақ мифологиясында қолданудың үлгісін жасады», деген пікірі жауап бере алады.

Біздің айтпағымыз – өткенді зерттеп жүріп өзі зерттеу нысанына айналып кеткен, естеліктерді еске ала жүріп өзі естелікке ай­­­налған Серікбол Қондыбай шы­ғар­малары өміршең. Оны зерттеп-зерделеу, насихаттау жұмыстарын саябырсытпай алып жүру қажет. Алайда күні бүгінге дейін толық шығармаларының орыс тіліндегі аудармасының болмауы да кем­шілік, ал өзге тілдерге аударуды қарастыру – міндет.     

                                              

Маңғыстау облысы