Облыс орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «КөрпеFest» этнофестивалінің қорытынды шарасы болып өтті. Онда қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылданатын ісмерлер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өңіріміздің 40-тан астам қолөнер шеберінің бұйымдары қойылды.
Ал өңірімізде «КӨРПЕ Fest» қолөнер шеберлерінің фестивалі өткен жылдың қараша айында онлайн форматта басталды. Алғаш рет ұйымдастырылған онлайн байқауға 5-70 жас аралығындағы 211 адам тіркелсе, оның 50-і – балалар. Тіпті бұрын-соңды өтпеген, тақырыбы да ерекше көрінген бұл байқауға қызығушылықпен, шеберлік сабақтарына қатысқандардың саны 400-ге жетті.
Ұлттық қолөнер жанашыры Ырза Тұрсынзаданың есімі елімізге белгілі. Этнодизайнер ханым кесте тігу, сырмақ сыру, құрақ құрау секілді ата салтымызды заманауи түрде шебер үйлестіріп қана қоймай, барлық өңірлерде тегін шеберлік сағаттарын, байқаулар, фестивальдар ұйымдастырып келеді.
Жоба жетекшісінің ұлттық өнерді насихаттау, салт-дәстүрді кәсіпке айналдырып, әйелдер, қыз-келіншектер нәсібін тапсын деген бастамасын облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов та қолдады.
Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, қазақ әйелі, апа-әжелеріміз, кейінгі келе жатқан қыз-келіншектер барда көрпе тігіп, ою ойып, қыз жасауын дайындау жастық өрнектеу өнері мәңгілік сақталады, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.
Байқау «Шебердің инесі де алтын», «Қазақы нақыштағы интерьер үлгісі», «Көрпе вернисажы» (4 көрпе, 4 жастық), «Ұлттық сыйкәде» онлайн шеберлік сабақтары, «Атаның кәсібі – баланың нәсібі» атты 5 жастан 16 жасқа дейінгі болашақ шеберлер байқауы сияқты әртүрлі бағытта жарияланды.
Облыстың аудан-ауыл,қалаларында жобаға тіркеліп, бұйымдарын ұсынушы шеберлер қолынан шыққан өнімдерін әлеуметтік желілерде таныстырып, әрқайсысы өздеріне берілген хештег (қатысушының нөмірі және аты-жөнінен тұрады) бойынша онлайн дауыстар жинады.
Байқау соңында барлық қатысушыға сертификаттар берілетіні, жүлдегерлерге бизнес үшін 5 миллион теңге грант алуға мүмкіндік беретін Ырза Тұрсынзаданың жеке кәсіби шеберлік курсынан өткені туралы арнайы сертификат, тұрмыстық және өндірістік тігін машиналары, авторлық дизайнмен көмкерілген 25 метрлік шапанға арналған кездемелер табысталады деген жақсы хабарламалары да көрінді.
– Солтүстік өңірде байқау өткізу қалай болар екен дегендер де болды. Ал керісінше, салт-дәстүрді жақсы сақтаған, көрпе, құрақ тігуді жетік білетін павлодарлық қыз-келіншектер, апаларымыз байқауда ерекше көзге түсті, – дейді жоба жетекшісі.
Өнер көзі – халықта. Ілкі замандардан келе жатқан ісмерлік, шеберлік қолөнер туындылары қасиеттілігімен де ерекше мәнді. Ұлттық қолөнерімізді қазіргі жас қыздар арасында дәріптеу қажеттігі түсінікті.
Жобаға облысымыздағы қолөнер шеберлері, ісмерлер қатысты. Қазақ көрпесі отбасының беріктігіне, балаларының көп болуына игі әсерін тигізіп, байлық пен әл-ауқаттың тұмарындай үйді жылылыққа, үйлесімділікке толтырады. Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп. Ұлттық болмыс ұғымдары бойынша аналарымыз құрақты «адамның басы құралсын, көбейсін» деген ырыммен тігеді.
Мысалы, Аққулы ауданынан фестивальға 20-ға жуық көпбалалы ана, ардагер зейнеткер және тағы басқа шеберлер өз бұйымдарын ұсынды. Солардың ішінен «Төрткен өрнегі», «Ұлттық өнер – қазынам», «Қосжүрек – ғашықтардың сөзіндей», «Інжу-маржан құрағы», «Сарқылмас өнер», «Сиқырлы өрнектер», «Таң әсемдігі» сияқты туындылар құрақ құраудың қайталанбас оюларымен ерекшеленеді. Әр атаудың негізінде қатысушының шығармашылық шабыты мен жігері байқалады.
Садақ Ғарап апамыздың «Төрткен өрнегі» – «Төрт құбылам тең» деген мәнді білдірсе, Майқарағай ауылынан қатысушы Уәлихан Мадинаның «Таң әсемдігі» атауы ертеңгі күннің басталатынын білдіретін таңғажайып құбылыспен теңдестірді.
Қызылгүл Құсайын болса – мүмкіндігі шектеулі жан.
– Бастаған ісімді аяқтай алмай қаламын ба деп күдіктенген едім. Денсаулығым мүмкіндік бере бермейді. Алланың қалауымен 4 көрпе тігіп үлгердім. Білмейтінімді Ырза ханымның онлайн сабақтарынан үйрендім. Үйде отырып-ақ табыс табуға болатынын үйретіп, өмірімізге қуаныш сыйлаған ұйымдастырушыларға рахмет, – дейді ол ағынан жарылып.
Төр көрпе тігушілер арасынан «Мың жылдық сәулесі» деп аталатын аң стилінде жүзеге асырылған көрпелердің авторы – Уәсиля Нұрмұханбетова.
Қолөнер бұйымдарын жасауды үйренген ісмерлер жәрмеңкеге шығарған қыз жасауынан бастап, алуан түрлі көрпе-жастық, құрақ көрпелерге толы қазақы нақышта жасалған дүниелер еріксіз таңдай қақтырады. Түрлі оюмен көмкерілген жұмсақ жастықтар, тойбастар мен сандықтарды сатып алуға болады.
Көрмеге фестивальдің іріктеуінен өткен қолөнершілердің туындылары қойылып, Ырза Тұрсынзада оларға жоғары баға берді. Шараға қатысқан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысушыларды сертификаттармен және Алғыс хаттармен марапаттады. Барлығы да бағалы сыйлықтарға ие болды. Облыс аумағында екі айдай уақыт өткізілген фестиваль 200-ден астам қыз-келіншекті, апа-әжелерді біріктіріп, рухани мағыналы жобада әрқайсысының ерекшеліктерін көрсетті.
Қатысушылардың үлкені – 73 жастағы Орынтай Сәдуақасова.
– Қолөнер, ісмерлікпен өмір бойы айналысып келемін. Бала кезімнен көрпе тігемін. Жас қыз-келіншектердің қатарымызға қосылғанына қуанамын, – дейді апамыз.
Ал ең жас қатысушы – мектеп оқушысы Аяулым Келгенбай.
– Кішкентайынан іс тіккенде әр қимылыма қызыға қарап отыратын. Екі аптадай қызыма тігіншіліктің қыр-сырын үйретіп, кейін өзім қасында отырып қадағаладым. Бір жастық пен төр көрпені тігіп шықты, – дейді анасы Таңжарық.
Көп балалы ана Дәмет Шарапатқызына да іс тігуді анасы үйретіпті. Дәмет апай бір жазда 21 құрақ көрпе тігіпті. Тіпті 5 қызын ұзатқанда да әрқайсысының жасауына қосып тігін машинасын беріпті.
– Қазір тағы да 12 көрпе дайын тұр. Тапсырыс берушілер де аз емес, – дейді.
Екібастұздағы №6 мектеп-лицейінің еңбек мұғалімі Татьяна Зализняк онлайн-сабаққа қатысқан соң қазақтың ұлттық қолөнеріне қызыққанын айтады.
– Қазір алты көрпе, төрт жастық тіктім. Енді оларды Мəскеуде тұратын балаларым сұрап жатыр, – дейді ол.
Жобаның мақсаты – көпбалалы аналардың, оқушылардың, студенттердің, технология мұғалімдерінің және қолөнерге қызығушылық танытқан барлық адамның өз ісін жүргізуге, мүмкіндіктерін дамытуға, ұлттық қолөнерді насихаттауға ықпал ету. Бүгінде этно-дизайнердің қоғамға ұсынған әлеуметтік жобасы оң серпіліс беруде.
Қазір әлеуметтік желілерде оюлы көрпе-жастық тігіп, суретке түскен қыз-келіншектердің жазбалары жиі ұшырасады.
Ал үйде осылай көрпе тігіп, құрақ құрайтын қыз-келіншектерді бір салаға бағыттап, кәсіби деңгейге жетелеген – «Көрпе Fest» мегафестивалі деуге болады.
Павлодар облысы