Аудан орталығындағы әуесқойлар жеңіл атлетика клубының мүшелері 76 шақырымдық марафон ұйымдастырды. Мақсат – спорттық шара өткізу арқылы нашақорлықтың алдын алу, жастардың бойында есірткіге қарсы тұра алатын берік иммунитет қалыптастыру қажеттігін жүгіру арқылы көрсету.
Марафон қатысушылары екі қашықтықты таңдады. Қатысушылар жарыс жолына таңғы 7:00-де Баянауылға кіреберіс жолдағы стелла алдынан аттанды. Жүгіру марафоны «Баянауыл – Жасыбай – Торайғыр, Торайғыр – Жасыбай – Баянауыл – Әулиебұлақ – Торайғыр ауылына кіреберістегі бұрылыс – республикалық Баянауыл – Павлодар автожолы бойы бағытындағы қашықтыққа арналды.
Клуб мүшелері, аудан спортшылары Нұрсұлтан Бірлік, Таңат Бердалин, Нұржан Айтмағамбетов, Олжас Кәкімжанов ұйымдастырған марафонға баянауылдық жастардың бастамасын қолдап, Павлодар қаласынан 59 жастағы Евгений Белов, Ақсу қаласынан Сергей Хихлуха, Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданынан Арман Әзімжанов секілді спортшылар да келді.
Евгений Белов, Арман Әзімжанов, Нұрсұлтан Бірлік пен Олжас Кәкімжановтар 76 шақырымды толық жүгіріп өтті. Нұрсұлтанның айтуынша, олар марафон барысында 50 шақырымнан кейін аялдау бекетіне тоқтаған. Сәл үзілістен кейін, сусын ішіп әлденіп, аздап қимыл жаттығуларын жасаған. Үзілістен кейін Евгений Белов пен Нұрсұлтан Бірлік, Баянауыл ауылдарындағы «Мәңгілік алауға» келіп тағзым жасады.
– Жүгіру барысында бізге суық жел де, жауған жаңбыр да соншалықты кедергі болмады. Интернеттен әйгілі марафоншы, жерлесіміз Марат Жыланбаев жайлы деректі фильм көріп, жігерленіп алдық. Ауыл жастарына бос уақытты спортқа, жаттығуларға арнайық дегіміз келеді. Алдағы уақытта да ауданда әртүрлі спорт жарыстарын өткізу жалғасады, – дейді Нұрсұлтан.
Қатысушылар марафонда, түскі үзілісті қоспағанда, 10 сағат уақыт жүгірді. Ол кешкі сағат 19:00-де аяқталды. Барлық қатысушылар жүгірісті ешқандай жарақатсыз, оқыс оқиғасыз өткізгендеріне қуанышты екендерін айтып, бір-бірін құттықтады.
Мәреге жеткен марафон қатысушыларын аудандық Қорғаныс істері бөлімінің басшысы, подполковник Асыл Шадиев, спорт ардагері, аудандық орталық стадион директоры Әбдіхамит Сұңқарбеков марапаттады. Ұйымдастырушылар Евгений Беловқа аудан жастары атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.
Ал облыстық Полиция департаменті спорттық шара өткізу арқылы нашақорлықтың алдын алу, жастардың бойында есірткіге қарсы тұра алатын берік иммунитет қалыптастыруды жүгіру арқылы көрсеткен марафоншы жастарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы