«Қазақстан алюминийі» АҚ-на қарасты Торғай боксит кен басқармасының жұмысы тоқтады. Кәсіпорын қызметкерлерінің басым бөлігі өзге жұмыспен қамтылған. Енді бір бөлігі бұрын өндірілген отқа төзімді сазды тиеп жөнелту, техника мен жабдықтарды демонтаждау және күзету шараларын атқара бермек.
Белгілі болғандай, тарихы сонау 1956 жылдан басталатын Торғай боксит кен басқармасы 90-шы жылдары тұралап қалған. Кәсіпорын 1994 жылы ERG-дің инвестор болып келуімен қайтадан еңсе тіктеген. 1996 жылдың тамыз айында Торғай боксит кен басқармасы «Қазақстан алюминийі» АҚ құрамына енді. Кәсіпорын 60 жылда 1,5 млрд текше метр тау-кен массасын игеріп, одан 80 млн тоннадан астам боксит пен 20 млн тоннадан астам отқа төзімді саз алынған.
– Торғай боксит кен басқармасын жабу туралы шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Бұл еліміздегі алюминий өндірісінің іргесін қалауға негіз болған кәсіпорын. Алайда 65 жылда кеніштегі қор толық игеріліп, сарқылды. Сондықтан 2017 жылдан бастап кәсіпорын жұмысын барынша жауапкершілікпен тоқтату ісін қолға алдық, – дейді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов.
Деректерге сүйенсек, 2016 жылдың өзінде мұндағы боксит пен отқа төзімді саздың өндіріс көлемі екі есе азайған. Осылайша, осыдан төрт жыл бұрын кәсіпорынды тарату жұмысы біртіндеп жүргізіле бастады.
2020 жылдың бірінші қаңтарындағы дерек бойынша Торғай боксит кен басқармасындағы қызметкерлердің жалпы саны 681 адам болатын. Бұл ERG кәсіпорындары қызметкерлерінің 1 пайызына немесе Арқалық қаласы (2019 жылғы тұрғындар саны – 41 371 адам) тұрғындарының 1,4 пайызына тең.
Жұмысшыларды жаңа жұмыспен қамту үшін Еуразиялық топ әуелі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп скрининг жүргізген. Бұдан бөлек, Арқалық қаласында әлеуметтік зерттеулер жасалған. Қызметкерлердің ниет-тілектері мен болашақта жұмысқа орналасуға қатысты жоспарын білу үшін арнайы сауалдама жүргізілген.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен жоба жемісін беріп, Торғай боксит кен басқармасының қызметкері Виктор Суровцев жөндеу жұмыстарымен айналысатын ARQALYQREMSERVIС ЖШС құрды. Осылайша, ол бұрынғы 87 әріптесін жұмыспен қамтыды. Бұл ретте Еуразиялық топ бизнестің дамуына барынша септесу үшін жөндеу мехникалық жабдықтары учаскесінің негізгі ғимараты мен асханасын, сегіз техниканы жаңадан құрылған кәсіпорынның иелігіне қайтарымсыз бергенін айта кеткен жөн.
Былтыр Арқалық қаласында Торғай боксит кен басқармасының қызметкерлері үшін арнайы бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Онда қаладағы 15 компания мен ERG-дің өзге өңірдегі кәсіпорындары қызметтен босайтындарға жаңа жұмыс орындарын ұсынған. Нәтижесінде, 84 маман жұмысқа орналасты. Тағы 123 қызметкер ERG-дің өзге кәсіпорындарына – Краснооктябрь боксит кен басқармасына, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты мен «Шұбаркөл көмірге», Павлодар алюминий зауытына жұмысқа орналасты. 326 қызметкермен еңбек келісімшарты бұзылып, 126 қызметкер кен басқармасында соңғы жұмыстарға жұмылдырылған.
Компания өз міндеттемесін орындап, 180 гектар жерді қайта қалпына келтірмек. Оның 75 гектарын ARQALYQREMSERVIС компаниясы өңдемек. Бұған дейін кәсіпорын меншігінде болған әрі жергілікті атқарушы орган тарапынан қызығушылық тудырған компанияның активтері Арқалық қаласы әкімдігі мен кәсіпкерлерінің балансына тегін берілмек. Мәселен, кен басқармасының ғимараты жөнделіп, онда аймақтық аурухана ашу көзделген. Тағы бес нысан бизнесін кеңіткісі келіп отырған «Алюминстрой» ЖШС мен «Керейт» сынды жеке кәсіпкерлердің қолына өтпек. Темір жол жабдығын жөндеу учаскесі уақыт өте келе қазір жалға алып отырған ARQALYQREMSERVIC ЖШС-ның иелігіне өтеді.