• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Әлем 30 Наурыз, 2021

«Бахрейн ісінің» құрбандары

1840 рет
көрсетілді

Құндылықтар құлдырап, жүректер қатайған қоғамда адам саудасы қыза түспесе, азаймасы анық. Бүгінде қылмыстың бұл түрі шекара таңдамайды, ұлтты сұрыптап жатпайды.

Әсіресе, қазақ қыздарының тағ­­ды­ры тәлкекке түсіп, ары аяқ­қа тапталған тұста кібір­тіктемей, батыл қимыл жасау – құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл ұлттың намысын жырту деген сөз. Заң қатайғанмен, пенденің пейі­лі түзелмей адам сау­дасы да күн тәртібінен түс­пейді. Мұ­ны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында атап көрсетті. Ұлт­­тық қоғамдық сенім кеңе­сінің басқосуында да ел Прези­денті бұл мәселе бойынша тұрақ­ты түрде жұмыс жүргізу қажет­тігін қатаң ескертіп, бар­лық уәкілетті ор­гандардың батыл әрі үйле­сімді әрекет етуін талап еткен болатын. Бұл бағытта Қазақ­станның заң­на­масын ха­лықаралық стан­дарттарға сай бейімдеуді тапсырып, адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу және оларды анықтау бойынша нақты шараларды қабылдауға екпін берді. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстарды анықтау мен тергеу іс-шараларын жетіл­діріп келеді. Нәтиже де жоқ емес. Соның бірі – таяуда ғана әшкереленген «Бахрейн ісі».

Тегіңді талқандаймын десе қазір қылмыстың сан сора­қы­сы жетіп артылады. Тұтас ұлт­қа қауіп төндіріп тұрған сон­дай азғындықтың бірі – қызда­ры­мызды қызықтырып шетел асырып, жат жерде құжаттарын тартып алып, жезөкшелікке салу болып тұр.

ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов онлайн режімде өткен брифингте дүйім жұртқа «Бахрейн ісі» деген атпен белгілі болған атышулы тергеу ісіне қатысты жаңа мәліметтерді хабарлады.

 «Жалақысы жоғары жұмысқа тұрып, күреп ақша табасың» деген жылтырақ сөзге сеніп, шетел асып кеткен қазақтың 39 қызы Бахрейн Корольдігіне келгенде жыныстық құлдыққа түскенін бір-ақ білген. Қаракөздердің «ол жақта ат басындай алтын бар» деп басын айналдырып, келе салысымен бар құжаттарын жинап алып, жезөкшелікпен айналы­су­ға мәжбүрлеген қылмыстық топтың қазіргі таңда 19 мүшесі анықталып, 15-і қамауға алсынса, үшеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Өрімдей қыздарға қорған болудың орнына қорлап келген трансұлттық ұйымдасқан топтың құрамында қазақстандықтардан бөлек, Ресей және Бахрейн азаматтары болған.

Адам саудасымен айналысып, арам ойларын іске асырып келген бұл қылмыстық топ 2016 жылдан бастап, 2020 жылға де­йін ел аумағында Бахрейн Король­дігіне жезөкшелікпен айналысу үшін қыздарды жалдаумен және жіберумен айналысып келгені анықталып отыр. Ең сорақысы, жоғарыда айтылған 39 қыздың барлығы қазақы қаймағы бұзылмаған Түркістан облысы мен киелі мекен Шымкент қаласының тұрғындары болып шыққан.

Естіген елдің жанын түршік­тірген «Бахрейн ісі» өткен жыл­дың ақпан айында белгілі болған еді. Сол кезде дүйім ел БАҚ ар­қы­лы Бахрейн Корольдігінде 21 қазақ­стандық қыздың сексуалдық құлдықтан босатылғаны туралы естіп-білді. Бұл бизнестің қыр-сыры мен құпиясын мықтап меңгеріп алған қылмыстық топ мүшелері құрбандарын көбіне оңтүстік өңірден таңдап алып, негізінен тұрмыстық деңгейі төмен отбасылардан шыққан бойжеткендерге шетелде қызмет көрсету және қонақүй саласында жұмыс істеуді ұсынып, тұзақтарына түсіріп отырған.

С.Әділовтің хабарлауынша, соңғы екі аптаның ішінде полиция қызметкерлері осындай жолмен елден кетіп, Бахрейнде тәнін саудалауға тура келген тағы алты қызды анықтаған. Алайда, бұл қыздар ебін тауып құлдықта ұстап отырған қожайындары­нан қашып шыққанымен, өз беттерінше туған жерлеріне орала алмаған. Орналасқан жері анықталғанын кейін Сыртқы істер министрлігінің көмегімен қыздар Бахрейн, Түркия және БАӘ-ден қайтарылған. ІІМ Тергеу депар­таменті бастығының айтуынша, қазіргі таңда құқық қорғау органдары Бахрейн жерінде жезөкшелік бизнестің көрігін қыздырып кел­ген тағы бір трансұлттық ұйым­дасқан қылмыстық топты әш­керелеп, мүшелерін қолға түсіріп, материалдарды толықтай Бас про­куратураға жолдаған.

Бұл іске қатысты трансұлт­тық қылмыстық топты құру және басқару бойынша қосым­ша қылмыстық іс қозға­лып, жа­қын уақытта іс аяқталысы­мен материал­­дар айыптау қорытын­дысымен сотқа жолданбақ.

Қазіргі уақытта шетелде жезөк­шелікке салынған жә­бір­ленушілердің барлығы елі­міз­ге қайтарылып, отбасыларына оралған. Жылтырақ өмірге қы­зы­ғып, жыныстық құлдыққа түскен қыз­дарға әлеуметтік, меди­ци­на­лық, құқықтық және пси­хо­логиялық көмек көрсетілуде.

«Адам саудасы тек құқық қор­ғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның өзекті мәселе­сіне айналып отыр. Өйткені қара­па­йым халықтың құқығы мен бос­тандығына тікелей қатысты болғандықтан, бұл түйткілге атүс­ті қарауға болмайды. Өкінішке қарай, шекаралардың ашықтығы, көші-қон ағындарының күн санап артуы және экономиканың дамуына қарай қылмыстың бұл түрі де өзгеріп, мемлекетаралық және трансұлттық сипатқа ие бола бас­тады. Сол себепті адам саудасына қатысты әр іс ІІМ-нің жіті бақылауына алынады», деп атап өтті департамент басшысы.

Адам саудасының алдын алу, әлемді шарлап кеткен бұл қыл­мыстың жолын кесу және транс­ұлттық қылмыстық топтарға қарсы күрес жүргізу мақсатында бүгінде ІІМ басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Үкіметтің іс-шаралар жоспарын іске асырып келеді. ТМД мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген қылмысқа қарсы күрестің бірлес­кен іс-шараларының мемлекетара­лық бағдарламасы шеңберінде де азаматтардың халықаралық трафигін болдырмау жөнінде тұрақты жұмыс жүргізілуде.

Брифинг барысында С.Әділов бүгінде ішкі істер органдарында адам саудасына қатысты 133 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл істер бойынша 48 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 15-і қамауға алынған.