Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы отандық жеңіл өнеркәсіптің 2020 жылғы қорытындысын жариялады. Былтыр салада 128,7 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл 2019 жылғы деңгейден 11 пайызға жоғары.
Жеңіл өнеркәсіптегі негізгі үлес тоқыма өндірісіне тиесілі – 70,8 млрд теңге. Одан кейінгі орында киім өндірісі тұр – 46,3 млрд теңге. Былғары өндірісінің көлемі – 11,6 млрд теңге.
Орталықтың мәліметінше, былтыр саладағы өнімнің нақты көлем индексі 115 пайызды құраған. Жеңіл өнеркәсіптің барлық бағытында өсім тіркелген. Мәселен, тоқыма бұйымдары өндірісінің нақты көлем индексі 104,5 пайызға тең. Бұл бағыттағы өсім мақтадан жасалған маталар (+59 пайыз), химиялық немесе штапельді талшықтардан жасалған маталар (+61 пайыз), өзге де тоқыма бұйымдар (+30 пайыз) өндірісі есебінен қалыптасқан.
Киім өндірісінің нақты көлем индексі 105,5 пайызға тең. Негізінен өсімге әйелдердің жұмыс киімінің 2,4 есе өсуі оң әсер еткен. Бұдан бөлек, өсімге өзге де жұмыс киімдері (+72 пайыз), тенниска, майка мен шорты, фуфайка және трикотаж бұйымдары (+43 пайыз) да өз үлесін қосты.
Былғары өндірісінің нақты көлем индексі – 231,1 пайыз. Өсімге спорттық, тұмсығында металл қорғанышы бар, әртүрлі арнайы аяқ киімдер шығару оң әсер берген. Сондай-ақ жақсы көрсеткіш былғарыдан жасалған аяқ киім өндірісінің 9 есе өсуіне байланысты. Бұған үлбір, иленген терілердің өсімін (+15 пайыз) қосыңыз.
Былтыр жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 2019 жылмен салыстырғанда 23 пайызға қысқарып, 131,9 млн долларды құрады. Біздің өнімдер негізінен Ресей, Қытай және Латвия елдеріне экспортталады.
2020 жылғы қаңтар-қарашада жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің импорты 1 млрд 562 млн долларға тең болған. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 2 пайызға төмен. Экспорттық және импорттық жеткізілімнің қысқаруы COVID-19 пандемиясына қатысты енгізілген карантиндік шараларға байланысты. Біз негізінен Қытай, Ресей және Түркия өнімдерін тұтынып отырмыз.
Өткен жылдың 11 айында елдегі жеңіл өнеркәсіп нарығының көлемі 1,7 млрд долларды құрады. Оның 8,4 пайызы – отандық тауар өндірісі. Ал импорттық өнімнің үлесі – 91,6 пайыз.
Жеңіл өнеркәсіп еліміздің төрт өңірінде – Шымкент және Алматы қалаларында, Түркістан және Алматы облыстарында жақсы дамыған. Шымкент республика өндірісінің 23 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Түркістан облысының үлесі – 14,4 пайыз, Алматы облысы – 13,2 пайыз, Алматы қаласы –10 пайыз.