• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Наурыз, 2021

Үш өңірде көктемгі егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр

408 рет
көрсетілді

Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздің 3 өңірінде көктемгі егіс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

«Осы жылдың 29 наурызындағы жағдай бойынша Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, 67,7 мың гектарға жазғы масақты дәнді дақылдар, 6,5 мың гектарға картоп, 10,3 мың гектарға көкөніс дақылдары, 18,7 мың гектарға көпжылдық шөп егілді. Облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, бүгінде 2,4 млн тонна тұқым құйылған. Бұл жоспардың 100,2 пайызы», деді министр.

Министрдің айтуынша, 2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд теңге бөлінді. Бұл элита тұқымдарын қолдану мөлшерін 7,4 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

«Минералды тыңайтқыштар сатып алуды субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджетінен 26,1 млрд теңге көзделген. Осының арқасында минералды тыңайтқыштар қолдану мөлшері 3,3 пайызға артты. Облыс әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша бүгінде республика диқандарына көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 117,6 млн тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген. Қазіргі уақытта Алматы, Қостанай, Жамбыл, Түркістан облыстарында субсидиялауға арналған өтінім қабылданып жатыр. Жақын арада өтінім қабылдау Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталады. Қалған облыстарда субсидиялар тізбелері мен нормаларды бекіту жұмыстары аяқталып қалды», деді ол.

Сапархан Омаровтың дерегінше, биыл пестицидті субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджетінде 30,6 млрд теңге көзделген. Бұл былтырғы жылға қарағанда 15,8 пайызға көп және қолайлы фитосанитарлық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.