• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Наурыз, 2021

Өңірдің өркендеуі – жолынан

271 рет
көрсетілді

Жол жағдайы көпке дейін Маңғыстаудағы өзекті мәселелердің бірі болып келген еді. Бірақ соңғы оншақты жыл көлемінде жүргізілген жұмыстар өңірдің жол сапасын едәуір жақсартты. «Қазіргі таңда көлік жолдарының 80%-ның сапасы жақсы және бұл көрсеткіш көптеген аймақпен салыстырғанда көш ілгері» дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалының мамандары.

Жалпы жол – салғырт қарайтын мәселе емес. Жол – экономиканың күре тамыры. Сондықтан жолды жөндеу – қашан да өзекті, ал жөнделген жолға күтім керек. Мамандардың айтуынша, жөнделген жолдарды бүлдіретін факторлар аз емес. Соның ішінде шамадан артық жүк артқан ауыр көліктер асфальт жолдарға зиян келтіруде. Жолдың ту-та­ла­қайын шығаратын ауыр көліктерге қатысты тексерулер үнемі жүргізіліп келеді. Мысалы, 2020 жылдың қаңтар-қазан аралығында көліктік бақылау инспекторларымен бірлесе жүргізілген рейдтік шаралар кезінде 1207 жүк көлігі тоқтатылып, салмағы тексерілген. Нәтижесінде мөлшерден көп жүк артып, заңды бұзған тұлғаларға 33 млн 90 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сондай-ақ Баянды мен Аташ ауылдарында болған шулы оқиғалар жолдарға құзырлы органдар тарапынан бақылауды күшейту қажеттігін көрсеткен болатын. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың шілде айында Мұнайлы ауданының Баянды ауылында болған жайт елдің назарын Маңғыстауға аудар­ды. Ауыл азаматтары әлі қатып үлгермеген жол төсе­мелерін қолмен көтергенде оның асты ештеңе тө­селмеген қуыс екені мәлім болды. Бұл жайт әлеуметтік желілерге лезде тарады. Осы оқиғадан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму минис­трі Б.Атамқұловтың тікелей тапсыр­масымен тексеру жүргізіліп, өрес­кел қателіктер анықталды. Жол ин­женерлері жобаның сметалық құжат­тарының толық еместігін, Баянды ауы­лындағы 6 көшеге ортақ бір ғана құжат жасалғанына көз жеткізді.

– Құжаттарда көшелердің ұзын­ды­ғы, төсемнің құрылымдық қа­бат­тарының ені мен қалыңдығы тура­лы бірде-бір ақпарат жоқ. Бұдан өзге, мердігер мекеме асфальт-бетон қоспаны төсеу кезінде де қателескен. Негізгі өңдеуге арналған битум шы­ғынын нормадан екі есеге аз көр­сеткен. Соның салдарынан асфальт төсемі мен астыңғы қабаты бір-бірі­мен дұрыс қабыспай қалған. Осы­ның барлығы жолды салушы мердігер мен қабылдап алушы әкімдік қыз­меткерлерінің кәсіби деңгейінің тө­мен­дігін байқатты, − дейді «Жол ак­тивтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облысы филиалының директоры Елтай Таялиев.

Көп ұзамай Баяндыдағы жолдың кем-кетігі толық түзелді. Кінәлі тұл­ға­лар жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ 2020 жылдың 23 қыр­күйе­гі күні Түпқараған ауданының Аташ ауылындағы Б.Ақ­самбаев көше­сіне асфальт төсеу кезінде газ құ­бы­ры жол ортасында қалып қойғаны жайлы ақпарат елді тағы дүрліктірді. Жолды жобалаушы серіктестік көше бойында төмен қысымды газ құбыры тұрғанын ұмытып кеткен. Оның орнын ауыс­ты­ру туралы техникалық талаптарды ауылды газбен жабдықтаушы меке­меге де жолдамаған. Жол салып келе жатқан жұмысшылар құ­бырды айналып өтпей, соның үсті­нен асфальт төсеп тастайды. Ұлт­тық жол сапа орта­лығының араласуымен газ құбыры аз уақытта жол­дың астына жі­бе­рілді. Өз ісіне салғырт­тық та­ныт­қан мерді­гер мекеме өз ақша­сына көшенің осы бөлігіне жаңадан асфальт төсеп шықты.

Маңғыстау облысында көлік жолдарын салумен айналысатын жеке мекеме басшылары өздеріне тапсырыс беруші әкімдіктермен байланыс жоқ­тығын айтады. Мәселен, тендер ұтып алған кәсіпорын өзіне нақты нұс­қау берілмегендіктен, жол құры­лы­сын өз білгенімен аяқтап шығады. Жол құрылысындағы кем-кетіктер осыдан шығады, ал зардабын кейін халық тартады.

Жол туралы сөз қозғағанда оның сапасы мен күтімінен бөлек, жол мамандары – өз алдына үлкен тақырып. Статистикалық деректерге сүйенсек, қа­­зіргі уақытта Қазақстанда орта есеп­­­пен 3 мыңға жуық маман қажет. Әсі­­ресе жол шеберлері, инженер-сме­­та­­шылар, зертханашылар, жол құ­ры­­лысы инженерлері, автогрейдер жүр­­гізушілері, механизаторлар, тағы басқа да мамандар жеткіліксіз.

Тіпті Маңғыстауда жергілікті атқа­ру­шы органдарда жол саласы бо­йынша жоғары білімі бар маман тапшылығы байқалуда. «Жол актив­терінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау облысы филиалы дирек­торының айтуынша, жергілікті әкімдіктердегі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен олардың бөлімдерінде барлығы 63 қызметкер жұмыс істейді. Алайда олардың арасында тек 16 адамның жол саласы бойынша жоғары білімі бар. Ал «Қарақия аудандық тұрғын-үй шаруашылығы, жолау­шылар көлі­гі және автомобиль жолдары» мем­лекет­тік мекемесінде 9 қызметкер еңбек етеді. Олардың арасында жол саласы бойынша дипломы бар адам жоқ. Ал «Бейнеу аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-де 9 адам жұмыс істесе, оның біреуі ғана «Көлікті пайдалану және жол қозғалысы мен тасымалды ұйымдастыру» мамандығы бойынша диплом алған. Сондай-ақ Маңғыстау аудандық тұрғын-үй шар­у­а­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінде 13 адам болса, оның біреуінде ғана «көлік, көліктік техника және технологиялары» бойынша диплом бар екен. Тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Мекемелердің қай-қай­сы­сы­нда да мамандар жеткіліксіз.

Жол мамандары мәселесін шешу үшін не істеу керек? «Жол актив­те­рінің ұлттық сапа орталығы» РМК басшылығы мектеп бітіруші түлек­термен кездесіп, жолшы мамандығына тарту мақсатында «1000 мектеп» бас­та­­масын жүзеге асыруды қолға алған.

– Қазақстанда жол саласы маман­дарын даярлау­мен 30-ға жуық уни­вер­­ситет пен 50-ге тарта колледж айна­лысады. Маңғыстауда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік техно­ло­гиялар және инжиниринг уни­вер­ситеті мен Х.Өзбекғалиев есімі берілген политехникалық колледж бар. Колледждің екі студенті ай сайын 60 мың теңгеден жоғары шәкіртақы алып, Ақтаудағы филиалда кәсіби білік­тілігін арттырып жүр. Оқуын бітір­ген соң біздің ұжымға қосылады деген үміттеміз, – дейді Е.Таялиев.

2020 жылдан бастап, «1000 мектеп» жобасы аясында мектеп түлек­те­рінің арасынан жыл сайын кемі 2-3 бала жол саласы мамандығын таң­­дайтын болса, таяу он жылда бұл саладағы маман тапшылығы мәсе­ле­сін түбегейлі шешуге болады екен.

 

Маңғыстау облысы