• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 30 Наурыз, 2021

Жасыл желек жанға сая

843 рет
көрсетілді

Жалпы, Жамбыл өңірін, сондай-ақ Тараз шаһарын жасыл желекпен көмкеру, сол арқылы сәулетін арттыру күн тәртібіндегі жоспардың бірі. Қазіргі кезде қала көшелерінде және ауылды жерлерде тал отырғызу дәстүрге айналған. Көктем келіп, айнала түрленген шақта бұл үрдіс тіпті жандана түсті. Мәселен, «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында облыс орталығының Төле би көшесіндегі индустриялы аймақта ағаш отырғызу акциясы да биыл өз жалғасын тапты.

Негізінен Тараз еліміздегі жасыл желекті қаланың бірі. Қазіргі кезде экологиялық мәселелерді шешуде және көне шаһардың елдегі ең жасыл қалалардың бірі ретіндегі танымалдылығын сақтап қалу мақсатында тал егу жұмыстары белсенді түрде жү­зеге асырылуда. Айталық, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс бойынша 140 мың көшет отырғызылған. Ал Тараз қала­сына қарасты «Барысхан», «Шөлдала», «Тайвань» алқап­тарын, сондай-ақ қаланың 13 және 15-шағын аудандарын да көгалдандыру жұмыстары ұйым­­­дастырылды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есен­алиевтің айтуынша, жалпы 10 гектар аумаққа 12 мың көшет егіледі деп жоспарланған екен. Аталған жоспар көктемнің көкөзек ша­ғында лайықты жүзеге асуда. Өңірде жасыл желектендіру үр­дісі «Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығына – 30 мың ағаш» акция­сы аясында жүзеге асырылуда. Дегенмен, осы жылы Тараз қаласында 46 мың көшет отырғызылады.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 276,8 мың түп ағаш отырғызылған. Оның ішінде 88,5 мың түп қалалар мен елді мекендерде егілген болса, 29,4 мың көшет білім беру ұйымдарында, ал 159 мың сексеуіл көшеті орман қоры жерлерінде егілген. Аталған акцияға 53 мың жамбылдық қатысып, аймақты көгалдандыруға өз үлестерін қосуда. Мәселен, қараағаш, терек, туя, боз арша, шырша, қарағай, жеміс ағаштары, тал ағашы жә­не қылқан жапырақтылар сияқ­ты жасыл екпелерге бүгінде ба­сымдық беріліп отыр. Бұл ретте құрғақ аймақтарда сексеуіл ағаш­тары да отырғызылуда. Ал оның көшеттері облыстық та­биғи ресурс­тар және табиғат пай­далану­ды реттеу басқар­масына қарасты орман шаруа­шылығы және жануарлар дү­ние­сін қорғау мекемелерінің тә­лімбағынан жет­кізілген.

Сонымен қатар қала, аудан аумақтарындағы «Таза су айдындары» акциясы аясында да Ақкөл, Билікөл көлдері мен Талас өзенінің бойын, «Бөгеткөл» су айдындарын тазалау және «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту» акциясы аясында бірқатар елді мекен төңірегіндегі су нысандарын, су арналарын қоқыстан тазарту жұмыстары да жүргізілуде.

 

Жамбыл облысы