• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елбасы 30 Наурыз, 2021

Елбасы және Түркістан

1978 рет
көрсетілді

Қазақ елі Тәуелсіздігінің отыз жылға жуық уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы киелі Түркістанның жандана түсуі­не, бүгінгідей ауқымды істердің атқарылуына негіз болды. Иә, осыдан үш жылдай уақыт бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысының дүниеге келіп, Түркістан қаласының облыс орталығына айналуы түркі әлемінде тарихи оқиғаға балануда.

 

Жібек жолындағы ең көне ша­һар­лардың бірі Түркістан бүгін­де, инфрақұрылымы дамыған, мәдени орталықтары көз тартатын жасыл желекті, көрікті қалаға айналып келеді. Түркістанға алғаш қадам бас­қан адам қаланың өзіне тән ерек­ше аурасын, қасиетін сезінеді, Қ.А.Ясауи кесенесі мен оған қатар жат­қан тарихи орындар өзгеше бір сырлы әлемге, оқшау ортаға жете­лейді. Осындай тарихи, рухани бол­­мысы бөлек, Түркі дүниесінің ру­ха­­ни тірегі Түркістанда күні ертең түркітілдес мемлекеттер бас­шы­ларының саммиті әлемдегі панде­мия­лық жағдайға байланысты онлайн режімде өтпек.

Елбасының «Аман болсақ, 2-3 жылдың ішінде Түркістан жай­нап, басқа қала болып, еңсесі көтері­ліп, бәріміздің қуанышы­мызға өсіп өркендейтін болады», деген сөзі ақиқатқа айналды. Киелі қала көп өзгерді, ел мақ­­таны­шы­на ай­­налатын іргелі нысан­­дар бой көтеріп, қарқынды құры­лыс жал­­­ғасуда. Бүгінде Түркі­стан тұр­ғын­­дарының тұр­мыс-тір­ші­лі­гін­де, қо­ғам өміріне көз­қара­сын­да оң өзгеріс көп. Аз уақыт­та жаңа ша­ғын аудан бой көтер­ді, көне шаһар көркейіп, абат­тан­дырылды. Облыс орталы­ғы­ның дамуы аудандарға оң ықпа­лын тигізді. Өңірде ауыл шаруа­шы­лығында тың бастамалар қол­ға алынып, аз қамтамасыз етілген тұр­ғындарды әлеуметтік қолдау бағы­тындағы тың бағдар­лама жүзеге асырылды.

Түркістан руханиятқа оң ықпал етіп, кәсіпкерліктің дамуына жол ашты және ұлтты ұйыстыратын мекенге айналып келеді. Елбасы Жарлығы екі бірдей қаланың қайта түлеуіне, жаңа ауданның құрылуына мүмкіндік берді. Жалпы, өңір халқы мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысының ашылуын ғасырдың жағымды жаңалығына балап, Елбасы тарихи шешімді дер кезінде қабылдағанын айтуда.

Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала Түркістан Қазақ хандығының астанасы болғаны мәлім. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, мұнда сан мәрте ұлты­мыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Қаланың іргетасы V-VІ ға­сырларда қаланып, атауы бірнеше рет ауыс­ты, бірнеше рет іргесі сөгіліп, бір­неше рет қайта түледі. Қазақтың тарихы, Қазақстанның тарихы Түркістаннан бас­та­лады десек те қателеспейміз. Бүгінде Түркістан еліміздің тарихы мен мәдениеті бай, адам­дардың рухани күш жинауға келе­тін орны. Облыс орталығына айналған қа­ла­­да туризм кластерінің басым бағы­ты, көлік инфрақұрылымы қолайлы жол­ға қойылған. Халықаралық көлік магистралі­нің желісінде орналасқан көне шаһардың жаңаруы халықтың ізгі ниет-тілегінен туындаған өзгеріс. Иә, заманы туып, облыс орталығына айналған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналуда. Бүгінгі қар­қынды құрылыс, салынған инвестиция елдің игілігі үшін атқарылып жатқан дүние екені мәлім. Ал Елбасының тарихи шешімі шежірелі шаһардың дамуына тың серпін берді. Елбасының Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ еместігін, ежелгі қаланың жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсететінін айтқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жұмыстары туралы және қоғамды толғандырған мәсе­лелерді шешуге байланысты ойын дәл осы Түркістанда бөліскен болатын.

Түркістан қаласын дамытуға және об­лыстың келешегін қалыптастыруға бағыт­талған заң мен қаулылар қабылданды. Ал облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан тұрғындарымен кездесуінде: «Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Бар­лық жоспарланған нысандардың құры­лысы аяқ­талғаннан кейін біз туристердің кө­бе­юін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұ­мыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру дең­гейі­не оң әсер етеді», деген болатын. Ел­ба­сы­­ның Түркістан қаласында әкім­ші­­лік-іс­керлік орталықтың капсуласын сал­­ған тарихи сәтке арнап орнатылған ес­­керт­­кіш тасбелгіге жазған «Көне Түркі­стан жаңа Қазақстанның шырайлы ша­һары­на айналады» деген сөзі де қазір ақи­қат­қа айналып келеді. Сондай-ақ 2018 жылы 29 қыр­күйекте Түркістанға Үкі­мет бас­шы­сы­нан бастап, министрлер мен ел­дегі ал­пауыт компаниялардың же­тек­ші­лерін де, шетелдік инвесторларды да ерте келген Елбасы «Түркістан қала­сын түр­кі әлемінің мәдени-рухани орта­лығы ретін­де дамыту бойынша бас жоспар­дың тұ­жы­рым­да­масын мақұлдау» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қой­ды. Түр­кістан қаласында арна­йы мә­жі­ліс өткізіп, еліміздегі алпауыт ком­­па­­­ния­­лар мен ел Үкіметіне Түркіс­тан­­ды д­а­­мы­туға үлес қосу жөнінде тапсыр­ма бер­­ді. Облыс әкімдіктері мен ірі ком­па­­ния­­­ларға 26 нысанды салу мін­деті жүк­­тел­­се, өткен жылдың өзінде бірқа­тары­­­ның құ­­ры­лысы аяқталып үлгерді. Түр­кі­­стан­­­ның идеологиялық бағыты да жұрт­шы­лық­қа жария етілді. Өңір басшысы облыстық мәслихаттың сес­сия­сын­да идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сәйкес қалаға келген әрбір адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өт­кен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс екенін нақтылады. Екін­ші, идеологиялық бағыт бойынша Түр­­кі­­станда қолөнер орталығы салынды. Ал­­­­дағы уақытта қазақ халқының ұмыт қал­ған қол­өнері мен зергерлік өнері, ұлт­тық құн­­­­ды­­лықтары мен кәсіп түрлері қайта жан­­­­данып, ірі кәсіпорындар ашылады. Үшін­­­­ші­­д­ен, Түркістан өркениет, сауда және өн­­­діріс орталығы ретінде дамиды. То­­ғыз жол­­дың торабында орналасқан ірі сау­­да ор­­та­­лығы болған шаһарды өнер, туризм ор­­т­а­­­лығына айналдырудың кешенді тетік­­тері да­­йы­н­далды. Төртіншіден, «Қожа Ах­мет Ясауи – рухани тұлға» бағыты бойын­ша да Түркі­стан­да республикалық және ха­лық­ара­лық деңгейдегі іс-шаралар қолға алынды.

Еліміз егеменді мемлекет ретінде еңсе­сін тіктеп жатқан жауапты кезеңде Елбасы Н.Назарбаев Түркістан қаласының абыройын асқақтатар, күллі түркі жұрты­ның басын қосуға бағытталған жобаларды бекітті. Сонымен қатар кесененің көрік-келбетін қалпына келтіруге күш жұмылдырып, 2000 жылы Түркі­стан қаласының 1500 жылдық ме­рей­тойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге барлық жағдайды жасады. Пре­зи­­дент­тің Әзірет Сұлтан кесенесіне жа­са­ған қамқорлығының арқасында, «Мәде­ни мұра» бағдарламасының аясында көне шаһардың шынайы шежіресін айқын­дау қолға алынды. Жалпы, бүгінде сарап­шылар Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың Түркістан қаласын облыс орталығы ретін­де танып, оған мәртебе беру арқылы халық­аралық деңгейде насихаттауы кеше көтерілген тақырып емес екенін айтуда. Себебі «Түркістан идеясы» алғаш ел астанасын бекіту кезінде пайда болған. Түркістанды қайта жаңғырту, облыстық деңгейде мәртебесін көтеру, бүкіл түркі халықтары арасын­да ортақ мәселе ретінде қарастыру, осы­ның бәрі делік көне қалаға деген ерекше көзқарастың аясында жасалып жатқан ауқымды әрі маңызды шаралардың бірі. Елбасы халықаралық биік саяси форумдарда, өңірлік маңызды жиындарда болсын Түркістан мұратын бір сәт те естен шығарған емес. Мысалы, Әзер­бай­­жан елінің астанасы Баку қаласында өт­кен түркітілдес мемлекеттер­дің ынты­мақ­тастығы кеңесінің жетінші отырысында Елбасы екі ұсынысты ортаға салған болатын: біріншіден, «Түркі келешегі – 2040» бағдарламасын әзірлеу. Бұл құжатқа түркітілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуі тиіс. Осылайша түркітілдес мемлекеттер үшін сыртқы саясат пен «жұмсақ күш» саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен жасыл экономика, шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін беріледі. Сонымен қатар Елбасы осы отырыста Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласын дамыту, оның маңыздылығы туралы айтып өтті. Ал Түркістан қаласына кезекті жұ­­мыс сапары барысында Тұңғыш Прези­дент халықпен кездесуінде көне шаһар­дың ертеңіне де тоқталды. «Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны атқарған едік. Сонда осы алаңда кездесіп, сөйлескенбіз. Сол кезде Түркістан орталық болады деп айтқанмын. Мінекей, былтыр Түркістан облыс орталығы болады деген Жарлыққа қол қойдым. Елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент – бір миллион тұрғыны бар қалалар қатарында. Бола­шақта осындай үлкен қалаларда эко­номика, мәдениет – барлығы өсіп-өркен­дей береді. Алдағы уақытта миллион тұр­ғыны бар қалалар саны тағы артады. Бүгін шаһарды жандандыру жұмыстары жүр­гізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де біз­ге көмектеседі деп сенемін. Түркістан шаһары алдағы уақытта ірі мегаполиске айналады», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ туризмнің дами түсетініне се­нім білдіріп, облыс орталығының құры­лысы мен жандануына атсалысып жат­қан барша жұртқа алғысын жеткізді. «Бірін­ші кезеңде 175 нысанның құры­лы­сы жоспарланған. Бұл процеске еліміз­дің барлық өңірлері қатысып жатыр. Жұмыс­тың қандай қарқынмен атқарылып жат­қанын көріп отырсыздар. Болашақта әдемі қала болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді. Кейін одан сайын көбейеді деп ойлаймын», деді Елбасы.

ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілген қасиетті Түркістанның мерейтойы ел жадын­да. Жаңа ғасыр басында зәулім құры­лыстар бой түзеді. Көше, аяқжолдар ретке келтірілді. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев бас болған шын мәніндегі тарихи игі іске халқымыздың жанашыр азаматтары бір кісідей атсалысты. Облыс, аудан, қала басшылары нақты көмек көрсетті. Сол 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдық салтанатына қатысқан Қазақстанның халық суретшісі Сахи Романов ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Қала­ның қысқа уақытта жөнделіп, кесене­нің қал­пына кел­тірілгеніне, ең бастысы, Қ.А.Ясауи ру­хын қастерлеу атмосферасы сақ­тал­ғаны­на қайран қалдым. Түркістан даяр­­лығы – Елбасы Н.Назарбаевтың өз елінің халқы мен тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне деген ыстық ықыласының жарқын бейнесі», деді. Осылайша, жоғары деңгейде өткізілген мерейтойдан кейін де Елбасы Түркістанның дамуын назардан тыс қалдырмады. Жаңа әлеуметтік нысандар құрылысы жалғасын тапты. Мысалы, Н.Назарбаевтың қолдауымен 2002 жылы Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені салынды. Елбасы спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Бүгінде аталған нысан жас спортшылардың шеберлігін шың­дауына қызмет етуде. Сондай-ақ Тұң­ғыш Президент түркітілдес мемлекет басшыларымен Түркістанда кездесу өткізіп отырды. Елбасының Жарлығымен 1991 жылы 6 маусымда Түркістан Мемлекеттік университеті шаңырақ көтеріп, оған ұлы ойшыл-ақын, алғашқы түрік-ислам сопысы Қожа Ахмет Ясауидің есімі берілуі тек елімізде ғана емес, бүкіл түркі дүниесінде тарихи оқиға болды. Президенттің өзі көтерген идея Түркістанның ұлы қасиеті­нің жандана түсуіне негіз болды. Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруында, өсіп-өркендеуі кезінде Елбасының өзі үкілі үмітпен ашқан Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше рөл атқарып отырғанын ешкім жоққа шығара алмас. Білім ордасы күллі түркі халықтарының білімі мен ғылымының, мәдениетінің алтын бесігіне айналды. Тұңғыш Президент тәуел­сіздік алған алғашқы жылдардан бас­тап Түркістанды қайта түлету идеясын көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қой­ған­дығы­ның айқын бір дәлелі – универси­тет­­тің ашылып, оған халықаралық мәрте­бе­нің берілуі. Елбасының абырой-беделі арқасында Түркиядан қомақты қаржы тар­тыл­ды. Түркі әлеміндегі тұңғыш ха­лық­аралық университеттің ашылу салтанатында Елбасы: «Келешекте бұл Түркі ха­лықтарына ортақ оқу орнына айналады. Түркістанды осы университет өркениет биі­гіне көтеруге тиісті», деген үлкен мін­дет жүктеді. Университет ашылған уақыт­тан бастап, оқу ордасының тыныс-тірші­лігі, даму барысы Елбасы назарынан тыс қалған емес. Қасиетті қалаға жасаған сапарларының барлығында университетке арнайы ат басын бұрып отырды. Сондай іссапарлардың бірінде, 2002 жылы университет қабырғасында өткен Дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қасиетті қаланың жасарып-жаңғыруына, өсіп-өркендеуіне Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің зор рөл ат­қа­рып отырғандығын ризашылықпен ай­та­мын. Бұл білім ордасы Қазақ елі тәуелсіз­дігінің символына, Қазақстан мен Түркия достастығының, білім мен мә­де­ниеті­нің алтын бесігіне айналды. Уни­вер­ситет қысқа мерзімде Қазақ­стан ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі оқу орын­­дарының қатарына қосылды. Рухани астана – Түркістанда шаңырақ көтер­ген түрік халықтарының ортақ оқу орны – Халық­аралық университеттің қабырға­сы­нан түлеп ұшқан жастардың халықтар ынты­мағы, береке-бірлігі жолында қыз­мет етіп, бірігу кезеңі аяқталып келе жат­қан түрік дүниесін қалыптастыруға лайық­ты үлес қосатындықтарына кәміл сенемін!», деген еді. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ тек республика ғана емес, Орталық Азиядағы ірі оқу орын­дарының бірінен саналады.

Түркі­стан­дағы халықаралық Туризм және меймандостық университеті де Тұң­ғыш Президент бастамасымен жаңадан ашыл­ған. Қазақстанның барлық өңірінен алты жүз­ге жуық студент оқиды. «Туристік ком­паниялармен, әкімшілік, кәсіпкерлік құ­ры­лымдармен тығыз байланыста жұмыс іс­теудеміз. Университет бастамасымен 1100 полиция қызметкеріне ізгілік, ішкі мә­де­­ниет, меймандостық дәрістерін оқы­тып жатыр­­мыз», дейді оқу орнының рек­торы Майн­ұр Мырзамәдиева. ХТМУ әлем­нің жиыр­ма шақты елімен келісімшарт жасас­қан. Студенттер Германия, Түркия, Фран­ция, Біріккен Араб Әмірліктері, Грекия сияқты мемлекеттерде тәжірибеден өтеді. Биыл­ғы күзде 800 студент қабыл­данбақшы.

Түркістан десе елең етпейтін мұсылман қауымы жоқ. Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие Қожа Ахмет Ясауи­­дің есімін Түркістаннан немесе кер­і­­сін­­ше Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау да мүмкін емес. Қожа Ахмет Ясауи Түркістанға тұрақтап, сопылық идея­­ларын уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көр­­некті өкілі болды. Оны рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жыл­­дан бері оның ілімімен бірге жасап келеді. Бұл жөнінде Қазақ елінің Тұңғыш Прези­­денті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих тол­қы­нында» атты кітабында былай деп жазады: «ХІ ғасыр Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы туған. Ол негізін қалаған исламның тылсым құпиясы – сопылықтың (суфизм) қарапайым халықтық нұсқасы тез уақытта Қазақстанның солтүстігі мен шы­ғы­сына дейін тарады. Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы, оның ішін­де Қазақ­станда да, барлық түркі халық­тарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнек­теп берді. Түркі халықтарына исламды тарату ісінің басы ғана емес, сонымен бірге Тәңірге табынушылық пен ислам мәдениеттерінің өзара ықпал ету үрдісі де Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты. Түркілердің өмірлік, практикалық философиясын қалыптастырған салдар ретінде Ясауинамада тәңіршілдік элементтері өздерінің мағынасын сақтап қалды. Нақ осы Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды да, кейінгі сегіз ғасырдың өн бойында соларды жебеп келді. Қазақ хандығы мен қазақ халқы құрылғанда, солардың бастау бұлағында осы ілім тұрды. Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері («Даналық сөздері») сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруге тиіс. Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырар­дағы мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенелері – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орта­лық­тары. Қ.А.Ясауи кесенесі қазақ мем­лекет­тігінің нысанына айналып, кейін­гі уақытта жалпыұлттық зиярат-қорым (пантеон) қызметін атқарды. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас бірік­тірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс».

Елбасы ерекше мән беріп, мәртебесін өсірген Түркі­­­стан­ды абаттандыру, көркейту бағы­тын­да ауқым­ды жұмыстар атқарылды. Тарихи ша­һар­­дың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары бе­­кі­т­ілді. Алдағы уақытта даму жос­па­ры бо­­йын­ша Түркістан халықаралық дең­­гей­дегі қаланың қатарына қосылмақ, яғни әлемнің Ыстанбұл, Рим, Иерусалим шаһар­лары­ның деңгейіне жеткізу жоспарланып отыр.

Иә, ол жоспардың жүзеге асары күмән­сіз. Олай дейтініміз киелі қала екі-үш жыл­дың ішінде қарқынды дамыды. Көп­те­ген нысанның құрылысы басталып, бірқатары пайдалануға берілді. Мысалы, әкімшілік-іскерлік орталығында облыстық әкімдік, басқармалар, департаменттер ғимараттары, Нұр-Сұлтан алаңы, Конгресс-Холл, «Алатау-Media» орталығы, Оқушылар са­райы, Орталық стадион, бассейні бар спорт кешені, Олимпиадалық резерв мек­тебі, Халыққа қызмет ету орталығы, Музы­ка мектебі, қалалық саябақ, Цифрлы кеңсе іске қосылған. Бұл нысандардың салынуына «Самұрық-Қазына» АҚ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары, Petroleum Operating компаниясы айрықша атсалысқанын айта кетелік. «Алатау-Media» орталығында «Түркістан» телеарнасы, төрт басылымның редакциялары, республикалық негізгі телеарналардың тілшілер қосындары орналаспақ. Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз қарсаңында Turkistan телеарнасы «Отау ТВ» ұлттық спутниктік желісі және кабельдік желілер арқылы қалың көрерменге жол тартты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған халықаралық Turkistan телеарнасы түркітілдес мемлекеттердің ақпарат кеңістігінде 3 тілде хабар тарататын арна болмақ. Ал рухани-мәдени орта­лықта – Шығыс моншасы, музыкалық су­бұр­қақ, Неке сарайы, Амфитеатр, Қабыл­дау орталығы, Ахмет Ясауи музейі, «Ұлы дала елі» орталығы пайдалануға беріл­ді. Бұл нысандардың салынуына Қызыл­орда, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маң­ғыс­тау, Жамбыл, Атырау облыс­тары мен «Самұрық-Қазына» АҚ үлес қосты. Сондай-ақ бүгінде Тұңғыш Президент саябағы, Нұрсұлтан Назарбаев аллеясы немесе Арбат, «Жібек жолы», Желілік саябақтар мен гүлзарлар кешендері салынуда. Көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған керемет жобаның бірі Keruen Sarai кешені де жақын арада пайдалануға берілмек. Шығыс үлгісінде салынып жатқан Keruen Sarai тұрғын үй кешенінде жалпы аумағы 8 мың шаршы метрден асатын 125 баспана бой көтереді. Халықаралық стандартқа сай Rixos Turkistan, Hampton by Hilton Turkistan, «Нұр-Әлем» қонақүйлері сынды ірі жобалар да жүзеге асырылды. Ал өткен жылы күзде Тұңғыш Президент – Елбасының қатысуымен іске қосылған Түркістан қаласының Халықаралық әуежайы арқы­лы туризм саласын дамытуға үлкен мүм­кіндік жасалып отыр. Наурыз мейрамы қарсаңында еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстанбұлға алғашқы халықаралық тұрақты рейсі ашылды. Биыл жылдың екінші тоқсанынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көк­шетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Тал­дықорған, Өскемен) аптасына 53 рейс­пен байланыстыру жоспарланып отыр. Ай сайын танымастай, таңғажайып түрге еніп, гүлденіп келе жатқан Түркістанда бес қабатты, жеті қабатты, он жеті және жиырма бес қабатты тұрғын үйлер де бой көтеруде. Әкімшілік-іскерлік орталықта 177 көп қабатты тұрғын үй салынуда.

Осылайша, қарқынды құрылыс мекені­не де айналған Түркістан – нағыз ұлылар­дың ордасы, руханияттың астанасы екені аян. Сонау орта ғасырларда өмір сүрген Қожа Ахмет Ясауиден бастап, үш жүздің басын біріктірген хан Абылай мәңгі тыныш тапқан Түркістан бүгінде тәуелсіз еліміздің рухани астанасына айналды.

 

Түркістан облысы