• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Наурыз, 2021

Қаршадай қызды қатыгездікпен өлтірген

1726 рет
көрсетілді

Наурыз мерекесінің қарсаңында Алматы қаласында жаға ұстатар жағдай орын алғанын газетіміздің сайтына жазған едік. Наурыздың 19-ы күні жұмыстан шыққаннан кейін хабарсыз кеткен Алматының 19 жастағы тұрғыны Аяжан Еділованың өлі денесі қаладағы пәтерлердің бірінен табылған болатын. Полиция аталған қылмысқа қатысты жаңа деректерді жариялады. Өрімдей қыздың өмірін қиған қаскүнем 1993 жылы туған Түркістан облысының тумасы екені анықталып отыр.

Дүйім елді дүрліктірген қанды оқи­ға енді қайталанбаса дейсің. Ай мен күннің аманында үкілеп отырған жал­ғыз қыздарынан айырылып қалған марқұмның жақындарын жұбатудың өзі қиын. Қоғамда қызу талқыланып жат­­қан қайғылы жағдайдың қалай өр­бі­­гені туралы Алматы қалалық по­ли­­­ция департаментінің мамандары егжей-тегжейлі айтып берді.

Бойжеткен, жедел-іздестіру ша­ра­ла­­ры барысында анықталғандай, Қо­на­ев көшесі 43-ші үйде орналасқан жұ­­мыс орнынан шығып, таксиге отыр­­­ған. Бейнебақылау камерасы қыз­­­­ды соңғы рет осы кезде түсіріп ал­­ған. Кейіннен мәлім болғандай, бой­­жеткен сол күні өзінің жаңа таны­сы­­мен кездесуге барған. Күні кеше қан­д­ы оқиға орын алған Нұркент ша­ғын ауда­нындағы көп қабатты үйдің кі­ре­бері­сіндегі бақылау камерасына Ая­жан­­ның күдіктімен бірге пәтерге өз еркі­мен кіргені жазылған жазба жа­рия­ланды.

«20 наурызда 102 нөміріне Ая­жан Еділованың із-түзсіз жоғалып кету фак­­тісі бойынша хабарлама түсті. Сол сәтте аталған факт тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, сотқа де­­йінгі тергеу басталды. 21 наурызда ар­найы тергеу тобы құрылып, Аяжан Еділованы іздеу жұмыстарына кі­рісті. 21 наурызда сағат 22.00-де Нұр­ке­нт шағын ауданында күдікті тұ­ра­тын пәтер мекенжайы анықталды. Ол жерге барған кезде полиция қыз­мет­керлеріне үйдің есігін бұзып кіру­ге тура келді. Тәртіп сақшыларын көрген кү­д­ікті өзіне қол салмақ болды. Жедел жәр­дем шақырылып, ауру­ха­наға жет­кі­зілді», деп мәлімдеді по­ли­ция­ның баспасөз қызметі.

Полицияға өз кінәсін мойындаған кү­дікті қызды 19 наурыздан 20 нау­рыз­ға қараған түні өлтіргенін айтқан. Оқиға түнгі сағат он екі-бір шама­сын­да орын алған. Ең сорақысы жә­бір­­ленушінің денесі бөлшектенген күйі табылды. Күдікті мәйітті жасыру мақсатында дененің бір бөлігін өзі тұратын Алатау ауданынан басқа ауданға апарып, қоқыс жәшігіне тас­та­ған. Қоқыс жәшігіне тасталған дене бөлшектеріне арнайы сараптама та­ғайын­далды.

«Жоғалғаны туралы ақпарат түс­кен­нен кейін жәбірленушінің кім­мен байланыста болғаны анық­тал­ды. Ол күдіктімен әлеуметтік желіде 16 нау­рызда танысқан. Қазір күдікті ер адам ауруханада. Ота жасалып, палатаға шы­­ға­рылды. Соттың шешімімен қа­мау­ға алу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды. Медициналық мекемеден шығарылған соң уақытша ұстау изоляторына қамалады. Мәлім болғандай, күдікті мен марқұм Аяжан Еділова кездескен кезде екеуінің ара­сын­да жанжал шыққан. Жанжал ке­зін­де бойжеткенді өлтіріп, қылмыс ізін жасыру мақсатында күдікті денені бөл­шектеген. Бұл аса қатыгездікпен жа­салған қылмыс. Денесінің кейбір мү­ше­сін 19-нан 20-на қараған түні қаланың әр бұрышындағы қоқыс жә­шік­­теріне лақтырып үлгерген. Жә­бір­ленушінің кейбір мүшелері үйден табылды. Күдікті 1993 жылы туған Түркістан облысының тумасы. Бұрын сот­талмаған. Оның қызды қандай тә­сіл­мен үйіне шақырғаны тергеу ба­ры­сында белгілі болады. Қыл­мыс­тық ко­декстің 99-бабының екінші бөлігі «Адам өлтіру» бойынша іс қозғалды», дей­ді Алматы қалалық полиция де­пар­­та­мен­тінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Полициядағылар күдікті мен жә­бір­­ленуші 16 наурызда желі арқылы таныс­қанын алға тартқанымен, олар­дың екеуара жазбаларының мәтіні сақталған-сақталмағанын құпия кү­йін­де қалдырып отыр. Жағдайдың тұ­тас қоғам назарына ілігіп отырғанын ес­керсек, күндердің күні жазба жария­ла­нар болса, жәбірленушінің ата-анасына ауыр соққы болуы мүмкін.

Қайғыдан қан жұтқан марқұмның туыстары қыздың жоғалғаны жөнінде ер­терек дабыл қағылса да, полиция дер кезінде іске кіріспеді деп налып отыр. Ал құқық қорғау қызметкерлері қыз­дың жоғалғаны жөнінде қоңырау түсе сала іздеуді бастап кеткендерін ай­тады.

– Полицияның салғырттығынан бір күні­мізді жоғалттық. Осы аралықта қа­нішер денені қасапшы секілді бөл­шек­теп тастаған. Күдіктінің мойындауына сенсек, әуелі өлтіріп, сосын жасыру үшін денені бөлшектеген екен. Бірақ суретті көргенде шошып кеттік, – дейді марқұмның туысы Алмат Мүліков. Қаршадай қызды айуандықпен азаптап өлтірген қыл­мыскер өлім жазасына кесілсе деген ол күдікті психикалық ауытқуы бар деген желеумен жазадан құтылып кет­песе дейді.

Расында күдіктінің психикалық ауытқуы бар-жоғы тергеу барысында анық­талар. Елді елең еткізген оқиғаға бай­ланысты бейтарап пікір білдірген пси­холог маманның сөзінше ақыл-есі дұ­рыс адамның мұндай айуандыққа баруы мүмкін емес.

–  Шынымен өте ауыр оқиға. Біржақ­ты пікір айту тым қиын. Мұн­­дай қылмысқа барған адамда маняк­тық ауытқу болуы әбден мүм­кін. Бұл ауытқуды айғақтық және жа­сы­рын деп екі топқа бөлсек күдік­ті­­нің әре­ке­тін жасырынға жат­қы­за­мыз. Кан­ни­бализмнің сипаттары да бай­қа­ла­ды. Бала күнінде алған пси­хи­ка­лық жа­ра­қа­ты, әйел затына деген өкпе-реніші, псиХикалық соққы бәрі осыған себеп бол­уы ықтимал. Мұн­дай ауытқуға ұшы­раған адамдар, әсіресе көктем, күз ай­ларында қоза­ды. Ата-ана мейіріміне қанбаған, сәтсіз махаббатқа ұшыраған, жаны жаралан­ған жандар тасжүрекке айналуы мүмкін. Бұл біздің психолог ретін­дегі жорамалымыз ғана. Дене мүшелерін кесіп алу жүйке көтеретін жүк емес. Тағы бір айта кетер жайт, қанның адам пси­хи­касына қатты әсер ететін қасиеті бар. Тергеу нәтижесі аяқталғаннан кейін толық мән-жай белгілі болар, – дейді Алматы облыстық Кәмелетке тол­мағандар істері жөніндегі сотының инс­­пектор-психологы Маржан Еліқұлова.

Қоғамға үрей туғызған жан түр­шік­ті­рер жағдай туралы айтуға аузың бармайды. Ең өкініштісі, мұндай жайт алғаш рет орын алып отырған жоқ. Жо­ғары білімі бар азаматтың адам айт­са нанғысыз қа­тыгездікке қалай бар­ғаны қайран қалдырады. Істің ақ-қа­ра­сы анық­талып, қылмыскер тиісті жа­засын ала жатар...

 

АЛМАТЫ