Денсаулық сақтау министрлігінің 29 наурыздағы мәліметі бойынша, 23 797 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 8 102 пациент стационарда, 15 695 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Сонымен қатар 351 адамның жағдайы ауыр, 79 пациенттің жағдайы өте ауыр, 43 науқас ӨЖТ аппаратында жатыр.
Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел аймақтарындағы эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасын жариялады. 2021 жылдың 29 наурызындағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау және Батыс Қазақстан облыстары «қызыл аймақта» тұр. «Сары аймақта» Ақтөбе, Алматы және Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған барлық өңір – «жасыл аймақта».
Алматыда коронавирустың «оңтүстікафрикалық» және «британиялық» штамдары тіркелуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихаты барысында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева мәлімдеді.
«Әлемдегі эпидемиялық ахуалға шолу жасап қарасақ, соңғы 15 күннің ішінде жағдайдың тұрақсыздығы байқалады. Бүгінде 127 млн-нан астам вирус жұқтыру жағдайы тіркелген болса, оның 2 млн-нан астамы қайтыс болған. Қазақстанда коронавирус инфекциясының циркуляциясын және қауіп-қатер тобының арасында қандай қатер барын анықтау мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл елімізде экспресс-ПТР скрининг әдістемесі енгізілген. Осы зерттеу нәтижелерінің былтырғы және биылғы наурыз айындағы жағдайын ескерер болсақ, әлем елдерінде анықталып жатқан коронавирустың «британиялық», «бразилиялық» және «оңтүстікафрикалық» штамдары анықталмаған болатын. Алайда соңғы мәліметтерге сүйенсек, Алматыдағы науқастар арасында «оңтүстікафрикалық» және «британиялық» штамдар анықталған», деді А.Қуатбаева.
Ол науқастан штамдар анықталса да, анықталмаса да азаматтар қарапайым сақтық шараларын естен шығармағаны жөн екенін еске салды. Оның айтуынша, коронавирусты жеңудегі ең тиімді әдіс – вакцина.
«Бүгінде әлемнің бірқатар елінде коронавирусқа қарсы вакциналау шаралары жүргізіліп жатыр. Қазақстанда вакцинаның бірінші компонентімен қамтылған азаматтар саны 122 701-ге жетсе, екінші компонентімен қамтылған азаматтар саны 31 422-ге жеткен. Осы орайда Ресейден алынған Спутник V вакцинасы ең тиімді әрі қауіпсіз вакциналардың қатарына жатады. Бұл вакцинаның тағы 150 мың дозасы әкелінеді деп күтілуде», деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының м.а. Манар Смағұл «британиялық штамда» өлім-жітім қаупі жоғары екенін айтты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша 2021 жылғы 26 наурыздағы SARS-CoV-2 вирусының «британиялық штамы» әлемнің 125 елінде, «оңтүстікафрикалық штамм» 75 елінде, «бразилиялық штамм» 41 елінде анықталды. Яғни бір апта ішінде «британиялық штамм» әлемнің тағы 7 елінде анықталды. Вирустың мутация ықтималдығы адамдардың жұқтыру жиілігінің жоғарылауымен артады.
– Коронавирустың жаңа штамдары мен бастапқы штамның белгілері бірдей, яғни вирустың бұл түрін жұқтырғанда да қызба, жөтел және дәм мен иіс сезу мүмкіндігі жоғалады. Ұлыбритания мамандарының айтуынша, коронавирустың жаңа «британиялық штамы» жөтел, қатты шаршау, бұлшықеттегі әлсіздік сияқты белгілермен сипатталады, бірақ иіс сезу аз байқалады, – деді Манар Смағұл.
Манар Асырқызының айтуынша, ДДҰ мәліметтеріне сәйкес жаңа штамдар бұрынғыға қарағанда 41%-ға жоғары репродуктивті болып келеді. Яғни вирустың бұл түрінде адамдарға барынша вирус жұқтыру қабілеті, сондай-ақ «басқа айналымдағы штамдарды тез алмастыру қабілеті» жоғары екені байқалған. «Британиялық штамда» ауруханаға жатқызу, ауыр ағым және өлім-жітім қаупі жоғары екені анықталып отыр.
«Сол себепті вирустың таралуына тосқауыл қою үшін қажетті шаралардың барлығын қолдану керек. Оның ішінде вакциналау да бар. Бүгінде республикада COVID-19-ға қарсы вакциналау қолжетімді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бірінші сәуірден бастап вакциналауға жататын контингент көбейеді. Өйткені айдың басында қосымша 150 мың доза және бір айдың ішінде шамамен 1 млн доза жеткізу жоспарлануда», деді ол.
Айта кететін жайт, елімізде өткен тәулікте 788 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Жалпы жазылғандар саны – 217 168.